Ақпарат

Бішкекте Бигелдиновке құрмет көрсетілді

Қаралды: 496

Таяуда Бішкек қаласының «Жас Гвардия» гүлзарында Кеңес Одағының екі дүркін Батыры, «Барыс» орденінің иегері Талғат Бигелдиновтің ескерткішіне гүлдесте қою рәсімі болды. Рәсім Ұлы Жеңістің 72 жылдығына арналды.

Бұл салтанатты іс-шараға қала тұрғындары, мектеп оқушылары, қазақ диаспорасының өкілдері, батырдың туысқандары, Бішкек қаласының вице-мэрі, ескерткіш орналасқан қалалық Ленин ауданының әкімі, Қазақстанның, Ресейдің Қырғызстандағы елші­ліктерінің жауапты қызметкерлері қатысты.

«Қырғызстан қазақтары даңқты батыр жерлесіміз Талғат Бигелдиновтің есімін әрдайым мақтан тұтамыз. Оның өшпес ерлігі бізге, әсіресе жас буынға өнеге болып қала береді. Батырдың өмір жолының жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызы зор», – деді бізбен сұхбаттасу кезінде іс-шараның ұйымдастырушысы – Қырғызстан халық ассамблеясындағы Қырғызстан қазақтары қауымдастығының төрағасы, Талғат Бигелдинов атындағы қоғамдық қордың президенті Еркін Бөлекбаев.                                                           

Талғат Бигелдинов 1922-жылы 5 тамызда Қырғызстанның  Майбалық ауылында дүниеге келген. Әкесі, жылқышы Жақыпбек Қырғызстанға қоныс аударғанда ол Пішпекке (Бішкектің сол уақыттағы атауы, 1926 жылдан бастап Фрунзе атанған) ат қомында, құндақтағы кезінде барған екен. Осында туу туралы куәлік алған.

Талғат Фрунзеде орта мектепті және ДОСААФ-тың аэроклубын бітіріп, 1940-жылы Ресейдің Саратов  қаласындағы әскери авиация мектебіне оқуға түседі. Оны тәмамдаған соң Чкаловтағы бомбалау­шы ұшқыштар мектебін аяқтайды. Сол жерден қан майданға аттанған.

Талғат Бигелдиновтің әскер мектебіне қалай түскендігі жөнінде естелігі бар. Саратовтағы әскери оқу орны алғашқыда оны алмай қояды. Қысылтаяң сол сәтте үйінде апасы сандықта мұқият сақтап жүретін құжат балаң жігіттің есіне түседі.

Әкесі Жақыпбек тәркіленуден қашқан байдың үлкен үйір жылқысын айдасып 1922-жылы Қырғызстанға келген екен. Қытайға қарай асуды көздеген бай қызыләскерлерден қорқып, малын тастап қашып кетеді. Жақыпбек көп ойланбастан жылқыларды қызыләскерлердің қарамағына тапсырады. Сонда Орта Азия командармы Михаил Фрунзе Жақыпбек Бигелдиновке Кеңес үкіметі тарапынан оған қашан да қолдау көрсетілетіні жөнінде кепілдеме ретінде Алғыс хат жазып, өзі қол қойып, мөрін басып берген екен. Талғат Фрунзе қаласына қайта келіп, сол хатты алып, оқу орнының басшысына апарып көрсеткен. Оны оқыған бастық отырған орнынан ұшып тұрып: «Сіз оқуға алындыңыз!» – деген ғой.

...КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы М.Калининнің 1946-жылғы Жарлығына сәйкес, Бішкек қаласында батырдың қоладан құйылған ескерткіші тұрғызылған.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ.

Бішкек қаласы.

Суретте: Талғат Бигелдиновтің Бішкекте тұратын жиеншары – әпкесі Гүлрайханның немересі Мүнира Камалова батыр нағашысы туралы әңгімелеп тұр.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру