Ақпарат

Ақылман аға, ұлағатты ұстаз

Қаралды: 243

Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) бір хадисінде: «Үмбе­тімнің арасында екі түрлі топ бар. 

Егер бұлар жақсы болса, көпшілік те жақсы болады. Бұлар жаман болса, жұртшылық та азады. Олар – басшылар мен мұғалімдер», – деген екен. Сол айтпақшы, менің өмір жолымда көпке көшбасшы болып, ел қамын ойлаған адамдар өте көп болды. Олардан көп үлгі алдық. Соның ішінде нағыз азаматтық тұлғасымен маған үлгі болып, әрі ұстазым, әрі ақылман ағам болған Төлепбек аға Назарбековтің (суретте) орны бөлек.

Ғасырдан ғасырға жетіп, таза да тұнық тәрбиенің бастауы болған қазақтың бар дәстүр-салтын, қазақтың бар тыныс-тіршілігін бес саусағындай жетік білген, даналығы дархандығымен, сабырлылығы салиқалы ойымен, ақжарқын мінезі адалдығымен ұштасып жатқан Төле­кеңнің жанында талай жыл бірге жүріп, бірде іні, бірде дос, бірде сырласы болдым. Ол кісі көп жерде мені еркелетті, қай ортада болсын төрден орын бергізіп, жанына алып жүрді. Ағайын арасындағы даулы мәселе­лерді шешуге баулып, кейбір мәселелердің соңғы нүктесін қоюды көбіне маған жүктеп отырды. Халыққа билік айтуды ғана емес, халықты құрметтеуді де сол кісіден үйрендік, ғибрат алдық. Қай ортада өзіңді қалай ұстау керек, кіммен қалай сөйлесу керек, қай жерде қандай сөз айтқан орынды – бәрін осы кісінің жанында жүріп көңілге тоқыдым. Бір сөзбен айтқанда, ол кісінің жанында жүрген әрбір сәтім баға жетпес өмірлік сабақтарға толы болды.

Кеңестік тәрбиенің шекпе­нінен шыққандардың бірі болса да Төлепбек аға жүре­гіндегі иманы ешқашан тұн­шық­паған таза жан еді. Алла алдындағы парыздарын да мінсіз орындады. Қажылық сапарға бара жатқанында өзім ағайынның басын қосып, Төкеңді осы ізгі сапарға жолын жасап шығарып сал­ған едім. Сол жолы елдің ол кісіге деген пейілі мен шексіз құрметіне тағы бір көз жеткізген болатынмын.

Әрине, пенде болған соң адам баласы мінсіз бола алмайды. Төлепбек ағаның да кейбір әлсіз тұстары болғанын жасыра алмаймын. Кейде қатты кетіп қалатын кездері де болды. Бірақ оның да өз себептері бар еді. Мысалы, ол өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай етіп жеткізетін өтірікші, суайт, өсекші адамдарды жек көретін. Жарамсақ, жағымпаздарды да суқаны сүй­мейтін. Ондайлардың кінәсін бетіне шыжғырып басып, іргесін бірден аулақ салуға тырысатын. «Тура биде туған жоқ» дегендей, осындай турашылдығы үшін оның сыртынан небір ғайбат сөз­дерді айтушылар да болмай қалған жоқ. Бірақ ондай жүрегі ақ, пейілі кең, иманы кәміл жанды мен бұрын-соңды кездестірген емес­пін.

Төлепбек ағаның қарапайым халықтың арасында ғана емес, әртүрлі деңгейдегі әкім-қаралардың алдында да абырой-беделі биік болатын. Көптеген тағдыршешті маңызды шаруаларда өңір басшыларының Төкеңмен ақылдасып, кеңесіп пішіп жатуы аз болмайтын. Тіпті егемен мемлекетіміздің тұңғыш  Пре­зи­­денті, мына ұлы даланың озық туған перзенті Нұр­сұлтан Назарбаев та ол кісіні өте жақсы білетін. Нұрекең облысқа ат басын бұрған әр сапарында міндетті түрде Төлепбек ағаның жа­нында еріп жүруі дәстүрге айналған-тын. Жай ғана еріп жүрмей, елдің атынан, қария­лардың атынан, ел зиялыларының атынан сөйлеп, көптің көкейіндегісін ел басшысына жеткізетін. Және ол кісінің халықтың мүддесін көздеген әрбір бұйымтайы Елбасының назарынан тыс қалмай, оң нәтиже беріп жататын. Мұның өзі Төкеңнің абыройының қаншалық биік болғанынан хабар берсе керек.

Өз басым Төлепбек аға­ның жергілікті әкімдерге ықпалының қандай күшті болғанына бір емес, бірнеше рет көз жеткізген адаммын. Соның бірі өз басыма қатысты мәселеде.

Ол кезде мен Шымкент ет комбинатын басқарып жүр­ген болатынмын. Енді өмір болған соң біреуге жағасың, біреуге жақпайсың. Шамасы, осыған дейін кәсіп­орынның дүниесіне өз мүл­кіндей қол салып, аста-төк өмір сүріп қалған кейбір қызметкерлерге менің қатаң талабым ұнамай қалған болуы керек, облыс әкімінен бастап министрлікке дейін үстімнен арыз боратып жібе­ріпті.

Содан комиссиядан комиссия келіп, тексе­рістің астына алды. Ісімнен еш­қандай шалалық таппаса да жұмысыма кедергі келтіріп, аяқтан шалу көбейді. Әрине, сол кездері мені ағалық қамқорлығына алып жүрген Төлепбек аға да бұл жайдан хабардар болды. Содан ол кісі сол тұстағы облыс әкімі Марс Фазыл­ұлының алдына бармай, керісінше, оны үйіне шақырып алып: «Мына істеп жүрген тірлігің не? Қолынан іс келетін адамның аяғын неге тұсайсың? Мен саған ол жігітті бер­мей­мін», – деген көрінеді. Мен бұл туралы кейін көлденең адамдардан естіп білдім.

Айтайын дегенім, Марс Фазылұлы Тө­кеңнің үйіне қорыққанынан барды дей алмаймын, оның да тектілігі, үлкенді сыйлағаны осыдан-ақ көрінер. Әйтпесе ол кісінің де абырой-беделі бір басына жетіп-артылатын. Солай бола тұра Төкеңдей азаматтың алдында үлкен басын кішірейтіп, шаңырағын сыйлап, сөзіне құлақ түргені де үлкен кісіліктің белгісі ғой деп ойлаймын.

Жалпы, Төлепбек аға ол ғана емес, қандай деңгейдегі басшы болсын қаймықпай алдына батыл кіріп, ойындағысын ашық айтып, ұсыныс-тілектерін жеткізуден еш­қашан қашпайтын. Соның бәрінде өзінің жеке басының емес, елдің, жердің қамын, халықтың қажетін жеткізіп жүруші еді. Шіркін, ондай көп үшін туған асыл ерлер заманында бір ғана дүниеге келеді ғой...

Төлепбек өмірінің соңғы он жыл шамасында қазақтың біртуар ұлдары Дінмұ­хамед Қонаевпен, Асанбай Асқаровпен барыс-келіс жасап, етене араласты. Бұл тұлғалар Төкеңнің үйінде бір­неше мәрте болды. Ағамыздың арқасында сол ұлылардың ұлағатты әңгімесін тыңдап, дәмдес болғаным мен үшін бір ғанибет.

Жарықтық көкеміз сексен жасына жетпей, арамыздан ерте кетіп қалды. Биыл мамыр айында ол кісінің 90 жылдығын атап өтсек деген ниетіміз бар. Өткізгенде ағайын-туыс арасында ғана емес, мемлекет деңгейінде, алыс-жақын дәм­дес, тұздас, қызметтес, пікір­лес болған жандардың басын қосып, үлкен бір шара ұйымдастырсақ па деген ойымыз бар.

Аяулы ағамыздың жат­қан жері жайлы болып, топырағы торқа болсын. Артында қалған ұл-қыздарына Алла-тағала ұзақ ғұмыр беріп, әке ізін жалғаған біртуар азаматтар бола берсін деп тілейміз.

Ағабек СҮГІРӘЛИЕВ,

«Жаныс баба» қоғамдық қорының төрағасы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру