Алаш арыстарына ескерткіш орнатылса...

15.05.2017
Қаралды: 804

Шымкент қаласының тұрғыны, кейінгі бірер жылдан бері еліміздің экономикасына инновациялық технологияларды енгізудің жаңа 

тәсілдері бойынша ғылыми жұмыстармен айналысып жүрген азамат Ержан Қалдыбаев туралы біз кезінде газетімізде жазғанбыз. Оның өз қаражатынан ұлтымыздың біртуар тұлғалары Дінмұхамед Қонаев пен Асанбай Асқаровтың бірге тұрған ескерткішін жасатқанын айтқанбыз. Ерекең содан бері де біраз шаруаларды атқарып тастапты.

Фатима апамыз көзіне жас алыпты

Ержан Қалдыбаев таяуда Шымкент­тегі «Отырар» кітапханасында Дінмұхамед Қонаев пен Асанбай Асқаров бұрышын ашты.

«Өткен 12-қаңтарда Д.Қонаевтың туылғанына 105 жыл толды, ал алдағы 15-қыркүйекте А.Асқаровтың туылғанына 95 жыл толады, – дейді Ержан Әбдімәлікұлы. – Осы екі тұлғаны еске алып әрі рухына құран бағыштау мақсатында Шымкентке олардың туыстарын арнайы шақырдым, облысымыздағы Қонаев пен Асқаровтың көзін көрген, қызметтес, сыйлас болған 40 шақты кісілерге арнайы шақыру қағаз тараттым.

Бұл бас қосуға Қонаевтың туыстары келді, Асқаровтың отбасы толық қатысты. Сондай-ақ жиында бүгінде жасы 80-нен асып отырған Мүсілімбай Дайырбеков пен Маралбай Ысқақ та болды. Өкінішке қарай, шақырылған басқа адамдардың көбі кейбір себептерге байланысты бұл іс-шараға қатыспады, ақпарат құралдарынан да ешкім тырс етпеді. Осыған байланысты біраз кісілерге көңілім қалған жайы бар.

Қазақ негізі қарияларын сыйлаған халық қой, бұрын қандай даулы мәселе болса да арадағы сыйлы ақсақалдардың бір ауыз сөзімен шешілетін болған. Халқымыздың бойында бұдан басқа да асыл қасиеттері мол еді. Бүгінде үлкенге ілтипат, инабаттылық, кішіпе­йілділік сияқты көптеген жақсы қасиеттеріміз жойылып барады. Ба­уырмалдық жоқ, қазақ бір-біріне жау сияқты қарайтын болды, әркім өзінше көкірек керген біреу, қарияларымызды ешкім тыңдамайды.

Менің аталған шараны ұйымдастырудағы мақсатым – қариялардың батасын алу, алдыңғы толқын ағалардың игілікті істерін кейінгіге насихаттауға атсалысу, осыған бір бетбұрыс жасауға серпін беру еді. Мұны мен біздің үлкен парызымыз деп білемін.

Өкінішке қарай, «Отырар» кітапха­насында ұйымдастырылған іс-шарада Қонаев пен Асқаровтың туыстарынан өзге үш-төрт адам ғана болды. Ол кісілер алдында біздің үйдегі құранға қатысқан, Димаш ағамыз бен Асанбай ағамыздың бірге тұрған ескерткішін көрген, риза болып, батасын берген еді. Ал ол ескерткіштердің тиісті жеріне орналастыру мәселесі шешілмей, ауламызда тұрғанына биыл төртінші жыл болып барады,

Биыл жасы 92-ден асқан Фатима апамыз осы іс-шараға жарының көзін көрген біраз жандардың келмегеніне көңілі қоңылтақсып, көзіне жас алып қалды. «Жақсылығың Құдайдан қайтсын! Асанбай қызметте жүргенде жас бала екенсің, енді мынадай істі қолға алыпсың, рахмет. Жалпы, менің елге ешқандай қапалығым, өкпем жоқ», – деді ол кісі.

Кейін маған: «Бізге неге айтпадың? Барар едік, Фатима апамызбен амандасып, батасын алар едік қой», – деп бес-алты азамат хабарласты. Мен оларға бұл іс-шараны Қонаев пен Асқаровтың көзін көрген, қызметтес, сыйлас болған қарияларды ғана шақырып, құран оқыту үшін ұйымдас­тырғанымды айттым».

Дүниежүзілік түркі құрылтайы өткізілуін қалайды

Алдағы желтоқсан айында Алаш автономиясының іргесі қаланғанына 100 жыл толмақ. Яғни осыдан тура бір ғасыр бұрын Алаштың бас көтерер азаматтары Ресей құрамындағы дербес Алаш Автономиялы Республикасын құрған болатын. Кейін ол жо­йылды, Алаш арыстарының бәрі де 1937-жылғы жаппай саяси қуғын-сүргін кезінде «халық жауы» деген жаламен атылды. Осыған орай Ержан Қалдыбаевтың тағы да бір көтеріп жүрген мәселесі – Түркістан қаласында Алаш арыстарына үлкен ескерткіш-кешен орнату.

«Әзірге бұған қатысты мемлекеттік бағдарлама жоқ, – дейді Е.Қалдыбаев. – Сондықтан мен бұл жөнінде әлеуметтік желілерде жаздым, ұсынысымды қолдап біраз зиялы қауым өкілдері өз пікірлерін білдірген болатын.

Әлихан Бөкейхановтың: «Түркістан – қазақтың алтын қазығы, Түркі әлемінің алтын бесігі. Қазақтың өркендеуі осы киелі, рухани астана Түркістаннан бас­талады» деген сөзі бар. Осы сөз бүгінде аяқасты болып, ұмытылып бара жатыр.

1937-жылы қазақтың қаймағы саналатын көптеген асыл азаматтарымыз атылып кетті. Соларға Түркіс­таннан үлкен ескерткіш-монумент салынса, оның ашылу салтанатына түркі мемле­кеттерінің басшыларын шақырып, түркі халықтарының 1-ші Дүние­жүзілік құрылтайын өткізсе, оны Елба­сы сөз сөйлеп ашса деген ұсыныс бар.

Болашақта жазуымызға латын ал­фавитін ендірмек болып жатырмыз. Экономикалық жағынан біраз қиындығы болғанымен жаһандық тұрғыдан алып қарағанда ол өте дұрыс. Бізге ол түркі әлемімен бірігуге жол ашады.

Геосаяси жағынан алып қарағанда қазір біз екі алып мемлекеттің – Ре­сей мен Қытайдың ортасындамыз. Жеріміз үлкен, халқымыз аз, қандай да бір қауіп төнбей тұрмайды. Сондықтан біз түркі әлемімен бірігуіміз керек. Бұл менің идеям емес, ол – сонау 1920-жылдары Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейхановтар көтерген идея. Сол идеяны соңына дейін жеткізіп, іске асырсақ деген арман бар. Іс жүзінде орындалса одан еліміз ұтылмас еді, ешкім де ұтылмас еді».

Шымкенттік азамат осылай дейді. Бұл мәселеге қатысты ол таяуда Мұрат Әуезовпен кездеспек екен.

«Мұрат Мұхтарұлы зиялы ақсақалдарымыздың бірі ғой, асылдың тұяғы. Ол кісінің саясатпен ісі жоқ. Ой-толғамдарын тыңдап, пікірлесіп қайтпақ ниеттемін», – дейді Ержан Қалдыбаев.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ