Ақындарды алалау – жүректерді жаралау!

12.05.2017
Қаралды: 1082

Түркістан қаласында ақын-жазушылардың қатысуымен айтулы бір іс-шара өткізіліп жатыр деген ақпараттан хабардар болдық. 

Онда «Түрксой» атты беделді халық­аралық ұйым үлкен форум өткізетіні, сөйтіп қолына қалам ұстап, руханият саласында еңбек сіңіріп жүрген  азаматтар­ға құрмет-қошемет көрсетіп, сый-сияпаттар жасайтыны жөнінде айтылуда.

«Той дегенде қу бас домалайды» деген ғой, бұл оқиғаға орай қаламгер атаулының бәрі де ерекше елеңдеп отырғанын естіген едік.

Алайда іле-шала бұған қатысты өкпе-реніштерді де құлағымыз шала бастады. Бізге хабарласқан азаматтар Түркістандағы іс-шараға шақырылғандардың облыстағы тізімі түзілген кезде көрер-көзге алалаушылық орын алғанын айтып, қынжылды.

Айталық, облыстағы үлкенді-кішілі менмін деген айтыс ақындарының бәрін дерлік қамтыған бұл тізімге бүкіл Алаш жұртын аузына қаратып келген ақиық айтыскер ақын Ақмарал Леубаева енбей қалыпты. Турасын айтсақ, тізімге оны енгізбей қойыпты. Тізімде елге есімі онша танымал емес ақындар да жүр, бірақ Ақмарал жоқ. Бұл сонда қалай болғаны?

Тағы бір мысал. Шымкентте Нұрхан Сұлтанбайұлы деген ақын бар. Оны көзіқарақты жұрттың бәрі де біледі. Кезінде ол елім, жерім деп Қытайдан келген қандас бауырымыз. Оңтүстікке әлдеқашан сіңісіп кеткен адам. Нұрхан ақынның (суретте) көптеген кітаптары жарық көрген. Оның оқырмандармен кездесулері де жиі өтіп тұрады.

Міне, жоғарыда аталған іс-шараға Оңтүстіктегі жалғыз оралман ақын осы Нұрхан Сұлтанбайұлы да шақырылмапты. Турасын айтсақ, шақырмай қойған. Оны да тізімге енгізбей қойған, немесе сызып тастаған. Ол тізімде кітаптары көп шыға қоймаған адамдар да жүр, бірақ Нұрхан жоқ. Бұл сонда қалай болғаны?

Келесі мысал. Соңғы жылдары біздің өлкемізден бір шоғыр, талантты жас ақындар шықты. Шығып қана қойған жоқ, бүкіл әдебиетсүйер қауымды мойындатты. Солардың бірі әрі бірегейі – Батырхан Сәрсенхан деген ақын жігіт. Ол аз ғана уақыттың ішінде бүкіл елге танымал болды. Түрлі мүшәйраларда бірнеше рет бас жүлдеге ие болды. Батырханды жұрт болашағынан үлкен үміт күттіретін жас ақын деп біледі.

Бірақ, бірақ ол да әлгі айтылған тізімнен көрінбейді. Яғни Батырхан да дүбірлі іс-шараға шақырылмаған. Неге? Бұл сонда қалай болғаны?

...Бізге телефон шалып, хабарласқан әдебиет жанашыры осылай дейді. «Ақындарды алалау – бұл жүректерді жаралау ғой», – дейді ол.

Бұл сөзге кім де болса қосылары анық. Өмірдегі ең жаман нәрсе – ол адамдарды алалау. Ол әдетте қолдан жасалады. Ондай нәрсе тізім түзуден басталады. Тізімді әуелі түзетіндер бар,  соңынан ондағы адамдарды сызатындар бар...

Ал енді Түркістанға баратын ақын-жазушылардың біздің облыс­тағы тізімін кім түзді, ол тізімдегілерді кім сызды? – Бұл сұрақтардың жауабын іздеген адам өзі-ақ тауып алар деп ойлаймыз.

Алланың тізімінде тұрғандар жердегі пенделердің қолымен өшіріліп кете салмас!

Е. ӘДІЛЕТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!