Ақпарат

Күйеуің беделді болса, әулетке сыйлы болады екенсің

Қаралды: 611

Айналамдағы  әйелдерге, өзіме, әпке-жеңгелерімнің өмірлеріне қарап жүріп, мен әйелдің әулетте алатын орны күйеуінің туыстары арасындағы абыройы мен беделіне байланысты екен деген ойға келдім. 

Шынын айтсам, мұны бірінші рет мен ойлап тауып отырғаным жоқ, өмір көрген әйелдердің айтып жүрген сөздері ғой. Ал оны менің жазуымның себебі күйеуімнің туыстарына жиылып қалған ренішім еді. Түсінікті болуы үшін басынан айтайыншы. 

Бір күні  жеңгем ағама қатты ашуланды. Ол кезде жаспын, әлі күйеуге шығу туралы ойымда да жоқ. Жеңгемнің неге ашуланғанын  біле алмадым, бірақ маған сол кезде: «Ертең күйеуге шығатын болсаң, басын көтеріп жүре алатын, әке-шешесіне сөзі өтетін жігіттің етегінен ұста. Ешкімге сөзін өткізе алмайтын сүмелек еркекке тисең, өзің де өмір бойы сүмелек болып өтесің», – дегені бар еді. Бұл сөзді жеңгем не үшін айтқанына ол кезде мен мән бере қоймадым.

Уақыт өте келе өзім де тұрмыс құрдым. Күйеуім жаман емес, адал, ақкөңіл, менімен санасады, өктем­сімейді. Ең бастысы, мінезі өте жұмсақ, кешірімшіл, ешкімді ренжітпейді. Көңіл жықпастығының арқасында кейде арақты да артығырақ сілтеп жіберетіні бар. Ондайда оның бар жақсы мінезін ұмытып, ішкеніне бола бәріміз жек көріп кетеміз. Бәріміз деп отырғаным күйеуімнің ата-анасы мен туыстары, өзім, балаларым ғой.

Екі қайнағам бар. Мінездері өте дөрекі, қит етсе ашуланып шыға келеді. Әйелдері тұрмақ, олардың алдында ата-анасы да құрдай жорғалап кеткенін білмей қалады. Ал екі абысынымды әртіс десем артық айтқаным емес. Күйеуінің, ата-енеміздің алдында мүләйімсіген момақан, ал маған келгенде әбжылан десем болады. Бірақ өтірік пен өсекке жанын салатын, екі адамды ұрыстырмаса жүре алмайтын сол екі абысынымды ата-енеміз де, күйеуімнің өзге туыстары да қатты құрмет­тейді, тіпті жи­ын-тойларынан да қалдырмайды.

Абысындарым ағайындарымыздың біреуінің қызы қашып кетсе, артынан қуып барады, келіннің төркін жағы шақырса, жеңгесі болып еріп барады. Құдалық шақырғанда күтісетін де сол екеуі. Алыстағы ағайын-туыс той жасап, шақырар болса, енеміз: «Әулетімізбен көшіп барғанымыз ұят шығар. Пәленше мен түгенше біздің шаңырақтың атынан барып қайтады», – деп екеуінің тойға апаратын сөмкесін жасап, конвертке ақшасын салып, жолкіресіне дейін беріп шығарып салады. Олардың төркін жақтары той жасаса, қомақты ақша, мал апарады. Ал бар жағдайын жасап, қара шаңырақта отырған мен сол үйдің қара құлпы сияқтымын. Кейде тойға ата-енем, екі қайнағам мен абысындарым бірге баратын кездер де болады. Ондайда олардың балаларына қарап, үйде қаламыз.

Бздің де тойға барғымыз келеді ғой. Күйеуімнің сыныптастарының, менің төркін жағымның дегендей. Ондай кезде ақша да жоқ боп қалады, үйдегі шаруалар да көбейіп кетеді. Қысқасы, енем бізді тойға жібермеудің мың-сан амалын қарас­тырады. Олар бармайсыңдар десе, біз тойға бармай қала саламыз. Енемнің құдалардан ұят дейтін сөзі менің төркініме келгенде ұмыт болады. 

Кейде күйеуіме: «Жұртқа сыйлы болу үшін сен ағаларың сияқты ашуы мұрнының ұшында тұратын ұрда-жық, мен абысындарым сияқты өтірікші, өсекші болуы­мыз керек еді», – деймін. Шыны солай. Бірақ айтуын айтқанмен олардай бола алмаймыз.

Жалпы, келін боп түскен елімнің мұндай кемшіліктерін айту ойымда жоқ еді. Бірақ алалағандары жаныма батып кетті. Келін болып түскеніме он жылдан асты, бүгінде төрт баланың анасымын. Әулетімізге менен кейін түсіп жатқан келіндердің бүгінде туыстар арасында алатын орны бар. Той-жиындарда пәленше келіннің сыбағасы, тамағы ісіп қалмасын деп беріп жібереді. Беташарда келіндердің қолтығынан ұстайды, құдалықта келіннің артынан келген төсекті жинап, кәде алады. Ал маған сыбаға да берілмейді, кәделерге де қоспайды.

Осыған қарап, күйеуімнің туыстары арасында ешқандай беделі болмаған соң мені де ешкім елеп-ескермейді екен ғой деген ойға келдім. Иә, алтын басты әйел болсаң да бағың бақа басты еркекке матаулы екен. Соны ұқтым. 

Л. КЕНЖЕ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікірлер   

 
0 #1 Медина 12.05.2017 20:04
Салеметсизбе хаттын иеси . Менде де тура осы жагдай отти , куйеуим ез , басын котерип журе алмайды, анасына созин откизе алмайды , кыскасы отбасы турмак , оз басын алып журе алмайды . Туыстары сылтау тауып урдыда , коргай алмады еркек болып.Акыр сонында мен кеттим ол уйден , себеби конилим суып , жек корип кеттим.Кыздар меним кателигимди кайталамаса екен , намысты жигитти тандаса екен деймин.
Дәйек алу
 

Пікір қалдыру