Ақпарат

43 жастағы сүрбойдақ отбасылы болуды армандайды

Қаралды: 398

Кешегі аптада редакциямызға бір азамат келді. Өзі ұяңдау жігіт екен, қызарақтай отырып, бізге мынадай өтініш білдірді:

«Мен «Замана» газетінің тұрақты оқырмандарының бірімін. Газеттеріңіз маған қатты ұнайды. Онда өзіне жар іздеп жүрген жандар туралы жарияланып жатқан мақалаларды оқығанда мен де барып өз жайымды айтсам, көмек сұрасам деп бірнеше мәрте оқталғанмын. Кейін жұрттың сөзіне қаламын ба деп  ол ниетімнен бас тартқан едім. Қазір ойлап отырсам, жұрт не дейді деп өзіңді кері тарта берген де дұрыс емес екен, сондықтан газеттеріңізде мен туралы да жазыңыздаршы деген өтінішпен келіп отырмын. Тек ауылымның қайдан екенін, аты-жөнімді нақтылап көрсетпей-ақ қо­йыңыздар. Ел ішінде бас құрай алмай жүрген мен сияқтылар бар шығар, сондай бір жанмен отбасын құрғым келеді. Бұған сіздер қол ұшын созып, көмектеседі деген үмітпен келіп отырмын».

Редакциямызға келген Ермек (аты өзгертілді) бізге осындай өтініш білдірді. Біз ол жөнінде газетімізде жазуды ұйғардық.

Бір аяғы 14 сантиметр қысқа екен

Ермек облысымыздағы бір шалғай ауылда өмірге келіпті. Бүгінде Шым­кенттегі бауырларының бірінің үйінде тұрып жатқыр екен.

«Менің бір аяғым екінші аяғымнан 14 сантиметрдей қысқа, – дейді Ермек. – Осылай деп жаза беріңіздер. Оның несін жасырамын? 3-ші топ мүгедегімін, 30 мың теңгедей жәрдемақы аламын.  Жасым қазір 43-те. 25 – 30 жас аралығындағы қыздар болса, танысып, үйленсем деймін. Жұмыс істейтін болса, тіпті өзім сияқты азын-аулақ жәрдемақы алатын жан болса да бәрібір, елбесіп-селбесіп күн көріп кетерміз. Ең бастысы, бала тууға қабілетті болса деймін, жұрт қатарлы ұрпақ сүйгім келеді.

Той жасап, қалыңмал беріп үйленуге жағдайым жоқ екенін де жасырмаймын. Ел ішінде әйтеуір басымды құрап алсам болды деп қана армандайтын мен сияқтылар жоқ емес шығар деп ойлаймын. Сондай жандардың бірімен бас қоссам, түсінісіп, ел қатарлы күн көріп кетерміз.

Менің осындай ойым бар. Газет­теріңізде жазсаңыздар мүмкін біреу-міреу хабарласар, танысып, сөйлесерміз. Ал менімен Шымкентте тұратын қарындасым арқылы байланысуға болады».

Бала кезінде құлап қалыпты

Ермек бізге осылай деп сырын айтты. Одан мүгедектікке қалай ұшырағаны жөнінде сұрадық.

Ол көпбалалы отбасында туып-өскен екен. Әкесі малшы болыпты, ал анасы үй шаруасымен айналысыпты. Ермек кішкентай кезінде құлап, аяғын зақымдап алған, бірақ оған алғашында отбасындағылар аса мән бере қоймапты.

«Әкем үйде сирек болатын, – дейді Ермек. – Анамның да бітпес шаруадан қолы тимейді. Сондықтан олар жарақатым көрініп тұрмағасын оған мән бермеген-ау. Әжем ғана мен аяғым ауырды деп жылай бергесін ауылдағы молдаға апарып көрсеткен. Ол кісінің бірдеңелерді оқып, «сүф» деп дем салатыны есімде қалыпты. Яғни әжем мені тіл-көз тиген деп ойлап молдаға көрсеткен, ал оның емінің түрі әлгіндей ғана еді.

Бірте-бірте аяғым қақсап, қатты қиналатын болдым. Сосын бірде мені әкем аудан орталығындағы емханаға апарып көрсетті. Ондағылар ары қарап, бері қарап менен ештеңе таппады, рентгенге түсіргенде де аяғымнан ауру таппады. Ата-анам кейін де бірнеше мәрте көрсеткен, бірақ ешкім дәл диагноз қоя алмады.

Кейін әкем мені Шымкенттегі облыстық ауруханаға әкеліп көрсетті. Мұндағылар дертіме «Созылмалы остеомиелит» деген диагноз қойды, операция жасату керектігін айтты. Себебі сүйекке ірің түсіп, ол қарая бастаған екен.

Қысқасы, менің аяғыма операция жасалды, дә­рігерлер еттегі іріңді сорып шы­ғарып, сү­йек­тің қарай­ған жерлерін қырып тазалады. Ауруханада ұзақ жатып емделдім. Операция жасап, гипстеп тастаған аяғым кейін бүгілмейтін болып қалды. Бо­йым, дене мүшелерім өскенімен операция жасаған аяғымның өсуі тоқталды. Қазір ол екінші аяғымнан 14 сантиметр қысқа.

Мен осындай себептермен алғашында қатарларыммен бірге  мектепке де бара алмай қалдым, екі жыл үйде оқыдым. Кейін мұғалімдер үйге келіп оқыта алмайтын болғасын мектепке бардым. Мектепті өзімнен жасы кішілермен оқып жүріп бітірдім».

Баспаналы болуды да армандайды

Ермектің қазіргі басты арманы – өзімен шаңырақ көтеретін, өмірдің ыстық-суығында бірге болатын жар табу. «Басымды құрап алсам, ары қарай Құдай өзі жол көрсетер. Әйтеуір жалғыз жүр­геннен жақсы ғой. Отбасылы болып, ұрпақ көрсем, өзім де қарап қалмаймын ғой, ша­ма-шарқымша еңбек етер­­мін», – дейді ол.

Ермектің аға-әпке, іні-қарындастарының бәрі бүгінде үйлі-жайлы болып кетіпті. Әрине, қанша бауырмал болса да бүгінгідей заманда адамның адамға көмектесуі оңай болмай бара жатыр. Сондықтан Ермек өз алдына түтін түтетуді армандап жүр.

«Бауырларыма өкпем жоқ, ұрысып-керіскен емеспіз, жақтырмау деген сияқты нәрсені де аңғарған емеспін, – дейді ол. – Дегенмен әркімнің шаруасы өз басына жетеді ғой. Қазақшалап айтқанда, «өз қотырымды өзім қасығым» келеді. Әкем ілгеріректе қайтыс болған. Ауылдағы қарашаңырақта қазір інім тұрады, анам соның қолында. Олар азын-аулақ малға қарап, анамның «пенсиясымен» тіршілік етіп отыр. Сондықтан менің тағы бір арманым бар, ол – баспаналы болу. Кейде газеттеріңізде мен сияқты жандарға көмектесетін қайырымдылық қорлары жөнінде жазасыздар, мені сондай ұйымдармен таныстырып та көмек көрсетсеңіздер екен».

...Міне, Ермектің басындағы ахуал осындай екен. Өтінішін орындап, біз оның басындағы қазіргі ахуал жөнінде егжей-тегжейлі жазып отырмыз. Егер де Ермекпен танысамын, оған өмірлік жар боламын деп ниет етуші жандар табылып жатса, онымен телефон арқылы байланыса алады.

Ермектің байланыс  телефоны – 8-771-998-92-55.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру