Ақпарат

Жігіттердің бәрі бірдей жатыпішер емес

Қаралды: 209

Соңғы уақытта шетелдікке күйеуге шыққанын жарияға жар салып айтатын қазақ қыздары көбейіп кетті. Өздерін ақтағаны болуы керек, 

әлеуметтік желілерде қазақтың жігіттерін надан, ақымақ, пайдакүнем, көрсеқызар, жатыпішер, жалқау, намыссыз қылып көрсету белең алды.

Өз басым қазақтың жігіттерін жамандайтындармен келісе алмаймын. Бес саусақтың бірдей болмайтыны секілді, қазақ жігіттерінің арасында да бірді-екілі намыссыз, ақымақ, жал­қаулары кездесетіні рас шығар. Бірақ тұтас бір ұлттың еркектерін ез деуге қарсымын. Аталған кемшіліктер өзге ұлттың жігіттерінде жоқ деп кім айтты?

Біраз жыл бұрын болған бір оқиғаны айт­қым келіп отыр. Бірде жұмыстан кеш шықтым. Маршрутты автобустар тоқтап қалған. Ал таксиге отыруға ақшам жетпейді. Айлыққа дейін әлі біраз уақыт бар, ақшамды үнемдеп жұмсап жүргенмін. Төрт аялдама жаяу жүрсем, үйге де барып қаламын.

Түркістанда аялдамалардың арасы онша қашық емес. Тез-тез жүріп келе жатырмын. Бір жағынан қараңғы түнде жападан-жалғыз жаяу жүру де қор­қынышты екен. Кәлимамды қайталап, білген дұғаларымның бәрін шетінен оқып келе жатырмын.

Кенет жаныма бір көлік тоқтады да, жүргізушісі есігін ашып: «Қарындас, қайда барасың?» – деп сұрады. Мен баратын жерімді айттым. Ол жеткізіп салатынын айтқан соң көлігіне жайғастым. Отыра бергенім сол, әлгі жігіт: «200 теңгеңді үнемдеймін деп, өміріңмен қош айтыс­қалы жүрмісің? Қазір наша іздеп, басы ауырған бір нашақорға кезігіп қалсаң не болады?», – деп бастырмалатып ұрысып жатыр.

Сөзінің жаны бар. Болмайтын жерден ақшамды үнемдей қалғаныма өзім де қатты ұялып кеттім. Үй жаққа баратын жолдан тоқтатып, ақша берген едім, ол алмады. «Керегі жоқ, ақшаңды қалтаңа салып қой! Бірақ бұдан кейін түнде жаяу жүруші болма!» деп ескертті. Сосын бірден жүріп кетпей, менің артымнан қарап тұрып: «Үйің жақын маңайда ма еді? Ұзақ болса, жеткізіп салайын», – деп айқайлады. Мен келіп қалғанымды айттым. Ол кезде үйдің алдына дейін таксимен бару ұят саналатын.

Өзімнен бірнеше жас қана үлкендігі бар сол бейтаныс жігіттің қазір түрі де есімде қалмапты. Бірақ танымайтынына қарамастан жасаған сол ағалық қамқорлығы әлі күнге жадымнан кетпейді. Сол жігіт жатыпішер біреу болса, түнделетіп жолаушы таситын ба еді? Пайда­күнем болса, неге менен ақша алмады деймін ғой.

Айта кетерлік тағы бір жайт, намыссыз, жатыпішер, ез еркекті әйелдер мен қыздар қолдан өздері жасайды. Қыздар ұнатқан жігітін дәмханаға шақырып, ол үшін өзі ақша төлесе, әйелдер ақша табуға өздері белсеніп кірісіп кетеді. Осындайдан кейін бойдақ жігіт намыстан айрылса, ал отбасылы еркек езге айналып шыға келеді.

Ж. ТҰРАРБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру