«Арақ сатпаңыздаршы!» деп айқайлағым келеді

10.05.2017
Қаралды: 565

Арақсыз сауда жүрмейді дейтіндер көп. Ораза, намазын қаза қылмайтын бір құрбымның дүкені бар. Дүкенінде ішімдіктің түр-түрі сықап тұрғанын көріп, оған: 

«Бес уақыт намаз оқып, жаздың аптап ыстығында аузың кеуіп ораза тұтқаныңды қайтейін, сатқаның арақ пен темекі болса», – деп кейігенім бар еді. Сонда ол: «Қайтем енді, арақ пен темекісіз сауда жүрмейді ғой», – деді жылағандай болып. Бізді құртатын да осы.

Меніңше, арақ пен темекісіз сауда жүрмейді деу бекершілік. Алла-тағаланың әр пендесіне өлшеп берген несібесі бар. Арақ, темекі тұрмақ, одан зорын сатсаң да сол өлшеп берген несібеден асып кете алмайсың.

Мен  дүкені мен дәмханасы бар қожайындарға: «Құдай үшін, арақ сатпаңдаршы!» деп даусым жеткенше айқайлағым келеді. Өйткені қаншама тепсе темір үзетін жігіттер арақтың құлақкесті құлына айналып, олардың балалары тірі жетім қалып жатыр. Арақтың кесірінен қаншама шаңырақ шайқалып, жалғызбасты ана, жарымкөңіл бала өсіп келе жатыр. Күйеуінің аяғынан тұра алмай тұрған түріне қарап қаншама әйел көз жасына тұншықса, қанша ана ұлының ұсқынсыз күйге түскенін көтере алмай, жүрегі қан жылауда.

Сіз арақ сатып, өзіңіз пайда тауып, бірақ қанша адамның үйіндегі қырық күндік берекесін қашырып жатқаныңызды түсінесіз бе? Құдайдың харам, ішуге болмайды деп тыйым салған нәрсесін сатып тап­қан байлығыңыздың берекесі бар ма? Алды-артыңызға бір қараңызшы! Өз өміріңізде қиындықтар болып жатқан жоқ па? Балаларыңыздың ше? Ал осы қиындықтардың түпкі себебі не деп бір сәт үңіліп көрдіңіз бе?

Мен бөшкелеп спирт тасып, одан арақ жасап, базарға өткізген адамның үйінің күл-талқаны шығып өртеніп кеткенін көргенмін. Ол аздай, балалары өскенде баукеспе ұрыға айналып, қыздары жеңіл жүріске салынып кетті. Сонда ауылдағы қариялар оның бәріне бөшкелеп спирт, жәшіктеп арақ сатқанының кесірі тиді деп қамыққан. Мол табыс тауып, берекелі өмір кешкенге не жетсін, әрине! Бірақ оны адал жолдан іздеп көріңізші!

Шыны керек, қазір қай ауылға барсаңыз да, маскүнемге айналып кеткен ер азаматтар көп. Тіпті бір көшенің еркектері түгелдей алқаш боп кеткен ауылдар да бар. Жаның ашиды, бір-бір үйдің егелерінің арақты тастап, ел қатарлы өмір сүруіне жәрдем бергің келеді. Бірақ қалай? Әйелдері ауыл дүкендеріндегі қарызға арақ үлестіретін сатушыларды кінәлайды, жылайды, қарғайды. Қолынан басқа не келсін!

Мен ойлаймын, егер біздің әрқайсысымыздың бо­йымызда ұлтымызға деген сүйіспеншілік, жанашырлық сияқты сезімдер болса, рухымыз өр, намысымыз асқақ болса, арақ деген әзәзілді сатудан бас тартып, тірі жесірлер мен тірі жетімдердің санын азайтуға үлес қосар едік.

Ойланыңыздар, Алла-тағаланың қарғысына қалып жүрмеңіздер! 

Н. ЖАБАҒЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ