Ақпарат

«ЭКСПО»-ға әлемдік бокс жұлдыздары келеді

Қаралды: 174

Таяуда «WBC» Конвенциясының туын «ЭКСПО – 2017» көрме ұйымдастырушысы кеңсесінің штаб-пәтеріне табыстау рәсімі болып өтті. 

Бұл «WBC» 55-ші мерейтойлық Конвенциясы Астана қаласында 2017-жылдың 31-тамызынан бастап 9-қыркүйекке дейін «ЭКСПО – 2017» көрмесімен тұспа-тұс өтеді дегенді білдіреді.

Бұл шараға 500 делегат қатыспақ. Олардың қатарында Әлем чемпиондары, меценаттар, менеджерлер мен промоутерлер бар. Кәсіби бокс федерациясының президенті Ерлан Бекхожиннің айтуын­ша, қазақстандықтар мен көрме қонақтары әлемдік бокс майталмандарын жақыннан көру мүмкіндігіне ие болмақ.

«WBC» басшылары Астанаға келуге ынталы былғары қолғап шеберлерінің тізімін жіберді. Олар – Флойд Мейвейзер, Мэнни Пакьяо, Майк Тайсон, Мұхамед Әлидің қызы Лейла Әли. Әйгілі жұлдыздар мен «WBC» белбеуіне ие барлық чемпиондар, сондай-ақ Геннадий Головкин де төбе көрсетпек. Ол уақытта Головкин өз жекпе-жегіне дайындық кезеңін бастап кетеді, дегенмен біз  оның осы шараға қатысу мүмкіндігі жайлы келіссөздер жүргіземіз», – деп атап өтті Е. Бекхожин.

Конвенция аясында қазақстандық және әлемдік жұлдыздардың қатысуымен «ЭКСПО – 2017» көрмесі төңірегінде кәсіби бокс кеші өтеді. «WBC» дәрежесіндегі Әлем чемпионы атағын иелену үшін өткізілетін жекпе-жек әлемнің 40-тан астам елінде тікелей эфирден көрсетіледі.

«Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ Қоғаммен байланыс департаменті.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру