Ақпарат

Сіз неге кітап оқымай жүрсіз?

Қаралды: 263

Әлеуметтік желілердің бірінде өткен аптада болған осы тақырыптағы пікірталас ерекше назар аударарлықтай болды. 

Белгілі қаламгер Қуандық Шамахайұлының ортаға тастаған ойтүрткі мақаласы талай адамның ойына қозғау салыпты. Ол пікірлер, расында да, көңіл аударуға тұрарлықтай. Бұл мәселеге Сіздер де мән беріп, тиісінше ой түйе жүрсеңіздер екен дейміз, құрметті оқырман!

Батыс елдерінде әдеби кітап көп оқылады. Жазушылардың туындылары мол тиражбен басылып шығады, кітап саудасы қызып тұратындықтан табыстары да қомақты. Жазушы ретінде танылған әр қаламгер күнкөрістің қамы үшін ешқайда жалданып жұмыс істемейді. Шығармашылықпен айналысып, кітаптарын шығарып та тәуір өмір сүре алады. 

Ал бізде кітап оқылмайды, бөлшек саудада өтпейді. Жазушылар белгілі бір мекемеде жұмыс істеп, болмашы жалақыны місе тұтады. Кітабы үкімет бюджеті есебінен аз ғана тиражбен басылып шығады. Қаламақы жоққа тән. Мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітабын оқырман тұрмақ, әріптес жазушылары да оқымайды. «Оқыдым» деп өтірік мақтай салуы мүмкін. 

 Сонда Батыс оқырманы қазақтан ақылды ма? Әлде жазушылары шектен тыс талантты ма?

Қазақ та жаппай сауатты, бәрі хат таниды. Жазушылар одағының қаптаған мүшелері бар, шетінен лау­реат, пәлен орденнің иегері, тағы бірдеңе. Жыл сайын әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерді Мәдениет министрлігінің жанындағы «данышпан» сарапшылар кеңесі сұрыптап, ең супер деген кітаптарға ғана батасын беріп, жарыққа шығартады. «Данышпандардың» бірі әлдебір мықты жазушының аты-жөнін естігенде аллергиясы ұстап қалатын болса, ең мықты кітап та «сараптаудан» өтпей қалады.

Ендеше, «даналардың» батасын алған кітаптары неге оқылмайды? 

Гәп баспа орындарында ма деп ойлаймын. Батыс әлемінде мемлекеттік баспа атаулы жоқ, бәрі жекеменшік. Жазушылармен тікелей шарт жасасып, кітапты өздері бастырып, таратады, саудаға шығарады. Үкіметтен қаржы да, бата да сұрамайды. Бас­тапқыда 500 дана шығарып, жұрттың тамырын басып көреді. Жұрт жабылып, жапатармағай оқи бастаса, сұраныс көбейсе ғана топырлатып бастыра береді. Кейін тапсырыс түссе, сұранысқа қарай тағы да баса береді.

Осылайша, қысқасы, баспаны да, жазушыны да оқырман қауым асырайды. Жазушылар бар өнерін салып тек жазумен ғана айналысатындықтан шеберліктері де шыңдалады, әл-ауқаттары да артады. Нобель сыйлығын алып, бай-қуатты өмір сүріп жатқандар да солар. 

Ал қазақ жазушысының көрген күні баршамызға мәлім.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ.

Кітап оқуға қазақтарда уақыт жоқ. Оқырмандардың жағдайы етіктің қонышына «Жұлдыз» журналын қыстырып жүретін қойшының жағдайынан да нашар. Қарбалас. Әдеби шығарманың мөл­дірлігінен гөрі үкімет мо­йындаған жазушы жауынгердің жарнамалан­ған шығармасы бағаланады.

Нұржас ЖАҚСЫБАЙ.

Гәптің бәрі БАҚ-тың миссиясында деп ойлаймын. Біздегі БАҚ шоу-бизнесті, әнші-әртістерді мақсатты түрде насихаттап отыр. Нәтижеде қоғамдағы ең беделді мамандық әншілік секілді пікір қалыптасып қойған жастардың арасында.

Нұрбол СЕЙІЛБЕК.

Гәптер көп қой. Бірақ дегенмен де, біріншіден, жазушының өзі кінәлі. Екіншіден, бұл – жолға қойылмаған сала, мықты менеджер керек. Үшіншіден, оқырманның шырт ұйқысын бұзу керек әр түрлі тәсілдермен. Ең бастысы, қызығатындай өткір шығармалар керек.

Айгүл ДАДИНБЕКОВА.

Қала мен даладағы қазақы қазақтың бәрі күнкөріспен жүр. Тойынған қазақтар шетел аралап, сауда, одан қалса қызық қуып тауыса алмай жүр. Мемлекеттің қамқорлығы анау, айтпаса да түсінікті. Демек, қазақ кітабын оқитын контент, материалдық жағдай, қамқорлық, жүйе, мәдениет, т.б. бәрі тереңге кеткен. «Балапан – басымен...» дегендей. Даңғойланып, дарақыланып, мақтанып той тойлап күн өткізуде. «Жүз грамды» тартып жіберіп, еліріп билегенді жөн көреді. Пантовать ететін адам қатары өте көп. Балалары қымбат машинамен жарысып, соғып алса тастап қашып кетіп жатыр. Бай мен кедейге бөлінген аз ғана қазақ кітап оқуды қайтсін?

Әрине, халықтың бәрін қаралап отырған жоқпын. Дегенмен білімділер азайды, ұлттық құндылықтарды бағалайтындар сирек.

Құдиярбек АҒЫБАЕВ.

Әр ұлт­тың өзі­­не тән мен­талитеті бо­лады. Қа­зақтың менталитеті той-томалақ сияқты.

Кітапты Кеңес заманында да онша оқымайтын. Алматыда «Букинист» деген кітап дүкені болды. Соған жиі соғатынмын, сонда орыс­тілділер орысша кітапты дүкен алдында саудалап  тұратын. Бағасы удай. Соған қарамай сатып алатындар болатын. Ал кейде жақсы кітап дүкенге түсе қалса (орысша кітап) жұрт қырылып кезекке тұрып, талап әкететін. Қазақша кітаптар дүкен бұрышында жетімсіреп тұратын, ешкімге қажеті болмай.

Егер «Гарри Поттер» қазақша жазылса, авторы ешкімге керексіз болып, оқырманнан күдер үзіп, жазуын қояр еді. Ал ағылшынша шыққан кітап сиясы кеппей жатып киноға айналады. Кітап миллиондаған данамен тарап, сатылып кетеді, киносын да қалталы компаниялар ақшасын аямай сатып алады.

Менталитетіміз сондай, оған енді еш лаж жоқ. Ұлы Абай да зарлап, «қалың елім, қазағым» деп өтті. Бүгін Елбасы да айтып жатыр, бірақ елең ете­тін пенде жоқ.

Қалкөз ЖҮСІПОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікірлер   

 
0 #1 Айнаш 14.05.2017 17:12
Дұрыс айтқан Қазақтың өмірі тек той садақадан тұрады
Дәйек алу
 

Пікір қалдыру