Ақпарат

Ауа райының көсегемізді көгертуге тікелей қатысы бар

Қаралды: 439

«Заманада» шымкенттік ауа райын болжаушы азамат Нұрғабыл Қозыбайдың болжамдары жарияланып тұратыны белгілі. 

Таяуда ол кісі бізге өзінің «Қазақстанның көсегесін қайтсек көгертеміз?» деген тақырыпта жазған ой-толғамдарын әкеліп тапсырды. Біз оны оқырман назарына ықшамдап ұсынуды ұйғардық.

Ғарышқа ұшу кестесін өзгерту керек

«Ата-бабаларымыз алдағы ауа райының қандай болмағын 22-наурыз күні таңның қалай атқанына қарап болжағанын, оның үнемі дәл шығып отырғанын мен «Заманада» бұдан бұрын айт­қанмын, – дейді Н.Қозыбай. – Яғни бұл күні таң атуы төрт түрлі ерекшелікпен сипатталады екен. Оның бірін­шісі – 22-наурыз күні таң атқан кезде аспан толық бұлт болып тұрса, жаңбыр жауса немесе қар жауса, ол жылы көктем және жаз айларында жаңбыр мол жауады. Биыл біз осыны көріп отырмыз. (Қазақстанның бас­қа облыстары 22-наурыз күні таң атқанда ауа райы қалай болып тұрды, соған қарап өздері пайым жасай берсе болады). Ал Оңтүстік Қазақстан облысында тіпті шілде айында да «өлара», «тоғыс», «ескі айдың 20-сы» күндері ауа райы бұзылып, жаңбыр жауып немесе күн бұлттанып, не жел тұрып кетуі әбден мүмкін.

Биылғы жылдың жаңбырлы болуына климаттың өзгеруі де әсер етуде. Жер беті жылынуынан судың буланып аспанға ұшуы молайып, ол да жаңбырдың көп  жаууына әсер етуде. Бұған сондай-ақ ғарыш кемелерінің ұшырылуы да өзіндік әсерін тигізеді. Мысалы, егер көктемде Байқоңырдан космос кемесі аз ұшырылатын болса, онда ол жылы жаңбыр мол жауады. Ал көктемде көп ұшырылатын болса, онда жаңбыр аз жауады. Ол жылы көктемде жиі жел тұрып,  құрғақшылыққа себеп болады. Себебі бұл кезде қуатты жел ағыны пайда болады.

Табиғат заңы бойынша бұлт батыстан келеді, құбыланың желі де батыстан тұрады. Құбыладан жел тұрса, оның артынша жаңбыр жауады. Себебі батыстан келе жатқан өте үлкен көлемдегі бұлт алдындағы ауаны қуа­лайды да, одан құбыланың желі пайда болады. Ал космос кораблі ұшса, ол өте қатты жылдамдықпен ұшады да, ауаны өзімен бірге аспанға әкетеді, оның орнын толтыру үшін ауа қозғалысы пайда болып, біздің Оңтүстік облыстарда жел тұрады. Ал біздің облысымызда жел негізінен шығыс­тан тұрады да («Арыс­танды – Қарабас», «Шақпақ» желдері), батыстан келе жатқан бұлтты ыдыратып жібереді, содан жаңбыр жаумай қалады. Оның соңы құрғақшылық болуына апарып соғады.

Егер өңірімізде құрғақшылық болмасын десек,  космос кораблі ұшырылу кестесін  жиын-терім уақыттарына, күз­дік егіске де зияны тимей­тіндей етіп жаздың соңғы айы, күздің алғашқы айларына тура келетіндей етіп өзгерту керек. Сондай-ақ Шымкенттегі әскери ұшақтардың ұшу-жаттығу кестесін де осы айларға қойған дұрыс.  Еліміздегі ракета, зеңбіректердің атқылауымен өтетін әскери жаттығулар мен сынақтарды да әр өңірде ауыл шаруашылығына қолайлы болатын айларда ғана өткізген дұрыс деп ойлаймын.

ТЖ комитетін Қорғаныс министрлігіне

қосу қажет

Биыл еліміздің біраз аумағын су басып әбіржітіп жатқаны мәлім. Осындай қиын кезде еліміздегі тиісті құрылымдар жұмыстарын үйлестіре алмай жатқанын көріп отырмыз. Осыған орай менің ойым мынау: Төтенше жағдай жөніндегі комитетті Ішкі істер министрлігінен алып, Қорғаныс министрлігіне қосу қажет. Сонда ол коми­теттің жұмысы жүйеленіп, ісі алға басатын болады. Яғни төтенше жағдай кезінде ол ІІМ күшін көмекке шақырып әурелемейтін болады. Ал Қорғаныс министрілігімен бірігіп жұмыс атқарар болса, бұл министрліктің қол күші де, техникасы да мол, қолдары да бостау.

Өлара мен тоғысты біле жүріңіз

Жалпы, менің ауыл шаруашылығын, өндірісті, орта және шағын бизнесті дамыту, жұмыссыздықты жою, бюджетті молайту, елімізді экономикалық тәуелсіз мемле­кеттік дәрежеге жеткізу жөнін­де 100-дің үстінде идеяларым бар. Бұл идеяларды мен  Президент немесе оның қасындағы адамдар қабылдаса айтып беруге дайынмын.

Осы орайда шаруаларға айтар кеңестеріммен бөліссем деймін. Биыл – тәлімі жерлерге бидай, мақсары, жоңышқа егуге қолайлы жыл. Әсіресе Сарыағаш, Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас, Бәйдібек аудандарында мүмкіндік мол. Егін, табиғи шөп бітік шығады, сондықтан мал ша­руашы­лығына да қолайлы жыл болмақ.

Осындай жаңбырлы жылы көшеттерді де молынан егіп қалу керек. Оларды шілде, тамыз, қыркүйек айларында суғарған дұрыс. Ол жағын да қазірден ойластырып ал­ған жөн.

Көктемнің жаңбырлы болуының кейбір нәрсеге зияны тиюі де мүмкін. Мысалы, құрылыстың  жүруіне немесе мақтаны егуге. Шитті сепкесін ол өніп үлгермей жаңбыр жауса, шит шіріп, мақта шықпай қалады.  Сондықтан  биыл мақтаны егерде сақ болған жөн.

Жалпы, шаруаларға керегі – ұзақ мерзімге және мейі­лінше дәл жасалатын болжам. Өйткені олар егін егу үшін несие алады, тұқымды, жанармайды – бәрін де сатып алады. Осындайда бізге ата-бабамыздың ауа райын болжау өнері, ғылымы үлкен көмекші екенін естен шығармауымыз керек. Аталарымыз ай туған күні жаңа туған айға қарап сол айдың ауа райы қандай  болатынын алдын-ала болжаған, білген. Ал күн мен түн теңескен  22-наурызда шыққан күнге қарап сол жылдың ауа райын болжаған, ай туған күнгі, жыл кірген күнгі жасалған болжамдар бір жылға жасалса да 90 пайызға  дәл келген. Жаңа туған айға қарап бір айдың ауа райын біліп отырса, сол айдың ішіндегі өлара, тоғыс күндерін есептеп, қай күндері ауа райының бұзылатынына дейін болжаған.

«Өлара» дегеніміз – ескі айдың бітіп, жаңа айдың туылуы арасындағы, яғни ай мүлде көрінбей кететін кезең, ұзақтығы – 3 күн. Бұл кезде ауа райы бұзылады. Ол жазда қысқа болуы, қыс мезгілінде ұзаққа  созылып кетуі мүмкін. Ал «тоғыс» дегеніміз – Үркер жұлдызы мен айдың бір-біріне жақын келуі. Ол кезде Ауа райы бұзылатын күндер жыл мезгіліне қарай  қысқаруы да, ұзаруы да мүмкін.

Сондай-ақ ата-бабаларымыз ескі айдың 20-шы жұл­дызында да күн райы бұзылатынын білген. Сол сияқты, әрбір 4 жылда бір мәрте құрғақшылық болатынын, әр­бір 8 жылда қатты құрғақшылық болатынын,   әрбір 12 жылда ыстық жаз немесе суық қыстың айналып келетінін де білген.

Болжау өнерін ғылыммен бірге

дамытқанымыз дұрыс

Жалпы, ауа райын болжау өнері қазақ халқында қатты дамыған. Ата-бабаларымыз табиғаттың тілін түсінген. Ел ішінде «табиғат тамыршысы», «жұлдызшы-есепші», «ауа райын болжаушы» деген атқа ие адамдар аз болмаған. Тіпті жаңбыр жауғыза алатын «жайшы» деп аталған адамдар да болған.  

Мен осы саланы зерттеп жүріп ауа райын алдын-ала болжай алатындай дәрежеге жеттім. Бұл саланың ғылым екені анық, ескі ғылым. Сондықтан да бұл ғылымды зерттеп, ауа ра­йын алдын-ала айта алатындай дәрежеге  жету үшін жан-жақтан көп ақпарат, болжамдар жинап, табиғатты көп зерттеу керек. Күн сайын өткен ауа райын жазып отыру қажет.  Олардың қай кезде, қай уақытта, қалай айналып келетіні, қайталанатыны туралы білу керек. Мен өзім осы саланы біраз зерттегесін, көзім жеткесін айтып отырмын.

Жалпы, «синоптиктер» мен табиғатқа қарап ауа райын болжаушылар бір-біріне бәсекелес емес. Ауа райын болжаушы станциялар жақын мерзімге ауа райына дәл болжам жасай алса, табиғатқа қарап ауа  райына болжам жасаушылар  ұзақ  мерзімге дәлірек болжам жасай  алады. Сондықтан да олар – бірін-бірі толықтырушылар. Қазақстанда осы екі ғылымның бір-бірімен басын  қосатын болсақ,  екі жолмен  де ауа райына болжам жасауды үйрететін болсақ, ауа райын болжауда біз әлдеқайда алға  кетіп  қалар едік.   Ауыл шаруашылығы да алға басар еді, экономикамыз да көтерілер еді.

Меніңше, табиғатқа қарап ауа райын болжау өнерін, ғылымын қаржы бөліп, айтыс өнері сияқты көтеруіміз керек. Осындай  мамандар  дайындайтын мектептер ашу қажет. Жоғары оқу орындарындағы агроном, мал шаруашылығы мамандарының оқуына пән ретінде енгізсек, оны оқып  олар өздері  ұзақ мерзімге ауа райын біле беретін болып шығады. Сол білімін өмірде пайдаланатын болса, олардан мықты маман шығар еді. Ата-бабаларымыздың осы ойлап тауып кеткен өнерін, ғылымын өндіріске енгізсек, экономикамыз сөз жоқ жоғарылар еді».

Басшыларға керек кеңестер

Н.Қозыбай сөз соңын облысымыздың басшыларына арнапты. Ол былай дейді:

«Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында жаңбырлы жыл болады. Соны ескеріп жұмыс істеу керек. Осы орайда «Шатқал» бағдарламасы бо­йынша ағаш егушілерге, әсіресе қала басшыларына айтарым: Арғынбеков көшесі сияқты үлкен көшелердің ортасына арша егу керек. Арша – мыңжылдық ағаш, көміртегін көп жұтып, таза ауа шығарады. Ол шөлге төзімді, сондай-ақ күзде жапырақ тастап көшені ластамайды. Бір кемшілігі, ол өте баяу өседі, сондықтан оны екі көшенің ортасына еккен дұрыс.

Ал аяқжолдар бойына тез әрі үлкен болып өсетін, жазда көлеңкесі, саясы мол, жапырағы күзде түсіп көшені былғамайтын қарағай еккен дұрыс. Осы орайда айта кетейін, қазіргідей ағаш жапырағын сыпырып, қоқысқа жіберу дұрыс емес. Оларды ағаштың түбіне үю керек, сонда жапырақ көктемге дейін шіріп, ағашқа керекті тыңайтқышқа айналады.

Алатауға биыл қар қалың жауғандықтан облысымыздың бірқатар өзендерінде су молайып, тасқын болуы мүм­кін. Сақтық шараларын ұмыт­пау керек.

Мен бүгінде шаруашылық жұмыстарына байланысты телефон шалып, көмек сұрағандарға тиісті кеңестер берудемін. Жалпы, биыл жауын-шашын өте мол жау­ғандықтан жерасты ылғалы өте мол. Тәлімі жерге егін егетіндер осыны ескергені дұрыс. Жылдың тағы бір ерекшелігі, жаңбыр көбіне түнде жауады. Ол өсімдіктің бойында суды таңға дейін ұстап тұруына, олардың қанып су ішуіне әсер етеді, сөйтіп биыл шөптің қалың болып, егіннің бітік шығуына апарады. Сондықтан да көктемгі егісті мүмкіндігінше егіп қалу қажет».

...Міне, шымкенттік ауа райын болжаушы Нұрғабыл Қозыбайды осындай мәселелер толғандырып жүр екен. Ол кісінің жұртшылыққа айтпағын біз дұрыс жеткізе алдық деп ойлаймыз. Мұнда әңгіме болған жайлардың жұртқа тигізер пайдасы аз бола қоймас.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру