Ақпарат

Немере, шөбере, шөпшек сүйген әже

Қаралды: 582

Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданына қарасты Шұбарсу ауылында   тоқсан жастағы Айжара Адырбекова есімді әжей тұрады. 

Ол кісі  алты ұл мен үш қыздан қырық-шақты немере, отыздан аса шөбере мен үш шөпшек сүйіп отыр­ған бақытты жан. Өткен аптада біз төрт ұрпағын көру бақыты бұйырған Айжара әженің үйіне арнайы барып, әңгімелесіп қайттық.

Трактор, мотоцикл жүргізген

Айжара әже Адырбековтер әулетіне 23 жасында келін болып түсіпті. Тұңғышы Әшірәлі жасына толар-толмаста жолдасы Бектан соғысқа аттанып кетеді де, әжей ұлымен қайынатасының қолында қалыпты. «Енем жастайынан қайтыс болып кеткен екен, атамның көзі көрмейтін, өзі кәрі кісі еді, – дейді Айжара әжей. – Күйеуім екеуміз колхоздың қойын бағып жүргенбіз. Ол соғысқа кеткен соң бір отар қойға жалғыз қарап қалдым. Атам да бала, балам да бала, екі баланың күтімі мен бір отар қойды игеру маған оңай болған жоқ. Бір айдан кейін қойды колхозға қайта өткізіп, өзім мал қашыратын пунктке келіп, жиырма-шақты қошқарға қарадым. Күндіз үкіметтің жұмысын істейміз де, үй шаруасымен тек түнде айналысамыз. Шамның жарығымен соғыстағы солдаттар­ға арнап жүн нәски тоқып, тұлып тігеміз. Қой сауып, одан ірімшік  істеп, оны да соғысқа жібереміз. Елдегі еркектің бәрі соғыс­қа кетіп, ауылда қатын-қалаш пен балалар ғана қалғанбыз. Қиын уақыт еді ғой ол кез. Тракторды да, мотоциклді де айдадық, басымызға түскен соң. Әйтеуір көрер жарығы бар екен, отағасым үш жарым жылдан кейін аман-есен елге оралып, тоғыз перзент сүйіп, батыр ана атандық. Кейін тыл ардагері деген атақ берді. Бүгінде  шөбере, шөпшек сүйіп жас кезімде тартқан бейнетімнің  зейне­тін көріп отырған жа­йым бар».

Әжейдің тұңғыш келіні Гүлімхан Бишееваның  осы шаңыраққа келгеніне қырық бес жыл, ал кенже келіні Жәмила Құлжанованың түске­ніне жиырма бес жыл болыпты. «Қырық жылдан соң ене мен келін абысындарға айналады екен. Апам мені бүгінде абысын деп атайды, – дейді Гүлімхан Марқабайқызы. – Бұл әулетке он сегіз жасымда келін болып түстім. Қара шаңырақтағы кенже қайным ол кезде екі жаста еді. Қазір қайныма сенің шалбарыңды ауыстырып өзім қарағанмын деп күліп отырамын. Үйіміз екі-ақ бөлмелі болатын. Бір бөлмеде ата-енем балаларымен сығылысып, екінші бөлмеде біз жатамыз. Тар үйде қысылып-қымтырылып тұру оңай емес екен. Екі аптадан кейін енем екеуміз жем тұрған сарайды босатып, әктеп, күйеуім екеуміз сол сарайға шықтық. Жанымызда солярка толы ыдыстар тұратын оған да мән бергеніміз жоқ. Қазір ойлаймын, қыз баласы келін болып түскен жеріне сіңіп кетемін, осы үйден өсіп-өнемін десе, қандай қиындыққа болса да көнуі, төзуі керек. Жоқтан  бар жасап өзі тұратын шаңырағын өз еңбегімен тұрғызуы тиіс. Сонда ғана үйдің, үй болудың қадірін біледі».

Гүлімхан Марқабайқызы ұзақ жылдар медбике болып жұмыс істеп, бүгінде зейнеткерлік демалыста, өзі де немере бағып отырған әже. Енеңізден не үйрендіңіз, өзіңіз қандай енесіз деген сұрағымызға ол кісі: «Енемнен үйренгенім өте көп, – деп жауап берді. Бұл кісі ешуақытта дауыс көтеріп сөйлеген емес. Он екі жыл бірге тұрдық. Босанған соң екі-ақ ай еміземін де, жұмыс­қа шығып кетемін. Әрі қарай апам қарайды. Апамды жақсы ұстаз, бәрін шыдамдылықпен үйретті деп айта аламын. Ал өзімнің екі келінім бар, біреуінің еншісін бергенмін, екіншісі қолымда. Қолымнан келгенінше келіндерімнің жағдайын жасауға тырысамын. Себебі ол немерелерімнің анасы, баламның өмірлік серігі».

Келінін бөлек шығарғанда қимай

жылаған екен

Осы кезде сөзге аралас­қан Айжара әжей: «Гүлім­ханның жұмысы үйден тым ұзақ болып, барып-келіп  жұмыс істеу қиын болғасын, жұмысына жақын жерден үй әперіп бөлек шығардық, – деді қызық әңгі­менің шетін шығарып. – Еншісін бергесін бауырыма басқан немерелерімді де ата-анасымен бірге болсын деп бірге жібергенбіз. Үш-төрт күннен кейін Гүлімханым келіп қалар деп күттім, келмеді. Тым құрығанда баласын жіберетін шығар деп есік жаққа елеңдеймін, көрінбейді. Өзінің қолы босамаса, балаларды жіберсе қайтеді деп, ашуланамын тағы. Ақыры келмегесін бір асым етім мен айран-сүтімді құйып алып, келінімнің үйіне қарай шықтым. Барсам есігінде құлып тұр. Есік алдында біраз күтіп келме­гесін жұмысына бардым. Гүлімхан науқастарға дәрі егіп жүр екен, алдымнан шыққан бір танысым: «Келі­нің­нің еншісін бергенің құтты болсын!» дегені сол екен, оны құшақтап жылап жібе­ріппін. Аз уақытта сағынып-ақ қалған екенмін, келі­німмен кездесіп, жағдайларын сұрасам балаларын көршісінің үйіне тастап кетіп­ті. Апарған заттарымды  қал­дыр­дым да,  көршісінің үйі­нен немерелерімді алып үйіме  қайттым».

Әжей әлі күнге Гүлімхан келіні екі-үш күн хабарласпай қалса, кіші келініне хабарласшы деп алаңдап отырады екен. Ал Гүлімхан апа үйінде дәмді ас пісірсе, енесін үйіне ертіп барып, қонақ етеді.  

Бүгінде Айжара әжейдің бес келіні бір ауылда, бір келіні ғана Павлодарда тұрады екен. Келіндері босан­ғанда әжей олардың үйлеріне барып, қырқынан шыққанша өзі қарайтынын айтты. Тіпті студент боп түскен бір келіні сабағынан қалып қоймасын деп, оның үш айлық баласын үйіне әкеліп қарапты. «Сүтті бөтелкеге құйып, қолтығыма қысып отырамын, – дейді Айжара әжей.  – Әлсейітім  «әу» деп жылай қалса, сүті дайын, аузына тоса қоямын».

Бес келіні бір ауылда тұрады

«Бір абысынымыздан бас­қамыздың бәріміз бір ауылда тұрамыз, – дейді кіші келін Жәмила. – Оның бір артықшылығы, мереке, туған күн сияқты атаулы күн­дерде жиі-жиі бас қосып тұрамыз. 8-наурызда әулеттің барлық мүшелері апамды құттықтап, біздің үйге келеді. Бір-біріміздің, немерелеріміздің туған күндерін атаусыз қалдырған емеспіз. Қандай қауырт тірлікпен айналысып жатсам да, үйге қонақ келсе, тірлігімді ысырып қойып, қонағымды күтемін. Себебі келін боп түскен алғашқы күннен-ақ енем: «Қарты бар үйдің қонағы үзілмейді, балам. Қонақ келсе, несібесі ере келеді, қонақты қабағыңды шытпай күт», – деп айтып отыратын. Сол құлағымда қалып қойыпты. Аз күнде өзіміз де келін түсіреміз, енеміздің осы өнегесін мен де келіндеріме мұра етіп қалдырарым анық».

Жастар жеңілдің астымен жүрмесе екен

Айжара әжей де, келіндері Гүлімхан мен Жәмила да бүгінгінің жастарына жеңіл өмірді көксемеуі керектігін баса айтты. «Адам еңбекпен шыңдалады, – дейді Жәмила. – Бір кездерде күніне он киіз басатын күндеріміз болған. Қолымыз тірліктен бір босамайтын. Түнде жүн тараймыз, күндіз сиыр сауу, күніне үш-төрт күбі айран пісеміз, екі тандырға нан жабамыз. Күніге қаттама пісіреміз. Ыдыс деген жиылмайды, үйде адам көп болғасын бір ыдысты жуып жатсаң, екіншісі келіп жатады. Бірақ соған қабақ шыту дегенді білмеппіз. Бір үйде үш келін бірге тұрдық. Сонда мынау сенің тірлігің, мынау менікі деп бөле-жарып жатпай, жұмыла кірісіп кететінбіз».

Осылай деп ағынан жарылған қос келін араларындағы түсіністік пен сыйластықтың себепшісі енелері екенін айтып ағынан жарылды. «Ене болуға дайындалып жүргендерге қандай ақыл-кеңес айтасыз?» деген сұрағымызға Айжара әжей: «Жаман келін болмайды. Бәрі енеге байланысты. Ене жақсы болса келін де жақсы. Ене кешірімді, шыдамды, сабырлы бола білуі керек», – деп жауап берді.

Біз бұл әулеттен ене мен келіннің жарасымды татулығы мен сыйластығын көріп қуанып қайттық.

Г. СҰЛТАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру