Ақпарат

Кей азықтан қатер барын біліңіз

Қаралды: 328

Қазіргі уақытта азық-түлік дүкендері көптеп ашылуда. Ал оларда тиісті санитарлық тәртіптер дұрыс сақтала ма?

Осы орайда Шымкенттегі Қаратау аудандық тұтынушылар құқын қорғау басқармасының қызметкерлері  өздеріне қарасты аумақта тексеру  жүргізді. Тексеру барысында  санитариялық-гигиеналық талаптарға сай  келмейтін   кемшіліктер анықталды.

Атап айтсақ, кейбір дүкендерде сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары жоқ, тіпті қайдан алынғаны  белгісіз, санитариялық-эпидемиологиялық талаптар бойынша сатуға тыйым салынатын тамақ өнімдері сатылады. Мысалы, мал ұстайтын  жеке  адамдардан  алынған сүт және сүт өнімдері дүкен сөрелерінен кездесіп қалатын жағдайлар болады.

Биылғы жылдың үш айында аудан аумағында сарып (бруцеллез)  ауруы екі рет тіркелген. (Былтыр – 7 рет). Ауру алиментарлы жолмен, яғни қолдан алынған сүт және сүт өнімдерінен жұққан.

Сарып буындарды зақымдап, мүге­дектікке ұшырататын ауру болғандықтан  дерттің  алдын-алу үшін басқарма мамандары жеке кәсіпкерлерге дәрістер мен семинарлар  жүргізуде. 

Мұндай жағдайларда тұрғын халықтың назарына салатынымыз мынау: Сүт және сүт өнімдерін жеке адамдардан сатып алу кезінде ветеринариялық анықтамасын талап ету керек.

Сонымен қатар кейбір дүкендерде үй жағдайында дайындалған тамақ өнімдері – қолдан созылған кеспелер, торттар, салаттар сатылады. Негізінен санитарлық талапқа сәйкес емес мұндай азық-түлік өнімдерін сатуға  жол берілмейді.

Сондай-ақ кейбір дүкен сатушылары жұмыс барысында жеке бас гигиенасын сақтамайды, арнайы жұмыс киімдерінсіз жұмыс істейді, медициналық тексеруден уақтылы өтпейді. Мұның  өзі туберкулез, ішек  құрты  және тағы басқа аурулардың алдын-алуда маңызды роль атқаратын сақтықты өрескел ұмыту.

Басқарма мамандары осындай келеңсіздіктерді ескере отырып, түрлі нысандарда инфекциялық аурулардың алдын-алу бойынша іс-шаралар  жүргізуде, дөңгелек үстелдер өткізілуде.

Аурудың алдын-алу өз қолдарыңызда, азық-түлік аларда тиісті сақтық шараларын есте ұстаңыздар!

Г. НЫСАНОВА,    

Шымкент қаласы, Қаратау  аудандық 

ТҚҚБ-ның  жетекші  маманы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру