Ақпарат

Қозықұйрық өсіруді қолға алғандар

Қаралды: 335

Биыл көктем кеш шықты. Мамыр айы да таяп қалды, күн әлі қатты ысып кете қойған жоқ. 

Сондықтан болар, адамдар сүйсіне жейтін қозықұйрық сатылымда аз. Аз болғандықтан базарларда оның бағасы жылдағыдан екі-үш есе қымбат.

Әрине, бүгінде қозы­құйрықты өзінің шағын сарайында өсіретін адамдар да бар. Бірақ ол көп сұранысты қанағаттандыра алар емес. Осындай кезде Сайрам ауданындағы «Agro Green» ЖШС-і өңірде алғаш рет ірі көлемде қозықұйрық өсіруді қолға алып, игі іс бастап отыр. Бірнеше ай бұрын ғана жұмысын бастаған серіктестік жылына 200 тонна өнім өндіруді жоспарлауда. Бұл облыста қозықұйрық өсіруде ең алғашқы ірі жоба болып табылады.

Қозықұйрықтың «А15» сортын өсіріп шығаратын ферма тұқымды Голландиядан әкелген. Фермада көлемі 280 шаршы метр болатын 12 камера жұмыс істеуде. Мұнда егілген қозықұйрық үш айда дайын болады. Яғни шаруалар жылына 4 рет өнім ала алады.

Қазір осы камераларда өскен қозықұйрықтың килосын 800 – 1000 теңгеден өткізуде. Алғашқы 5 тонна өнімін  Қарағанды, Алматы, Шымкент қалаларының тұтынушыларына шығарып та үлгерген.

Қозықұйрықтың  адам ағзасына тигізер пайдасының мол екені белгілі. Ал осындай пайдалы өнім түрін ферма басшылығы польшалық әріптестерінен үйреніпті.

Қозықұйрық жеуге жарайтын басқа саңырақұлақтар сияқты құнды ақуыздарға, көмірсулар мен органикалық қышқылдарға бай. Сонымен қатар  құрамында  PP, E, D, B  дәрумендері, жүрек-қан тамырлары жұмысына жайлы әсер ететін кальций, магний, мырыш бар. Яғни қозықұйрықтың дәмді тағам ғана емес, адам ағзасына пайдалы азық екені де осыдан-ақ көрініп тұрса керек.

Сондықтан да Сайрам ауданындағы «Agro Green» серіктестігінің бастамасы басқа жерлерде де қолдау тауып жатса, ол тіпті дұрыс болар еді.

Ұ. БЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру