Ақпарат

Қалада тұрса да балшыққа батуда екен

Қаралды: 283

Редакциямызға Сарыағаш қаласынан хат келді. Онда былай деп жазылған:

«Біз тұратын «Түр­кістан» тұйық көшесінің жолы тоз-тозы шығып жатқанына 50 жылдан астам уақыт болды. Бұл жаққа таксис­тер де келуге қиналады. Бүгінде тіпті қалада тұрамыз деп айтуға ұялатын күйдеміз. Осы мәселегні көтеріп «Нұр Отан» пар­тия­сы аудандық фили­алына арыз түсірге­німізге де 3 жыл уақыт өтіпті. Одан да нәтиже шыққан жоқ. Сіз­дерден осы мәсе­ленің шешілуіне ықпал жасауларыңызды сұранамыз.

Тағы бір айтарымыз, – «Рамадан» каналы туралы. Өткен жылдың күзінде оны бетондап, жөн­деуден өткізген еді. Қарлы-жаңбырлы кездері ол жақ балшыққа айналып ке­тетін болды. Күн жыли келе топырақ кеуіп, шаң шығатын болады. Сондықтан ол жаққа да асфальт салынуын қалаймыз».

Аталған көше коми­тетінің төрайымы Гүл­зипа Асанбекова мен көше тұрғындары – Бәкір Сарыпбеков, Венера Дау­ранова, Жақсыгүл Жамаева, Айдарбек Әлім­беков, Денис Сулимов, Рашид Ахмадуллин, Л.Никулина, Г.Пак, Малика Қожанова және тағы басқа – барлығы 20 шақты адам қол қойған бұл хаттың бір данасы Сарыағаш қа­ла­лық әкімдігіне де бағытталған екен.

Тұрғындар әзірге өз күштерімен біраз жерге тас төсеп тастапты. «Басшылар дұрыс шешім шығарады ғой деп үміт­тенеміз», – деді ол кісі.

Үміттеріңіз ақталсын дей­міз біз оларға.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру