Еркінбек ағаға деген ел ықыласы ерекше

02.05.2017
Қаралды: 917

«Бір өлке – бір кітап» облыс­тық акциясының 2017-жылғы таңдауы халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Еркінбек Тұрысовтың «Темірлан» кітабына түскені белгілі.

Осыған орай облыстық  «Оты­рар» ғылыми-әмбебап кітап­ха­насындағы жазушының мұражай-кабинетінде ұйымдастыру алқасының алғашқы отырысы болып өткен. Облыстық акцияны жоғары деңгейде өткізу мақсатымен жыл бойы Тұрысов оқулары, оқырмандар конференциялары, ғылыми мақалалар мен эссе байқаулары ұйымдастырылатын болып шешілген.

Жалпы, Шымкенттегі «Отырар» тарихи кітапханасында жазушы Еркінбек Тұрысовтың әдеби музей-кабинеті ашыл­ғанына алты ай болды. Жазушының торқалы 90 жасқа, әдебиеттегі еңбегіне 60 жыл толуы қарсаңында әдебиет пен тарихымызбен танысуға келушілер ағыны толастар емес.

Қазақ хандығының 550 жылдығы мен облысымыздың 85 жылдығына орай ерте көктемде басталған кітап­ханалар мен әдебиетсүйер оқырманның кездесуі мәдениет пен өнер мерекесіне ұласуда. Ол Арыс қаласында басталған болатын, одан беріде Бәйдібек, Қазығұрт, Мақтарал, Ордабасы  аудандары мен Кентау қаласының халқы Е.Тұрысовпен кездесіп, жазушының шығармашылық жолында жинақталған тарихи материалдарымен кеңінен танысты.

«1982-жылы Қазақстан жазушыларының VІІ съезінде Есенберлиннің қабылдауында болғанмын, – дейді Еркінбек аға өзінің «Темірлан» романын жазуға қалай кіріскені туралы қойылған сұрақтарға орай. – Ілияс Есенберлинге Бауыржан Момышұлы хат жолдапты, хатында тарихи жоба жайында жазсын деп ұсыныс тастаған. Есенберлин осыны тікелей маған ұсынды. Оның үстіне Баукеңнің мұның алдында менің «Көксеңгір» атты тарихи жазбама көз жүгіртіп, тарихты терең етіп кеңінен жазсаң болады ғой, тақырыпты қысып, шағын жазыпсың деп ұрысқан сөзі де бар. Содан 1982-жылдан 1987-жылға дейін ізденумен болдым. Өзіміздің архив­тен, Самарқан мен Ташкенттің архив­терінен көптеген деректер жинақтадым. Деректер Самарқандағы архивтегі Әмір Темірдің «Өсиетнама» кітабынан алынды. Сол кезеңдегі Темірдің сарай хатшысы болған Шараф-ад-дин Иездидің кітабындағы деректер де жазылды. Орыс ғалымы Бородиннің «Самарқанның жұлдыздары» деген деректерімен салыстыра жаздым. Таш­кенттегі архивтен Әмір Темірдің өсиет­намасынан, өзіміздегі архивтегі Рашид ад-Диннің тарихи деректерінен де көп мағлұмат алдым. Бар дерек­терді жинақтап, салыстырып, топтас­тырдым. Осылайша «Темірлан» романы аңыздардан басталып, нақты деректермен толықтырылды».

Соңғы бір айда жазушы ағаның әдеби-музей кабинетіне сынып, курс жетекшілері Нұргүл Бураханова, Зәуре Әнетбекова, Айман Тұрлыбек бастап келген Шымкенттегі Н.Төреқұлов атындағы №62, К.Қасымұлы атындағы №33 жалпы орта мектеп оқушылары мен Аграрлық жол-көлік және мемлекеттік қызмет колледжінің студенттерімен кездесулері аса мазмұнды өтті.

Ұлжамал ҮСЕНОВА,

«Отырар» кітапханасындағы  Е.Тұрысов әдеби кабинетінің хатшысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!