Арманы ақша болған ұстаздардан қорқамын

02.05.2017
Қаралды: 855

«Адамның танымы неғұрлым биік­тей берген сайын дүниенің көкжиегі де соғұрлым кеңейе бермек» деген екен орыс ойшылы А.Радищев. 

Дәл осы сөздің ұс­таз­дарға жүз пайыз қатысы бар. Өйткені олардың бүгінгі замана көшінен қалып кетуге қақылары жоқ. Технологияның қарыштап жатқан кезеңінде жан-жақты білім алып жатқан зейінді шәкірттерді тәрбиелеп, білім шыңына жетелеу – мұғалімдердің азаматтық борышы.

Байыптап қарасақ, қазіргі оқушыны бұдан 20 – 30 жыл бұрынғы оқушылармен мүлде салыстыруға болмайтынын аңғарамыз. Бүгінде ғаламдағы жаңалықтардың барлығы интернет арқылы көз алдыңда тұр. Кез-келген мемлекетке шыға аласың. Ол аз десеңіз, қалта телефоны тағы тұр. Ал бұл құбылыстардың бәрі жақсы болғанымен осы жауапты сында ұстаздардың алатын орны қай дәрежеде деп ойлайсыз?

Өзінің білімімен, қабілетімен көзге түсіп жүрген ұстаздарымыз аз емес. Дегенмен өз ісіне жүрдім-бардым қарайтын жандардың да бар екені рас.

Өз басым тұла бойын тоғышарлық жайлаған ұстаздардан қатты сескенемін. Мысалы, мен бір шаңырақтың астында тұратын ерлі-зайыпты мұғалімдерді жақсы танимын. Тұрмыс­тары да жаман емес. Орталықта үлкен үйде тұрады. Күйеуі түске дейін мектепте болады да, үйіне қарай асығады. Келе сала жеке көлігімен адам тасиды. Кейде тапсырыспен Тараз, Шымкентке де барып қайтады. Әйелінің де тіршілігі күйеуінікіне ұқсас. Қызметінен келеді де, бірден саудаға шығып кетеді. Сонда олар қай уақытта сабаққа дайындалады? Жұмыс жоспарын қашан жазады? Оқушылардың шығармаларын қай уақытта тексеріп үлгереді? Олардан білім алған оқушылар ертең қандай азамат болып шығады?

Жақында сол таныс көкемнің жеке көлігіне отыруға тура келген. «Түнде Түлкібастан Балықтыға төрт адамды он мың теңгеге апарып салдым. Одан аудан орталығы мен Тараздың арасына тапсырыс түсіп, ой бір қолым жүрді дейсің! Айналдырған бір жарым күнде отыз мыңдай ақша таптым», – деп желпініп отыр. Бұл кісі мектепте географиядан сабақ береді. «Сонда сабағыңызға қай уақытта дайындаласыз?» – деп сауалды төтесінен қойдым. «Маған дайындықтың керегі қанша? Онсыз да бес жыл институтта ми шіріткенім жетеді. 45 минутты әйтеуір шатып-бұтып өткізсем болды емес пе? Ең бастысы, қазір ақша керек, інішек», – деді ол кісі өзіне риза кейіпте.

Мен одан әрі ештеңе демедім. Өйткені бәрі айтпаса да түсінікті еді. Көкейін білім емес, ақша тескен оған не дерсің?

Міне, біз бүгінде осындай қоғамда өмір сүріп жатырмыз. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген осы-ау. Ұстаз беделі деген сонда қайда қалды? Мұндайлардан білім алған бала қай ұшпаққа шығады?

Орынтай КӨМЕКОВ.

Түлкібас ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ