Ақпарат

23 жылдан соң табысқан немересін үйлендірді

Қаралды: 785

«Замананың» оқырмандарына  Айдарбек Қыдырбекұлы қарияның есімі жақсы таныс. 

Ол кісі – газетіміздің жанашыры әрі белсенді авторы, «Заманада» көптеген мақалалары жарық көрген. Кезінде оның өмірінде болған бір ерекше жаңалық жөнінде де жазғанбыз.

Немересімен  23 жылдан соң табысқан еді

Айдарбек Қыдырбекұлының жасы қазір 75-тен асты. Ол кісі кезінде Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы саласында жауапты қызметтер атқарған.

Ол кісінің үлкен ұлы Батырхан кезінде Қызылордадағы теміржол техникумында оқыған екен. Сонда оқып жүргенінде бір арумен араларында сүйіспеншілік қарым-қатынас болыпты. Кейін жігіт әскерге алынады да, Ауғанстанда қызмет етеді. Осы жылдар екі жастың арасын алыстатып, кейін кезіге алмапты. Бұл екі арада оның сүйген қызы ұл босаныпты. Ал Батырхан әскерден орал­ғасын басқа қызға үйленеді. Одан екі ұл, бір қыз сүйеді. Батырхан кейін жол-көлік апатынан қаза болыпты.

Ал оның қиын жағдайда қалған сүйіктісі өмірге сәби әкелгесін Байқоңыр қаласына кетіп, сонда медицина саласына жұмысқа орналасқан екен. Ұлын өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірген. Ол үлкен азамат болып, мамандық алып, өмірден өз орнын тапқанынша тұрмысқа шықпапты. Басқа адаммен отбасын бертінде ғана құрған. Қазір оның 6 жастағы қызы бар екен.

Ал Айдарбек қарияның немересі кейін анасынан сұ­рап біліп, әкесі Батырханды іздеген. Ақырында та­уып, Айдарбек қарияның ауылына келген. Өкініштісі, бұл кезде Батырханның өмірден өтке­ніне екі айдың жүзі болған екен.

«Русланның жасы қазір 23-те. Ол өзімізден аумайды екен. Анасы оны жақсы тәрбиелепті. Ол Қазақ Ұлттық университетін бітіріпті, мамандығымен қызмет істейді екен», – деп қуанышын бөліскен еді Айдарбек қария жұртпен сол кездерде.

Сыйлас жанның қызына құда түскен

Міне, Айдарбек қария содан бері немересі Русланмен араласып тұрады. Бір келгенінде немересін өзінің сыйлас досы, қарабұлақтық Рахымтай Бега­лиевтің қызымен таныстырған екен.

«Ирада ОҚМУ-ді орыс, ағылшын тілі пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген, ауылында жұмыс істеп жүрген еді. Екеуін таныстырып, бір-біріңе бөтен емес, Қожаның балаларысыңдар, араласып-сыйласып тұрыңдар дегенмін. Кейін байқасам, араларында сезім пайда болған сияқты. Сосын Ирадаға құда түсуді, немеремді соған үйлендіруді ұйғардым», – дейді Айдарбек қария.

Ол кісінің құдасы Рахымтай өзімен түйдей құрдас, белгілі азамат, филология ғылымдарының кандидаты екен. 50 жыл ұстаздық етіпті, Ташкенттегі Орта Азия Мемлекеттік университетінде, кейін Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде еңбек еткен. Кезінде еркін күреспен айналысқан, бұл спорт түрінен 3 мәрте Өзбекстанның, 2 мәрте Қазақстанның чемпионы болған азамат екен.

Айдарбек қария жағдайды айтып, ойын білдіргенде Рекеңдер де оған қарсы болмапты. Көп ұзамай екі жас шаңырақ көтерген. Айдарбек қария келінді өз үйіне түсіріп, беташар жасап, неке­сін қидырған. Құдалығын да өткізіп алыпты.

Айдарбек қария үйінде болған жиынға өзі араласып, сыйласып жүрген бір­қатар белгілі азаматтарды шақырған екен.

«Мұхаңмен, Мұхтар Шахановпен құрдас адамдармыз, ол кісіні жақсы танимын. Қызықшылық ішінде болыңыз деп өтінген едім, сөзімді жерге тастамады. Жиынға қатысып, оны сөз сөйлеп ашып берді. Мұхаңның адамгершілігіне риза болдым.

Бүгінде Алматыдан шығатын «Қазақ Елі» газетінің өзіміздің облыстағы меншікті тілшісі болып жүрмін ғой. Газеттің бас редакторы Қа­жы­мұқан Ғабдолламен де сыйластығым бар, тойыма оны да шақырдым. Көңіліме жақын тағы да бірер азаматтарды шақырған едім, түрлі себептермен келе ал­мады. Жалпы, құдалық күту шарасы қызықты болып өтті», – дейді А.Қыдырбекұлы.

Қарабұлақ пен Байқоңырда өткен той

Ал құдалар жағы қыздарын 25-наурызда той жасап ұзатыпты.

«Той Қарабұлақтағы «Чарос» мейрамханасында болып өтті, – дейді Айдарбек қария. – Қызықшылыққа Рекеңнің Ташкенттен көптеген туыстары, достары келіп қатысты. Ол кісінің жары Гүлнәр Термез қаласында туып-өскен, ол жақтағы қайын жұртынан да көптеген адамдар келді. Қысқасы, құдамыз қызының ұзатылу то­йын дүркіретіп өткізді, оған 400-ден аса адам қатысты».

Ал Байқоңырдағы келін түсіру тойы 31-наурызда болып өтіпті.

«Тойға ағайын-туыстар түгел дерлік бардық, – дейді Айдарбек қария. – Руслан балам Байқоңырда тұрады, өзінің екі бөлмелі пәтері, жеке көлігі бар. Өзі сот-сараптау бөлімінде сарапшы болып жұмыс істейді. Тойға оның ұжымынан да адамдар көп келді. Келіннің, яғни Русланның анасының да сыйластары көп екен, тойға қатысып, ізгі тілектерін білдіріп жатты.

Русланның анасы отбасында 6 бала болып өскен екен, бауырларының бәрі де тойға қатысты. Әкесі осыдан біраз бұрын дүние салған екен. 80 жастағы анасы да тойға келе алмады.

Жалпы, Байқоңырдағы той да өз дәрежесінде өтті. Осылайша жастардың басын қосып, той-томалағына атсалысып, көңілді бір жайлап отырмыз».

...Айдарбек қариядан біз осындай әсерлі әңгіме естідік.

Айта кетейік, Айдарбек Қыдырбекұлы жан жары Сапура апамен бірге өмірге  5 қыз, 2 ұл әкелген. Бүгінде осы ұрпағынан көрген 30-ға тарта немере мен оншақты шөбереге ата-әже болып отыр.

Біз газетіміздің тұрақты оқырманы, белсенді авторы Айдарбек қарияға көрер қызықтарыңыз жалғасын таба берсін деген тілек білдіреміз.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру