Ақпарат

Жыланды жұтқан қораз

Қаралды: 862

Біз отбасымызбен түгел «Замана» газе­тінің тұрақты оқыр­ман­дарымыз. Газет­теріңізден көптеген қызықты мақалаларды оқып тұрамыз. 

Осы орайда өзіміз көзбе-көз куә болған мына бір қызық оқиға туралы сіздерге жолдап отырмын.

Өткен жылы жазда біздің аулада ерекше бір оқиға болды. Оны атам Тыныштық екеуміз көрдік. Атам жұмысқа барайын деп шыққан, ал мен тауықтарға жем шашып жатыр едім. Кенет тауықтар тынышсызданып, «қоқақтап» кетті. Не боп қалды деп таңданғанбыз.

Сол кезде біздің қызыл қораз бақша ішіндегі арыққа қарай жақындай түсті. Дауысы қаттырақ, айбындырақ шықты, «қо-оқ, қо-о-оқ» деп қояды. Қарасақ, арық ішінде ұзындығы  20 сантиметрдей жылан жылжып барады екен. Қораз болса, оған адымдай жетіп барды да, басынан шоқып-шоқып қалды.

Негізі жылан өте сұсты, суық болады ғой. Мен оны қоразға ұмтылып, бір зиянын тигізетін шығар деп қорықтым. Бұл кезде атам болса қораз жыланның көзін шұқып ағызып жібереді, сосын оны тауықтар жабылып жеп қояды деп ойлапты. Себебі тауықтар да «қоқақтап», ол жаққа үйіріле қарап тұрған болатын.

Осы кезде бәрімізді таңқалдырған оқиға болды. Қызыл қораз жыланның басынан тістеп алып, бірнеше мәрте ырғап,  кәдімгі жүгері жұтқандай қылғытып жұтып жіберді.

Бұған біз таңқалдық. «Мұндайды өмірімде көрмеген едім. Жыланның басы ініне бір кірсе шығару қиын деуші еді, осы жылан қораздың өңешіне өзі кіріп кетті-ау. Енді тұншығып өлетін шығар. Қораз да енді көп ұзамас, денесіне жыланның уы тарап өлетін болар. Союшы болмаңдар, зияны тиіп жүрер», – деді атам қауіптеніп.

Бір қызығы, біздің жылан жұтқан қызыл қоразға түк те болған жоқ. Оған не болар екен деп қадағалаған едік, алғашында екі күнге дейін тек қана су ішіп жүрді, кейін жем жей бастады.

Естуімізше, жыланнан қорқатын адамдар үйінде тауық, мысық, кірпі ұстайды деседі. Өйткені олар жыланның табиғи жауы саналады екен. Осы рас-ау деп түйдік біз.

Біздің Бәйдібек ауданында «Жыланды» деп аталатын ауыл бар. Алғаш адамдар қоныстанғанда ол жерде жылан көп болған екен. Жұрт қорқып, бұдан қайтіп құтыламыз дегенде ауылдың көпті көрген бір қариясы: «Үйлеріңде тауық пен мысық асыраңдар. Олар жүрген жерде жылан болмайды», – деген ақыл беріпті. Жұрт сол кісінің ақылымен әрекет етсе керек, бүгінде ол ауылда жылан жоқ екен. Жыланды бүгінде тек далалы жерлерден ғана кезіктіруге болады.

...Ал біздің жылан жұтқан қызыл қораз қазір де аман-есен жүр. Сіздерге оның суретін қоса жолдап отырмын.

Асылзат ДӘУЛЕТҚЫЗЫ,

«Шаян» лицей-мектебінің 6 «Ә» сынып оқушысы.

Бәйдібек ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру