Ақпарат

Отпен де, шоқпен де ем жасайтын дәрігер

Қаралды: 569

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Батыс пен Шығыс медицинасын қатар меңгерген дәрігер. 

Сонымен қатар бес ғасыр бұрынғы ем тәсілдерін бойына сіңірген жан. Ол науқастарды тек табиғи дәрмектермен емдейді. Тәсілі де өзгеше: отпен және шоқпен шипа дарытады. Дәрігерлік тәжірибесін шипагерлік баянмен байланыстырған Жарқын Шұғаев (суретте) Қытайда туып-өскен. Қандасымыз Қызылорда қаласында жеке емдеу орталығын ашпақ екен. Ол келушілерін көнеден келе жатқан халық медицинасы тәсілдерімен емдеуді дұрыс көреді. Айтуынша, оның артықшылығы көп екен. Дәрігер бізге осы жайлы айтып берді.

Көне тәсілдермен

ем жасайды

– Мен Үрімші қаласында жоғары медициналық білім алдым. Қытайда медицина ішкі, сыртқы, әйелдер және балалар бөлімі болып төртке бө­лінеді. Оның алғашқысы ішкі құрылыс мүшелерін емдеуге бағытталған. Ал сыртқы бөлім дегеніміз Батыстың хирургия саласы, онда ота жасалуға тиіс аурулар қаралады. Әйелдер мен балалар бөлімі айтпса да түсінікті. Осы төрт бөлім өз ішінде тағы бір­неше тармақтарға таралады. Мен соның ішкі бөлім дәрігерімін. Үрімшіде 17 жыл қалалық ауруханада қызмет еттім. Қазақстанға келіп ем жасап жүргеніме үш жылдай болды. Рас, әлі де Қытай азаматымын. Дегенмен болашақта тү­бегейлі тарихи отаныма көшіп келмекпін. Қызылордада жеке емдеу орталығын ашуды қолға алып жатырмын. Әзірге шақырту бойынша жылына 2-3 рет келіп, әр жолы 30-40 күндей сол жерде ем жасап жүрмін.

– Олай болса айтыңызшы, Қазақстан мен Қытай медицинасында, яғни емдеу мәселесінде айырмашылық бар ма?

– Бар. Бұл жақта химиялық емді көп қолданады екен. Ал Қытай алты түрлі медицинаны қатар дамытып, қолданып отырған ел. Оның біріншісі – Тибет медицинасы. Одан кейін Қытай, сосын Моңғол, Ұйғыр, Батыс және Қазақ медицинасы деп бөлініп қаралады. Мұның қай-қайсысында да байырғы ұлттың табиғи шөптер мен көне тәсілдері мақұлданған. Яғни әр ұлттың ғасырлар бойы жинақтал­ған емдеу амалдары қарастырылады. Осының ішінде Батыс медицинасынан өзгесінде түгел түрлі ауруға қарсы қолданатын табиғи өсімдіктер мен заттардан болатын шипаға басымдық берілген. Тек Батыс медицинасы ғана химиялық дәрі-дәрмектерді қолданады. Ал оның денсаулыққа оңды әсері мен зияны тең. Сіз сұраған айырмашылық сол – Қытайда мүмкін­дігінше  зияны жоқ жолмен емдеу дұрыс саналады. Химиялық дәрі-дәрмек тек басқа жол қалмағанда ғана қолданылады.

 

2000 түрлі рецепт

біледі екен

– Сіз айтқан бес ұлттық медицина да табиғи өсімдіктерден жасалатын дәрмектерге ден қойған болса, бір-біріне ұқсас жағы көп шығар?

– Ұқсамайды. Әр ұлттың өзінің жинап-терген тәжірибелері болады. Мысалы, Қазақ медицинасын алайық. Оның негізін 1388 жылы өмірге келген қазақтың әйгілі шипагер ғалымы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы салған. Осы бабамыздың  «Шипагерлік баян» кітабында адамға ем болатын 1200 түрлі нәрсе айтылады. Оның 900-і – өсімдік, 300-і хайуанаттардан алынатын заттар. Тағы 60 түрлі минералдық зат бар. Рецептінің өзі 2000-нан асады. Бұл мағлұматтарды зерттеген Қытай ғалымдары қазақ халқының емдеу тәсілдерінің керемет­тілігін мойындаған. Сосын ондағы бір жарым миллион қандасымыздың бірлігінің арқасында Қытайда Қазақ медицина ғылым академиясы құрылды. Қазір Үрімшіде 2 Қазақ медициналық сыныбы ашылды. Онда қазақ халық медицинасының емдеу тәсіл­дері оқытылады. Мысалы, біздің халықтық медицинамыздың оташылық тәсілі ерекше. Ал Ұйғыр медицинасында тері ауруларын емдеу күшті дамыған. Моңғол медицинасы ішкі ағза ауруларын жақсы емдейді.

– Сіз осы алты халық медицинасының қайсысын қолданасыз?

– Әрине, Өтейбойдақ бабамыздың жолын ұстандым. Қазақ медицинасының негізінде ем жасаймын. Бабамыздың кітабы – менің бағдаршамым. Мәдениет, дәстүр, жағрапия, денсаулықты қатар ұштастырған бұл кітап­тан аларым әлі де көп. Дегенмен Тибет және Қытай, Батыс медицинасын да оқыдым. Өйткені оның да ем жасауда көмегі көп. Науқас адамның тамырын ұстау арқылы аурудың өзін, сосын түп-төркінін анықтаймын. Сосын қай медицинаның емін қолданған жөн екенін ойланамын.

– Сонды нақты қандай тәсіл­дермен емдейсіз?

– Ине және от терапиясы, банка қою, қыздыру, массаж, үгу, үзу. Сосын кей кезде дайын шөп тұнбаларын қолдануға кеңес беремін. Бірақ көп жағдайда Қытайдан алдыратын шөптерден тұнбаны өзім әзірлегенді қолай көремін. Өйткені адамның ауруына қарай қайсысынан қанша мөлшерде қосу керектігін есепке аламын. Онда да шөп дәріні ішкеннен бастап әр екі күнде тамырын ұстап отырып оның әсерін бақылап, қажет болса кей­бірінің мөлшерін көбейтіп, енді бірінің мөлшерін азайтып отыруға тиіспін.

– Қазақстанда ем жасап жатқаныңызға үш жылдай болыпты. Қандай аурулар көп деп айтар едіңіз?

– Суықтан болған және буын қабынуы бойынша көп келеді. Жүрек-қан тамыры, ас қорыту жолдары жұмысы бұзылғандар, қан қысымы жоғарылар, тұз белдеме (остеохондроз), омырт­қа, ішкі ағза аурулары көп екенін байқаймын. Мұндай науқастарды мен 7, 10, 15 күн емдеймін.

– Еңбегіңіз сәтті болсын!

Редакциядан: дәрігер Жарқын Шұғаевқа 8-771-577-71-08 телефоны арқылы хабарласуға болады.

Сұхбаттасқан – Р. САҒАТҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікірлер   

 
0 #1 Светлана 01.05.2017 09:23
Амансыз ба,дəрігер мырза!Сұрағым:Г ипотит С балама осы диагноз қойды,ем айта аласыз ба? (Қарағанды)
Дәйек алу
 

Пікір қалдыру