Есігінің алдында есектен басқа түгі жоқ

01.05.2017
Қаралды: 930

Осыдан біраз бұрын болған мына оқиға есіме түсіп отыр. Сол кезде іс-сапармен тау қойнауына орналасқан шағын ауылдардың біріне жолымыз түскен еді. 

Ол жақтан ой арқалап оралғанбыз. Осыны кей адамдарға ой сала ма деп жазып отырмын.

Ол ауылдың маңынан шағын өзен өтеді екен. Оған қоса әр жерде бастау, бұлақтары да көп, тұрғындары ауыз судан онша азап шегіп жүрмегендері байқалады. Айналдырған отыз шақты отбасының ішкендері алдында, ішпегендері артында. Малдары жақын жердегі жоталарда жайылып жүр. Ауыл тұрғындары қарамағындағы жерге көкөністің көптеген түрін өсіріп, бала-шағаның ризығын айырып отыр. Бау-бақшалары да ерекше жайқалып өсіп тұр.

Осы ауылдың шетінде Қайырбек деген көкем тұрады. Кеңес Одағы кезінде айтулы механизатор болған. Бір өкініштісі, ол кісінің қазіргі тұрмысы тым жүдеу болып көрінді біздің көзімізге. Көнелеу келген бес бөлмелі үйінің сырты ала-құла. Дер кезінде сыланып, әктелмегендіктен  кей кірпіштері мүжіліп тұрғанын байқайсың. Үйіне жақын соғылған мал қорасының да жағдайы оңып тұрғаны шамалы. Қырық жамау шифері тым ескіріп кеткен. Жұрттың айтуынша, бұл отбасында тіпті мал атаулы жоқ екен. Бау-бақша, көкөніс егуді мүлде ойламайтын көрінеді.

Әріптесім екеуміз сол үйдің есік алдында бірер сағаттай аялдадық. Өйткені көлігіміз кешігіп жатқан еді. Үйдегі жеңгеміз шаң басып кеткен түсі белгісіздеу көрпешені бұрқ еткізіп жыртық текеметтің үстіне сала берді. Қайырбек көкем қайдан әкелгені белгісіз арзанқолдау арақты дастархан үстіне қойды. Бір сағатта әрең қайнаған шай әкелінді.

«Балалардың бәрі алыста, құрылыста жүр, – деді ол кісі шай үстінде. – Үйде жеңгең екеуміз ғана. Жұмыс жоқ болғандықтан тек қана пенсиямен күн көріп отырмыз. Екеуміздікін қосқанда 60 мың теңгеге әзер жетеді. Менің көптен бері аяғым ауырады, жеңгелеріңнің белі шыдамайды, сондықтан мал ұстай алмаймыз, ештеңе екпейміз. Огород егіп машақат көргенше базардан дайынын сатып алып жегеніміз олжа емес пе?»

Көкемнің үйінде осылайша төрт адам шай ішіп отырдық. Жегеніміз  қолдың наны емес, қатыңқыраған, оның үстіне көгере бастаған бөлке нан екенін де аңғарып қалдым.

Осы кезде әбден сарғайып, қартайып кеткен жоңышқаның ортасында арқандаулы тұрған қара есек жер дүниені басына көтере ақырып қоя берді.

Әріптесімді қайдам, мен өзім ұзақ ойға беріліп кеттім. Бұл отбасы қалада тұрса мейлі, бәріне де кешіріммен қарауға болар еді. Ал ауылдың қақ ортасында, сарқыраған өзен жағасында отырып, бар азық-түлікті базардан сатып алардай бастарына не күн туды соншама? Егер бау-бақша, көкөністің түр-түрін егіп, еткен еңбектің жемісін көрмесе, онда ауылда тұрудың не қажеті бар осы?

Ал жоңышқасында есек жайылып тұрған көкемнің ойында ешнәрсе жоқ. Арзанқол арақты аузына жиі апарып, «закускаға» қатқан нанды қанағат етіп жайбарақат отыр.

Көп ұзамай күткен көлігіміз де көрініп, біз кетуге ыңғайландық. Қайырбек көкем арақтың соңғы стаканын өңешіне төңкеріп, жоңышқада арқандаулы тұрған есегіне қарай беттеді. Сірә қара есектің су ішетін уақыты жақындады-ау деймін.

Егесін көріп қара есек және бір ақырды. Ал біз болсақ қара есектен басқа үретін иті  де жоқ бұл үйден көңілсіз күйде ұзап шыға бердік.

О. КӨМЕКОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ