«Кәсіби халық емшілерін заңды негізде бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын», – дейді «Әлемнің №1 емшісі» атанған азамат

01.05.2017
Қаралды: 1135

Кешегі аптада Шымкентке «Әлемнің №1 емшісі» атанған азамат, «Кәсіби халық емшілері мен дәрігерлердің дүниежүзілік қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің президенті  Бауыржан Нұржанов келді. 

Ол кісі облыс орталығында кәсіби халық емшілерінің семинарын, сонымен қатар емдік сеанстар өткізіп, науқастарды тегін емдеді және онымен бір мезгілде жергілікті емшілерге өзінің шеберлік класын жүргізді.

Бізге осы жиын кезінде Бауыржан Нұржановтың өзі­мен әңгімелесудің сәті түсті.

«Шымкентке келу мақсатымыз – осы Оңтүстік Қазақстан облысындағы әріптес­терімізбен тиісті жұмыс жүр­гізу, – деді Бауыржан Әбіл­даұлы біздің қойған сауалдарымызға орай. – Бұл жақтан кезінде мекемемізге 30 адам тіркелген еді, солардың 5-еуі ғана жұмыс істеуде екен, қалғандарынан хабар жоқ. Негізі жұмыс талап­қа сай, заңды болуы тиіс, тәртіп болуы керек. Сондықтан бізбен бұдан әрі қарай да бірге жұмыс істеймін деушілер құжаттарын реттеп, аттестациядан өтуді жалғастыруы керек, ал қатынасты үземін дегендер бұл жөнінде арыз жазып, мүшеліктен шығуы тиіс. Өйт­кені кейбірінің жұмысына байланысты жағымсыз мәселе туындағандай жағдай болса ол үшін біздің мекеменің, филиалдың жа­уап беруіне тура келеді.

Бүгінде Қазақстан бо­йынша заңды тіркелген 14 филиалымыз, 1710 емшіміз  бар. Таяуда «Ел ішінде емші жүр» деген атпен қайырымдылық бағдарламасын ұйымдастырғанбыз. Бұған дейін екі облыста болып, енді Шым­кентке келіп отырмыз.

Сәті түсіп тұрғанда айта кетейін, мен Шымкенттегі, Оңтүстік Қазақстан облысындағы әріптестеріме, әріптес боламын деушілерге кәсіби халық емшілігін жолға қою, оның туын көтеру үшін тиісті мекемелерге тіркеліп, тиісті құжаттарын алып, ауызбір­шілікте жұмыс істеуді ұсынамын».

Бәкең осылай дейді. Ол кісі Оңтүстік өңірінен өзі басқарып отырған кәсіби халық емшілері қауымдастығына мүшелікке өтуге ниет­тенген халық емшілерінің әрқайсысы психикалық-неврологиялық, тері-венерология­лық, наркологиялық, туберкулезге қарсы диспансерлерден, сондай-ақ тиісті орындардан сотты болмағандығы туралы анықтамалар, соңғы  кезде түскен суреті мен жеке басын куәландыратын құжатының кө­шір­месін өткізуі тиістігін жеткізді.

«Әріптестерімізбен, мүше­лікке үміткерлермен алғаш­қы оқыту курстарын жүргі­земіз, – дейді Б.Нұржанов. – Олардың әрқайсысының өзіндік бағдарламалары бо­лады. Алғашқы оқытудан өткені туралы тиісті куәлік беріледі. Сосын әріптес­терімізді қайта даярлаудан өткіземіз. Одан кейін басқа ауқымда біліктілігін жетілдіру сабақтары өтіледі. Жылына бір мәрте аттестация болып тұрады.

Әріптестерімізге арнайы төсбелгілер және жарамдылық мерзімі 3 жылдық плас­тикалық карталар беріледі. Картаның арнайы коды бо­ла­ды. Осы арқылы кез келген кәсіпқой емші туралы қажетті мәліметтерді білу­ге болады.

Біз осыған дейін елі­міздің 14 облысында түрлі тақырыптағы арнайы семинарларды өткізгенбіз. Алдағы шілде айында лауазымды тұлғаларға арнал­ған семинар-тренинг өткізуді жоспарлап отырмыз».

...Қысқасы, Бауыржан Нұр­жанов Оңтүстік өңіріне осындай маңызды шаруалармен келіпті. Ол кісі Шымкентке жалғыз келген жоқ. Жанында Б.Нұржановтың өзі басқаратын «Шапағат» халық емшілері ме­ке­месі құрылтайшыларының бірі, Мысыр елінен Қазақстанға тұңғыш рет «Алтын ине»  аталымының сертификатын алып келген, мекеме прези­дентінің емдеу тәсілдері жөніндегі кеңесшісі Сабыр Сейітханұлы, меке­менің бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы, емші Мұрат Байғабылов, Қытайдан Қазақстанға қоныс аударып, бүгінде Қызылорда қаласында тұрып жатқан кәсіби халық емшісі Жарқын Шұғаев, Б.Нұржановтың көмекшісі, жас маман, сылап-сипаушы Азамат Байкөшкенов болып, тиісті емдеу шараларына қатысты.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!