Ақпарат

Президент Шымкентке келді

Қаралды: 151

Кешегі аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысына келді. 

Президент жұртшылықпен кездесті, бірқатар кәсіп­орындарды аралап, жұмыстарымен танысты.

Бірінші кезекте Елбасы қаламыздағы салынып жатқан  «Қазақ Еліне – мың алғыс!» ескерткіш-кешенін барып көрді. Бұл монумент облысымызда мекендейтін 20 ұлттың мәдени орталықтары өкілдерінің бастамашылығымен бой көтеруде. Президент осындағы кездесу кезінде еліміздің алға қарай дамуында Қазақстанды мекендейтін ұлттардың бірлігі мен ынтымағының маңызды орны барын атап өтті.

Бұдан кейін Президент Шымкенттегі терезенің алюминий профильдерін шығаратын «Gold Alumіnum» серіктестігінде болды. 2013-жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл кәсіпорын бүгінде өз өнімдерін Қазақстанға ғана емес, Ресейге, Украинаға, Қырғызстанға, Түркіменстанға және Тәжікстанға  шығарады. Президент қажетті тауарларды өзімізде шығару дәрежесіне жеткенімізге ризашылығын білдірді, мұның ел экономикасын көтеруде маңызды роль атқаратынын айтты.

Облысымызда соңғы 3 жылдан бері жемісті жұмыс жүргізіп жатқан кәсіпорынның тағы бірі – «Dala – Frut.kz» компаниясы. Оның 106 гектар жерді қамтып жатқан аумағында қазір 200 мыңнан аса жеміс ағаштары өсіп тұр, алғашқы өнімін беріп жатқандары да бар. Елбасы  осы кәсіпорында болып, оның жұмыс қуатымен таныс­ты.

Президент «Ақсанат инжиниринг» агроөнеркәсіп кешенінде де болды. Бұл компания асыл тұқымды сиыр өсіруде, ол бекіре балығын өсіруді де жолға қойып отыр.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы елімізді күркетауық етімен қамтамасыз етіп отырған «Ордабасы құс» фабрикасын, «Хамит» әлеуметтік-кәсіпкерлік компаниясын аралап көрді.

«Осыдан 10 – 15 жыл бұрын мұндайды өзімізде істеу мүмкін емес сияқты көрінетін, – деді Елбасы. – Енді, міне, өзіміздің де қолымыздан келетінін өмір көрсетіп отыр».

«Dala – Frut.kz» серіктестігінде жұртшылықпен болған кездесуі кезінде: «Оңтүстік Қазақстан – біздің ұлттық құндылықтарымыз көп сақталған, мәдени мұрасы мол өңір. Мұнда 800-ден аса тарихи-мәдени ескерткіштер бар. Осының бәрін кейінгі ұрпақ үшін сақтау керек, жастардың бо­йына отаншылдық рухын сіңіру қажет», – деді Президент. Ол кісі мектептерде үштілділікті тереңірек ендіру, кәсіпкерлікті барынша қолдау, инвестиция тарту, туризмді дамыту, жұмыспен қамту және тағы басқа да мәселелер бойынша атқарылар жұмыстар жөнінде айтты.

Осы жиын кезінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысына облыстың әлеу­меттік-экономикалық дамуы жөнінде баяндады, проблемалардың қалай шешіліп жатқаны жөнінде айтып берді.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру