Ақпарат

Шашын қызылға бояп, шарап ішетін енелер кімге үлгі болмақ?

Қаралды: 686

Таяуда Таразда тұратын апкемнің үйіне қонаққа барған едім.  Әпкем Мақпал  Пірманова – бүгінде бір баланың анасы, дүкенде жұмыс істейді. 

Ол қазір енесімен бірге тұрады. Сол күні дастархан басында ене мен келіннің ара қатынасы туралы әңгіме қозғалды.

«Осы үлкендердің басы жинала қалса болды, келіндерін жамандай жөнелетіні несі екен? – деді әпкем. – Басында қызымдай көремін деп алады да, таңертең ұйқыдан сәл кешігіп тұрса бітті: «Тал түске дейін ұйықтайды. Тамақты дұрыстап пісіре алмайды. Үйді күнде жинамайды. Бала-шағасына сабақ үйретпейді», – деп жамандай жөнеледі.

Бір күні дүкенге жасы 50-дің шамасындағы әйел келіп, келінін жамандай бастады. «Күнде үйді жинай береді, жинай берме деп ұрысқан едім, қойдай жуас болып жүретін келінім маған сөз қайтарды», – дейді. «Әпке, сіздікі мүлдем қызық екен. Кей енелер келіндеріне үй жинамайсың деп ренжиді ғой. Келінім басында жуас еді дейсіз, басында жуас екен деп басынып, төбесіне мініп аласыздар. Содан соң әртүрлі сөздер айтып, тірлігіне айып тағасыздар. Шыдамның да шегі бар ғой, қашанға дейін сіздердің айтқандарыңыздан шықпай жүре бермек? Оның да жұртпен араласқысы келеді емес пе? Барды барында бағалай білу керек қой. Сізге тәрбиесі нашар, дөрекі келін жолыққанда қайтер едіңіз?» – деген едім, ұялып қалды, дүкеннен үнсіз шығып кетті.

Айтайын дегенім, «қазіргі келіндер ондай», «қазіргі келіндер мұндай» деп жамандай бермей, енелер бірінші өздері үлгі боларлықтай тірлік істесе екен деймін. Шалбар киіп, шашын қызылға бояған енелерден қандай тәрбие болмақ? Одан қалса балағаттап сөйлейді, шарап ішетіндері бар. Бұрынғы енелерімізде өнеге-үлгі көп болған ғой. Бастан орамалдарын ешқашан шешпеген. Ер кісіге қарсы сөйлеу былай тұрсын, алдын кесіп өтпеген. Бүгінде келінін қызындай көріп жүргендер бар болғанмен саусақпен санарлық қана қалды. Бұлай кете берсек болашақ ұрпағымыздың күні не болмақ?»

Әпкем осылай дейді. Маған бұл қатты әсер етті. Осындай жайларды әрбір ене мен келін ойлай жүрсе дұрыс болар еді. Сонда «жаман» адам қалмас еді деп ойлаймын.

 Р. ӨМІРЖАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру