Ақпарат

Телефон үшін тамырын тілген оқушы

Қаралды: 309

Бұл өмірде әркімнің бір мұңы бар. Менің қызым өсе келе өзіме сөз қайтаратынды шығарған еді. Ұрыссам, тыңдамайды. 

Ұрып та көрдім. Болмады. Бір күні қатты ашуыма тигенінде: «Адамды азғырушы шайтан ішінде түртпектеп отырады. Сен шайтанның тіліне еріп, оның әскері болғаныңды білмей жүрсің!» – деп ұрыс­тым. Бала күнімізде анамның осылай ұрыс­қаны бар еді. Сол есіме түсті. Осы әсер етті ме, әлде өзі ақылға келді ме, содан кейін қызым сөз қайтарып менімен ұрыспайтын болды.

Өткен аптада сабақтан келген соң қызым: «Апа, сіздің ұрсып тұрғаныңыз жақсы екен. Біздің сыныпта бір қыз бар, оны ешкім жақтырмайды. Бүгін сол қыз білегін дәкемен таңып келіпті. Себебін сұрасақ: «Әке-шешем қалаған «соткамды» әпермегені үшін өлгім келді. Сосын қолымды тіліп тастадым», – дейді. Онымен көрші тұратын Рысжан дейтін қыз: «Әке-шешесі жазда үлкен үй салған. Соны бітіріп бола алмай, қиналып жатқанда Көркемнің мына ісі дұрыс емес», – деді. Рысжан күніге көреді екен, Көркемге анасы ешқандай тірлік істетпей, бәрін өзі істеп жүре береді дейді. Бұл болса, смартфоннан «ВК», «Инстаграм­ға» кіріп, «селфи» жасап, «ВК»-дағы «стенасына» «алма жеп отырмын», «мысығымды сипап отырмын» деген сықылды мән-мағынасы жоқ сөздер жазып, ерігіп  отырады екен. Оны сыныптағы ұлдар да оқып, мазақ қылып жүр», – деді.

Мен қызыма: «Бір сыныпта оқыған соң бір-біріңе жанашыр болуларың керек. Оған ата-анаң қиналып жүргенде бұлай жасағаның дұрыс емес деп ақылдарыңды айтпадыңдар ма?» – десем, қызым: «Ол біз түгілі апайларды да тыңдамайды. «Өз өмірім. Өзім білемін!» – деп үп-үлкен апайлармен тайталасып отырады. Ешқайсысымыз оны жақсы көрмейміз, қасына жолағымыз да келмейді», – деді.

Тағы біраз күннен кейін қызым сол қыздың әке-шешесі 80 мың теңгеге смартфон, 5 мың теңгеге «чехол» әпергенін айтып келді. Оны көрген сыныптас достары: «Қуанып қалдың ба?» – деп сұраса, әлгі қыз: «Несіне қуанам? Бәрібір алатынымды білдім ғой» – деп жауап беріпті. Осыны әңгімелеген қызым: «Ең болмағанда әке-шешесіне рахмет те айтпаған ғой. Соның бар айтқанын істеп, алдарында жүгіріп жүрген ата-анасы да ақымақ екен», – деді.

Мен қызыма ештеңе айтқан жоқпын. Бірақ іштей «Ұлың өссе ұлы жақсымен ауылдас бол, қызың өссе қызы жақсымен көршілес қон» деген ата-бабамыз қандай данышпан еді деп ойландым. Себебі «Ауру – ауысады, ырыс – жұғысады» дегендей, сол қыздың әлгіндей кесірлігінің бір шеті біздің де балаларымызға жұға ма деген қаупім жоқ емес.

Жалпы, баланың жақсы азамат болып өсуі үшін ата-ана оған қандай тәрбие беруі керек? Білгендеріңізді ортаға салыңыздаршы! Ал мына қыздың мінез-құлқына қатысты қандай ой айтар едіңіздер?

К. ТӨРЕБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру