Ақпарат

Қорланған елге қол ұшын беруді парыз деп білген

Қаралды: 532

Алаш арыстарының бірі, ұлтының қамы үшін басын бәйгеге тіккен атпал азамат, кезінде халқына «Оян, қазақ!» 

деп жар салып өлең жазған ақын-қайраткер Міржақып Дулатов 1929-жылы «Ұрпаққа хат» деп өз естелігін жазып қалдырған екен. Мұны «Ұлт. kz» ақпараттық порталы жариялапты.

Міржақыптай Алаш арысының айтқан сөздері бүгінгі қазақ қауымына да ой салса екен деген ниетпен назарларыңызға ұсынып отырмыз. Оқыңыз, ой түйіңіз, оқырман!

Қазақ халқы. Қазақ халқының жай-күйі. Кім жеріне жетіп тексереді, қан жылап жүрген қайғылы халін жүрекпен сезіп, кім ескереді?

Губернаторлар мен ояз бастықтарын былай қойғанда, қазақтың қара шекпендісі ең кіші урядниктің алдында қалтыраумен күн өткізді, түкке тұрғысыз тілмаш шенеуніктері болыс әміршілері қолдарымен от көсеп, одан сайын үрей шақырып, ұлтты адам төзгісіз қорлауға көндіріп келді; дүрелеу, зорлық, пара алу, өтірік ақпар беру үйреншікті мінезге айналды; қазақ әйелдері күң есебінде кісі есігінде жүрді, ең тәуір жер жосқындап келіп жат­қан отырықшыларға тартып әпе­рілді, ал жергілікті қазақтар тұруға жарамсыз, сусыз, шөбі тықыр құмға қуылып тасталды.

Ақ патша үкіметі осы халықтың көзі ашылсын-ау, ойы оянсын-ау деп мектеп ашудың орнына, керісінше, өз қаражатымен мектеп ашуға ұмтылған адамдарды (мысалы, Қосшығұлов, Науан хазірет) айыптап, тыйып отырды; оларды Якутия­ның ақ қар, көк мұз елсізіне жер аударды. Дәрігерлік көмектің не екенін жергілікті жұрт үш ұйықтаса түсінде көрмеді.

Айтуы жоқ алым-салық, зіл батпан жылу жинау онсыз да сорлап жүрген кедей сорлылардың айналып келіп мойнына ілінді. Бірнеше жүз бас малы бар әлділер 5-10 тұяқтың ізіне қараған мүсә­пірмен тең бірдей салық төледі. Әділетсіздік қадам басқан сайын кездесті. Тіпті заң, әділет деген сөзді ұлтымыз ұмытып үлгерді.

Қазақ халқы тап осындай күңгірт өмірде өлместің қамымен жүріп жатқан кез. Ақ патшаның отарлау өмірі бұл халықты қаратабан етіп, жерге қаратып, жұтып бітсе, сарайдағыларды алтынға малып, әруағын зау биікке көтере түсті.

Осылардың бәрін көріп-біліп, сезініп өскен байғұс басым өзімнің тақыл-тұқыл білімімді осынау қорланған, намысы тапталған, мүсәпір болған халқыма бағыштап, қол ұшын беруді перзенттік парызым деп санадым. Ол жылдарда бізде жазба әдебиет жоққа тән еді, ал мер­зімді басылым болмады. Не істеу керек? Ойлана келе баспасөзде үн көтеруді жөн санадым. 1910 жылы «Оян, қазақ!» деген атпен өлең кітапшам жарық көрді. Аз уақыттың ішінде бұл кітапша екі мәрте қайта басылып үлгерді. Мұнымен бірге «Бақытсыз Жамал» деген повесім басылып, халыққа тарады. Бұл кітаптар өзімізде баспахана болмағандықтан татар баспаханасында басылды.

Осының өзін көп көрді ме, қазақ кедейлерінің арасында төңкерісшіл әдебиет пайда болды деп жандарм басқармасына ұзынқұлақ жет­кізген үндеместер табылды. Ұстап, 1911 жылы абақтыға жапты. Төрт қабырғаға тел­міріп, екі жылым зая кетті. Сонымен бұдан кейін-ақ қазақтар арасында атым кең жайылып кетті.

Маңайдағы болып жат­қан не сұмдықты көріп жүріп, біліп жүріп, қорғаушысы, панасы, қол берушісі  жоқ жұртқа жанымыз ашып, біз­дер сол кезеңде үкіметке қарсы  әрекеттің қажет еместігін түсіндіруге тырыстық. Көте­рілген жағдайда қанның көп төгілетінін, екі жақтың күші тең еместігін халыққа айтып ұғындыру жолын ақылдастық. Кейінше барып, «жау кеткен соң қылышыңды боққа шап» дегеннің керін жасап, базбір жолдастар бізді кезеңі келгенде халық қозғалысын басқара алмады, ақ патшаның құйыршығына айналып кетті деп кінәлай бастады. Мұндай сөзді сол кезеңнің нағыз шын жағдайы мен жай-жапсарын көз жеткізіп білмеген адамдар ғана айтады. Білген болса айтпас еді.

Шындығында біздер халықтың басын бәске тіккіміз келмеді. Халық тағдыры карта ойыны емес. Қолымыздан келгені – «Қазақ» газетінің редакциясы болып майдандағы окоп қазуға, тыл жұмысына жөнелтіліп жат­қан қазақтарға көмек көрсе­туді ойластырдық, осы мақсатпен бүкіл қазақ оқығандарына қаратып үндеу көтердік. Көп ұзамай қазақ интеллигенциясы – халық мұға­лімдері үн қосып, Минск қаласы земство одағының жанынан өзге ұлт бөлімін құрған едік. Өзім болып Минскіге жол алдым.

Қазан күндері келіп жетті. Қазан төңкерісі партиясына кереғар көзқарастағы көп партиялардың үлгісінде қазақ ұлтшыл ұйымының «Алаш» партиясын құрдық, партияның бір мүшесі – өзіммін. Езілген, тоналған, сіңірі шық­қан ұлтымыздың қамынан асып өзгедей әрекетке барған емеспін. Саяси мәсе­лелерді алдын-ала болжау­да, қазақ ұлтшылдары арасында өз басым оншалық қырағылық, көріпкелдік таныттым дей алмаймын. Совет үкіме­тіне қарсы күрес деп шуласып жүргендері – қазақ ұлтын өз бетінше өмір сүрсін деген мүддеден туған ниет қана. Өз отауымыз өзімізге бұйырсыншы дегеніміз.

Желтоқсанның басында Бүкілқазақ съезінде «Алаш­орда» деген атпен автономия жарияладық, құрамы 15 адамнан басшылық сайланды, басқару үкіметіне өзім енбей қалдым. Басшылықтың ең әуелде әрекеті халық жасағы – милиция құру әрі ашыққан, сіңірі шыққан тұр­ғын­дарға жәрдем жинау болды, осы мақсатта Алаш­орданың облыстық бөлім­шелері құрылды, кейінше бұл бөлімшелер «Әскери кеңес» деп аталды.

Мұғалімдер курсы мен губерниялық педагогтік училищеге лекция оқи жүріп, жұрттың сауатын ашуға күш салдым. «Еңбекші қазақ» газетінде төрт жыл істедім, өзімді әлі күнге сол редакцияның мүшесі санаймын. 1922 жылдан бастап қазақшаға ұзын саны жиырмадай кітап, кітапшалар тәржі­маладым. Зиновьевтің «ВКП(б) тарихын» аударуым – осы партияның жарғақ құлағы жас­тыққа тимес жаршысы болғанымның куәсі деп біле­мін.

Өткенім мен бүгінім осы ғана. Өзім өскен ортадан шыққан, өзім алған білімді сіңірген бір адам үшін бұл аз шаруа деп санамаймын. Көп те емес болар. Әйтсе де бар міндетімді осымен біттіге санап қол қусырар жайым жоқ. Ғұмыр болса, дәм жазса, ұлтымның келе­шегі үшін күш-жігерімді аямай еңбектене беруге борыштымын. Адассам, халқыммен бірге адастым, сәулесі жарық жолға ұмтылсам, ұлтыммен қосыла ұмтылып бағамын.

Міржақып ДУЛАТОВ.

Қаңтар,1929ж.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру