Ақпарат

Олар Оңтүстіктің абыройын асқақтатты

Қаралды: 335

13–16-сәуір аралығында Алматыда балалар мен жастар шығармашылығының халықаралық өнер жарысы болып өтті. 

«Фиесталония Алматы» деген атауды иеленген бұл жарысты Еуропадағы    фестивальдік байқау комитеті Испания елшілігінің, еліміздің Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктері мен Алматы қаласы әкімдігінің, қалалық білім және мәдениет департаменттерінің  қолдауымен өткізді.

Ресейден, Өзбекстаннан және Қырғызстаннан өнерпаздар келіп, барлығы 43 ұжым қатысқан осы жарыста Шымкенттегі балет мектебінің оқушылары екі бірдей жүлделі орынды иеленіп қайтты. Жарысқа қатысқан 47 оқушыны мектеп директоры Ламила Мейірбекова мен Мәриям Елеуісова, Әсел Бастықова есімді ұстаздары апарған.

Балет мектебінің директоры Ламила Шәйкен­қызының айтуынша, 8–15 жас аралығындағы жасөспірімдер төрт номинация бойынша қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсеткен. Сөйтіп Шәмші Қалдаяқовтың вальсі мен классикалық гүлдер вальсі биінен екі бірдей 1-ші орын және 8 – 10 жас аралығындағы кіші топ классикалық биден 2-ші орын, заманауи биден 3-ші орын алып, төрт жүлдені қатар иеленіп қайтқан. Көрермендер әсіресе Шәмші Қалдаяқов вальсіне билеген кезде тік тұрып қол соғып, ризашылықтарын білдіріпті.

Айта кету керек, Шымкенттегі бұл мектеп Қазақстан бойынша жалғыз балет мектебі екен. 1998-жылы Болат Атаханұлы Мейірбеков негізін қалаған бұл мектепте балет өнері ғана емес, ұлттық, классикалық және өзге де би түрлерін үйретеді. Жиырма жылға жуықтаған тарихы бар мектептің өрендері бұған дейін де бірнеше халықаралық конкурстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленген.

Ал балаларын би өнеріне баулығысы келген ата-аналарға Ламила Мейірбекова мынадай кеңестер айтты: «Жалпы, би өнеріне баланы ерте жастан, сүйегі қатпай тұрғанда берген дұрыс. Біз төрт жастан бастап қабылдаймыз. Мектеп – жетіжылдық. Сабақ аптасына бастауыш сыныптарға үш рет, негізгі сыныптарға бес рет өткізіледі».

...Қысқасы, шымкенттік оқушылар Оңтүстіктің мерейін бір ас­қақтатты. Жеңістеріңіз құтты болсын!

М. СЕМБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру