Құдай беремін десе, «форточкадан» да бере салады

25.04.2017
Қаралды: 886

«Жақында ғана үйленген бір жігіт әйелі екеуі Алматыға келіп, қалада пәтер жалдап тұрып жатады. 

Өзі жаман «девяткасымен» таксовать етіп, күнделікті ақша тауып жүреді. Келіншегін бір жерге әрең дегенде жұмысқа тұрғызады.

Бір күні жолда келе жатса, екі адам қол көтеріп, әуежайға жеткізіп тастауды өтініпті. Ұшып отырып алып келеді. Екеуі түсіп кетеді. Жүргелі жатқанда айнасына қараса, артқы орындықта жатқан дипломатты көреді. «Мыналар дипломатын ұмытып кетіпті ғой!» – деп артынан тұра жүгіреді. Әрең дегенде қуып жетіп, аузын ашып қалған әлгілердің қолына дипломатын әкеп табыстайды. Келгеннен кейін осы еңбегін ескеретіндерін айтып, екеуі қоярда-қоймай телефонын сұрап алып қалыпты.

Таксист жігіт оны ұмытып кетеді. Бір күні үйінде жатса, баяғы клиенттері қоңырау шалыпты. «Уақытың болса, кездесейік», – дейді. Сөйтсе, өткендегі дипломаттың ішінде бәленбай миллион доллардың контрактысы болыпты. Олар сонымен шетелге ұшып бара жатқан екен. Аяқ асты өздеріне жақсылық жасап, қиын жағдайдан құтқарып қалған адамға өздері де бір жақсылық жасауды ұйғарған екен. Таксист жігіттен қайда тұратынын, не жұмыс істейтінін сұрайды. «Қаладан өзіңе бір жақсы үй қара. Біз саған сол үйді алып берейік», – дейді.

Жігіт үйіне келеді де, естігенін әйеліне айтады. Сенбеген әйелі: «Мына көрші үйдегі орыс үш бөлмелі пәтерін сатқалы жатыр. Айтқың келіп бара жатса, соны айтшы», – дей салады. Кейін әлгі жігіттер дәл сол үйді келіп алып беріп, таксистке тура өзі мініп жүргендей «девятканың» су жаңасын сыйлапты».

 

Журналист Жолымбет Мәкіш өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында осындай жазба жариялады. Бұл өзгеше тақырып  желі қолданушыларының арасында өзіндік бір қызық диалог тудырды. Солардың бірқатарын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Нұрлан Досмағұлов: – Біреу жаман мәскібишімен таксобайттайды екен. 90 бірдеңесінші жылдар болса керек. Әйтеуір Қызылордаға мұнай компания­ларының енді кеп жатқан кезі. Сол жігіт байқамай бір күні бір джиптің артын ұрып кетеді ғой. Иесі түседі. Жігіт төлей алмайтынын, квартира жал­дап тұратынын, ақысына мәсквиш пен шамалы тоқты-соқты беретінін айтады. Джиптегі жігіт визиткасын беріп, хабарлас деп кете барады. Ертесіне адреспен барады. Сөйтсе ол «Харрикейн» деген компанияның бастығы боп шығады. Бастық жігітке жұмыс ұсынып, тапқан айлығынан белгілі бір пайыз алып отыратындай болады. Ол кезде жақсы айлық 30 мың теңге екен. Бұның айлығы 45 мың теңге  болады. Сол 15 күн вахтада, 30 мың алады. 15 күні таксовайттайды. 1 жыл өткен соң бастық шақырып алып: «Енді машинаның ремонтының құны өтелді. Сен әрі қарай осында жұмыс істей бер. Бірақ сен мені, мен сені танымаймыз», – депті.

Tosy Bekbolat: – Бірде кафеге бардық қыздармен. Жанымызда столда тағы қыздар отырды. Біразы мас болып шықты. Жаяу қайтайықшы таза ауамен деп келе жатқанбыз. Алдымызда жаңағы келесі столдағы қыздар келе жатқан. Ұзап кетті көрінбей.

Біз келе жатқанбыз, жолдың бо­йында қап-қара болып бір нәрсе көрінді маған, зрением де аса емес еді. Мен бірінші көріп, барып алдым сумканы жерден. Әдемі, жалтылдаған сумка. Қасымда екі қыз. Жан-жағымда ешкім жоқ, бірақ ырымын жасадым кімдікі деп үш рет.

Үйге келіп ішін аштым. Ішінде банкоматтың карточкасы, 140 мыңдай ақша, косметика және балабақшаға кезекке тұрған справка. Сосын тағы телефон нөміріне терминалдан сал­ған единицаның чегі.

Сол чектегі номерге звандадым түн ішінде. «Сіз сумкаңызды жоғалттыңыз ба?» – дедім. «Иә, жоғалттым», – деп спокойно айтып тұр. «Таңертең алып кетіңіз», – десем: «Жарайды», – деп қоя салды трубканы. Ертесіне кешкісін асықпай келіп алып кетті.

Жолымбет Мәкіш: – «Хабарда» істейтін оператор жігіт те осылай мәшинесінен ақша тауып алған. Бір жігіт пен әйел отырады. Түскен кезде екеуі сумкасын ұмытып кетіпті. Ашып қараса, ішінде қырық мың доллардай ақша жатқан. Шешесіне звандаса, шешесі: «Балам, ақшаға мұқтаж емессің ғой. Апарып бер!» – дейді. Қайта айналып келе жатса, әлгі екеуі жолдың жиегінде ұрсысып тұр дейді. Сөйтсе, әлгі ақшаны олар өлім аузында жатқан бір қызға Мәскеуде операция жасату үшін алған екен.

Кейін олар операторды мейрамханаға шақырып, әбден сыйлапты. Сол жерде кез-келген проблемасын шешіп беретін ГАИ-дан мықты бір таныс тауып алыпты.

Сегізбай Әнес: – 1980-жылы комсомолдың жолдамасымен Москва Олимпиадасына бардық. Үш жігіт болып шетелдік біраз табар алдық базарлыққа. Оларды сол кездің пакеті – қол семкіге салып, үлкен қонақүй жанындағы түрегеліп тұрып тамақтанатын жердің столының астыңғы ілгішіне іліп қойып, алғаш рет финнің қаңылтырдағы пивосынан ауыз тидік.

Сеткі іші толы, қымбат «ФЭД» деген фотоаппаратымыз да соның ішінде. Бір кезде асығып, «20 ғасырдың пираттары» деген фильмді көруге кинозалға кіріп кеттік.

Шыққан соң затымыз еске түсіп, «сен алдың ба?» болмай ма? Содан қайда қалу жолдарын есептеп, тамақ, пиво ішкен жеріміздегілерден сұрадық. Олар қонақүй қожайындарына тапсырыпты. Олар не заттарымыз барын сұрап, берген значоктарымызға мәз болып жатыр. Содан былай шығыңқыраған соң жігіттерге айттым: «Манағы алғашқы тапқан жігіттерге бірдеңе бермесек болмас, ұят болар, әрі қазақ атына сын болар», – деп ағы бар, сухойы бар шөлмектер апарып бердік.

Қап тауының жігіттері екен, күліп: «Неужели КСРО адамдары, шетелдіктер емес, әрі қазақтар, бір шөлмек қоймайды!», – деп күліп алып жатыр. Біз де затымызды алып, әрекетіміз үшін қазақтың репутациясын қорғап қалғанымызға мәзбіз.

Azіna Rahmetolla: – Ондай жаксы адамдар бар ма өзі? Осыдан бір апта бұрын үйге келе жатып таксиде сумкам кетіп қалды, ішінде контей­нердің құжаттары, 50 мың теңге, үш құты әтір – шамасы бәрі 100 мың теңгелік зат болар. Оны қойшы, құжаттарды қайтарып берсе жақсы болар еді. Бір қызығы, ішінде өзімнің визит карточкаларым толып тұр еді. Хабарласып, құжаттарды айта салса жақсы болар еді.

Сандуғаш Умуталипова: – Менің де күйеуім таксовать етеді. Бір рет (осыдан екі-үш жыл бұрын) біреу көлікте сөмке мен ақшасын ұмыт қалдырыпты. Күйеуім артынан аэропортқа апарып берген. Бір сөмке ақшасы үшін 500 теңге беріпті.

Есет Қалманов: – Менің машинама бір бойжеткен телефонын қалдырып кеткен. Кешке бір-ақ көрдім. Екі-үш рет қоңырау соғылған. Сол нөмірге қайта шықтым.  «Ағай, соткамды жұмыс­қа әкеліп беріңізші», – деді.
Апа­рып бердім. Бірақ иесін таппадым. Тағы да қоңырау соқтым.
«Ағай, сол жердегі қызға тастап кете беріңіз, мен кетіп қалған едім», – деді. Міне, осындай алғыс!

Дайындаған – Д.НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ