Мал ұрлығына нақты тосқауыл қойылады

25.04.2017
Қаралды: 830

Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы облыс әкімдігінің және ішкі істер саласы қызметкерлерінің қатысуымен өткізілген 

«Мал ұрлығына нәтижелі тосқауыл» жобасының аясында атқарылған жұмыс­тарды талқылады.

9 мыңнан астам қылмыс тіркелген

Оңтүстік Қазақстан өңірі ауыл шаруашылығының қай түрін болса да дамытуға ыңғайлы, түгін тартсаң майы шығады дейтіндей құнарлы топырағы бар, ауа райы қолайлы, берекелі жер. Өңірдің экономикасын өркендетуге мал шаруашылығының да қосар үлесі мол.

Алайда маңдай терін төгіп, жатпай-тұрмай тірнектеп жи­наған малының қорадан да, өрістен де ұры-қарының қанжығасында кет­кеніне күйініп, сол үшін құқық қорғау органдарының жұмысына қапаланып жүргендер аз емес. Ұрылар жылқыны үйірімен, ұсақ малды табынымен айдап кетуден қаймықпайды. Өйткені сатамын десе де, соямын десе де дайын тұрған делдал да, сойып-сататын орын да жеткілікті, ешкім ол малдың иесін де, құжатын да сұрап жатқан жоқ. Ал ұрыны ұстауға, жоғалғанды табуға полицияның қауқары жеткі­ліксіз болып отыр.

Статистикалық мәлімет­терге сүйенсек, 2011-жылдан бастап мал ұрлығы бізде күрт өскен. Осы жылдары мал ұрлығына байланысты 9000-нан астам  қылмыс тіркелген. Халыққа, кәсіп­керлерге миллиондаған шығын келген.

Өткен жылы жекелеген аудандарда мал ұрлығы 20-дан 53 пайызға дейін өскен. Ал облыс бойынша мал ұрлығы қылмысының тек 22 пайызы ғана ашылған. Айта кетсек, Мақтаарал ауданында өткен жылы 172 мал ұрлығының тек 23-і ғана ашылған. Мырзакентте 64 мал ұрлығының 3-уі ғана ашылса, биылғы 9 мал ұрлығының бірде-біреуі ашылмаған. Бұндай жағдай барлық аудандарда орын алып отыр. 

Арнайы жедел-тергеу тобын құру ұсынылды

Былтырғы жылы, 176 учаскелік полиция инспекторының бекітілген әкімшілік аймақта тұрмайтыны, аудан орталығы немесе басқа елді мекендерден қатынап жұмыс жасайтын анықталды. Мәселен, Сарыағаш ауданының тұрғыны О. ұрланған 21 бас жылқысының 5-еуін өзі іздеп жүріп, Сайрам ауданынан тапқан, ал аудандық ішкі істер басқармасы істі созбалаңға салып, тиісті тұлғалардан жауап алмаған, қажетті тергеу амалдарын уақтылы жүргізбеген.

Түркістан қаласының прокуроры ірі көлемде мал ұрлығы жиі орын алатын Ораңғай, Бабайқорған ауылдық округтерінде ұрлық бол­ған жерді квадрокоптер арқылы бейнетүсіру жүргі­зумен қарау барысында 7–10 шақырым айналасында ұрланған малды автокөлікке артуға бейімдеп, арнайы қазылған орындар бар екенін анықталған. Сондықтан облыстық ішкі істер депар­таментіне мал ұрлығы қылмысы бойынша арнайы жедел-тергеу тобын құру, ұрлық жайылымдық жерде болған жағдайда оқиға орнын квадрокоптер құрылғысын пайдаланып қарап, бейне­түсірілімді іс құжаттарына тіркеу, әр учаскелік инспекторға өзіне бекітілген аймақтағы мал санын, жайылым жерлердің, ауылға кіріп-шығатын жолдардың сызбасын жасап, ұрлық орын алатын жерлерде үнемі  рейд жүргізу ұсынылды.

Базарға құжатсыз мал кіргізілмейді

Бүгінде халық қорасындағы малының есепте болуы,  сырғасы, құжаты  болуы керектігін, ол болмаған жағдайда малды базарға шығаруға, тасымалдауға, сатуға, союға заң бойынша рұқсат етілмейтінін біле бермейді. Сондықтан, мал ұрлығының етек алып бара жатқанын ескере отырып, бұл дертті түбегейлі сауықтыру туралы шешім қабылдадық. Ол жұмысқа жергілікті полиция қызметін, ішкі істер және басқа да құзырлы органдарды жұмылдырып, «Мал ұрлығына – нәтижелі тосқауыл» жобасын жүзеге асыра бастадық.

Ел арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары кеңінен ұйымдастырылды, мал базары және мал сою орындары иелерімен кездесу ұйымдастырылып, заң талаптары түсіндірілді. Межеге – 2017-жылдың бірінші жартыжылдығында мал ұр­лығы қылмысын 15 пайызға дейін төмендетуді белгілеп, жобаға қатысушы әр органның атқарар жұмыстарын айқындап, олардан мәселеге жеткілікті көңіл бөлу талап етілді.

Атқарылған жұмыстар нәтижесінде биылғы жыл басынан бері мал ұрлығы қылмысы 30,6 пайызға тө­мендеді. Құзырлы органдар бірлесіп, малды бірдейлендіру, тасымалдау, сату және сою мәселесіне байланысты екі тілде арнайы жадынама әзірлеп, тұрғындарға, тиісті орган қызметкерлеріне күнде­лікті пайдалану үшін таратты, жергілікті басылымдарда жариялды.

Облысымыздағы 33 мал базары иелерімен ветеринарлық құжатсыз және бірдей­лендіру рәсімін өтпеген малды сатуға кіргізбеу туралы меморандумдарға қол қойылды, 21 базарда дез­инфекциялық тосқауылдар орнатылды, базарлардың басым көпшілігі ветеринар-дәрігер кабинетімен, қажетті ветеринариялық құралдар және аспаптармен қамтамасыз етілді. Облыс прокуратурасының тапсырмасы ая­сында Облыстық кірістер департаменті мал сатуда делдалдық қызмет көрсететін 29 адамды анықтады, олар салық төлеуші ретінде есепке алынды.

Біздің өңірге басқа облыстардан мал көп тасымалданады. «Ветеринария туралы» Заңның 25-бабына сәйкес, сырттан әкелінетін үй жануарлары карантиннен өтуі міндетті. Мысалы, облыстағы ең ірі мал базарлары орналасқан Шымкент қаласы мен Сайрам, Арыс аудандарында 2016-жылы карантиндеу жұмыстары жүр­гізілмеген. Биыл бар-жоғы 546 бас ірі қара мал карантиннен өткен. Облыс прокуратурасы осы мәселе бо­йынша облыс әкіміне хат жолдап, құзырлы органдардың карантиндеу жұмысына жете назар аударуы қажеттігі ескертілді. Облыс прокуратурасы осы мәселе бойынша облыс әкіміне хат жолдап, құзырлы органдардың карантиндеу жұмыстарына жете назар аударуы қажет екенін ескертті.

Алқа мәжілісінде қылмыспен күресуде бірлескен іс-шаралар арқылы ғана оң жетістіктерге жетуге болатыны айтылып, жоба аясында қосымша атқарылатын жұмыстар нақтыланды.

Ә. ҚОЖАХМЕТОВ, Оңтүстік Қазақстан облысы

прокурорының орынбасары.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ