Ақпарат

Биылғы тасқынның беті жаман

Қаралды: 469

Бүгінгі күндері еліміздің бірнеше облысы тұрғындарының мазасын тасқын су алып тұр. 

Әсіресе қыста қар қалың түсіп, көктемде жаңбыр жиілеген жерлерде жағдай аса қиын. Ол аумақтардан жеткен хабарлардың өзін денең тітіркенбей тыңдау мүмкін емес.

«Ақтөбеде төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны 579 саяжай үйін басып қалды. Қауіпті аймақтардан 1174 адам басқа жаққа көшірілді, 69 адам тікелей қауіптен құтқарылды. 690 адам Елек өзенінен аман өткізілді. 502 адам арнайы ашылған 7 бекетте паналап отыр, олардың 159-ы – балалар», – деп айтылды осындай хабарлардың бірінде.

«Махамбетовка» деп аталатын ауылдың 4-сынып оқушысының жылап тұрып көмек сұрағаны ақпарат құралдарында көрсетілді. Оның үйін су алып кетіпті, Махаббат есімді бүлдіршін мектепке киетін киімі мен оқулықтарынан айырылғанын жылап тұрып баяндап берді.

Айтып келмейтін апат талай отбасыны баспанасынан, мал-мүлкінен айырды. Мемлекетке келіп жатқан шығын шаш-етектен. Көптеген жолдарды су басып, асфальттан жұрдай етті, кей аумақтарда елді мекендерге электр қуатын жеткізу мүмкін болмай отыр.

Қарағанды облысының Қарқаралы, Ұлытау, Шет, Жаңаарқа аудандарында да жағдай қиын. Ол жақтарда да жүздеген адамдардың қауіпсіз аумаққа көшірілгені туралы айтылуда.

Мұндай қиын жағдай Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарында да орын алуда. Тіпті елордамыз – Астанаға да тасқыннан қауіп төніп тұрғаны туралы айтылды.

Еліміздің ішкі істер министрі Қ.Қасымов қалыптасқан жағдайға қатысты өткізілген Үкімет жиынында «Астана» су қоймасына судың өте көп мөлшерде жиналып жатқанын, осылай жалғаса берсе оның әрі кеткенде 3 күнге ғана шыдайтынын, сондықтан тиісті шаралар қолданылуы керектігін айтты.

Бүгінгі күндері су тасқыны орын алған аймақтарға төтенше жағдай, суда құтқару, полиция қызметкерлері, әскерилер жұмылдырылған жүздеген арнайы техникалар жұмыс істеп жатыр. Судың бетін бұру үшін мыңдаған қап құм дайындалуда, арнайы арықтар қазылуда.

Қысқасы, биылғы тасқынның беті жаман. Кей жерлерде адам шығыны орын алған.

Бүгінде еліміздің көптеген қалаларында су тасқынынан зардап шеккендерге көмек үшін арнайы қорлар құрылып жатыр.

Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру