Ақпарат

«Мал семіреді, астық мол болады», – дейді шымкенттік болжамшы азамат

Қаралды: 647

«Заманада» шымкенттік ауа райын болжаушы Нұрғабыл Қозыбайдың болжамдары жарияланып тұратыны белгілі. 

Соңғы кездері де редакциямыз­ға хабарласып, ол кісінің болжамдарын жариялауды сұрап жатқандар баршылық. Осыған орай болжамшының өзін сөзге тарттық.

«Қыс айларына жасаған болжамымда көктемнің қандай болатынын қазақтың Жаңа жылды қарсы алатын күні – 22-наурыздан кейін айтып беремін  деген болатынмын, –  дейді болжамшы. – Негізінен 22-наурыздың таңы тек төрт түрлі болып атады екен. Оның біріншісі – ол күні ақша қар жауып тұрса немесе жаңбыр жауса не болмаса таң атып, күн жаңадан шығып жатқанда аспан толық бұлт болып тұрса, онда ол  жыл жаңбырлы болады.  Биыл 22-наурызда күн шығатын уақытта аспан толық бұлт болып тұрды. Жаңа шыққан күнді көзбен көре алмадық. Ол – биылғы жылдың көктем, жаз айлары жаңбырлы болады деген сөз.  Жаңбыр тіпті шілде айында да жауып кетуі мүмкін.

28-наурыз күні кешке ай туды. Жаңа туған ай көзге көрінді. Ай шалқасынан туыпты. Шелек ілінетіндей. «Ай шалқасынан туса, өзіне жайлы, шаруашылыққа жайсыз, ай тік туса, өзіне жайсыз, шаруашылыққа жайлы» дейді аталарымыз. Бұл болжамды мен халыққа түсінікті болуы үшін зерттеп, талдап, былай деп түзеттім: «Жаз айларында ай тік туатын болса жаңбыр аз жауады, қыс айларында тік туса қар аз жауады. Қыс айларында ай шалқасынан туатын болса қар көп жауады. Жаз айларында тік туатын болса жаңбыр көп жауады.

28-ші наурыз күні айдың шалқасынан туғаны 27-көкекте жаңа ай туғанға дейін көкек айының жаңбырлы болатынына дәлел болып отыр».

Нұрғабыл Қозыбай көктемнің екінші айын «сәуір» деп емес, «көкек» деп атаған дұрыс болатынын айтады.

«Көкек» – қазақтың төл сөзі, аталарымыз бұл айды осылай атаған, сондықтан бұл айдың атауы осылай болғаны дұрыс, – дейді ол. – Жалпы, ата-бабаларымыз табиғат тілін түсіне білген. Олар жылдың ауа райы қандай болатынын жылдың 1-ші күні – 22-наурыз күнгі атқан күнге қарап білсе, бір айдың ауа райы қандай болатынын жаңа туған айға қарап білген. Ал сол айдың ішінде қай күні жаңбыр жауатынын, күн райы бұзылатынын (өлара, тоғыс), сондай-ақ ескі айдың 20-сы күндері ауа райы бұзылатынын алдын-ала білген. Бір айдың ішіндегі ауа райы бұзылатын күндерді соған қарап есептен шығарған».

Бұл кісінің болжамынша, алдағы күндері де жауын-шашын болуы мүмкін. Нұрғабыл айдың 16 – 20 арасы жауын-шашынды (ескі айдың 20-сы). 22 – 30 арасы жауын-шашынды (өлара) болады дейді.

«Көкек айына жаңбырлы болу тән, сондықтан ылғал бұдан жиірек түсуі де мүмкін. Ашық күндер аз болады. Айдың соңына қарай күн 20 градусқа дейін жылиды, – дейді ол.

Ал Нұрғабыл Қозыбайдың мамыр айына қатысты болжамдары мынадай екен:

1 – 5-мамыр күндері таулы аудандарда жаңбыр жауады (тоғыс). 11 – 17-мамыр арасында кей жерлерде жаңбыр жауады. 25 – 30-мамыр арасы – өлара, ол жауын-шашынды болады.

Айдың басқа күндерінде күн ашық, жылы болады. Айдың басы 20 градус жылылықпен басталып, айдың аяғына дейін күн 30 градусқа дейін ысиды.

Болжамшының айтуынша, маусым айында да жаңбыр жауатын күндер кездеседі. Шілде  айында да жаңбыр жауатын кездер болуы мүмкін. Жаз ыстық болып өтеді. Күз ерте түседі. Ал қазан айында қар жауып кетуі мүмкін.

«Қысқасы, биыл жаңбырлы жыл болады, – дейді Н.Қозыбай. – Сондықтан шөп бітік шығып, мал семіреді. Егін де бітік шығады, бидайдан мол өнім түсетін жыл болады».

Айтуынша, Н.Қозыбайдың еліміздің экономикасын көтеруге қатысты да өз ой-толғамдары баршылық екен.

«Мен 1991-жылдан бері еліміздің экономикасын зерттеумен де айналысып келемін. Мені үлкен қызметтегі кісілер қабылдап, сенім артатын  болса, еліміздің экономикасын көтерудің жолын айтып бере алатыныма толық сенімдімін», – дейді Нұрғабыл Қозыбай.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру