Ақпарат

«Ол адам басшыларға ойындағысын істетеді», – дейді редакциямызға жолданған арызда

Қаралды: 425

Редакциямызға мекен-жайы «Сарыағаш ауданының Дербісек ауылы» деп жазылған хат келді. 

Бұл хаттың тағы бірнеше данасы облысымыздағы бірқатар ресми және тәуелсіз басылымдар­ға, Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевке, ОҚО прокуроры И.Имановқа бағытталыпты. Авторы өзінің аты-жөнін  Т.Қармысов деп көрсеткен. Онда Сарыағаш аудандық білім бөліміне қатысы бар, кезінде басшылық қызметтер істеген бір азамат туралы айтылады. Біз хаттың қысқаша мазмұнын жариялауды ұйғардық. (Онда аталған адамдардың нақты аты-жөндері мен қызмет орындарын белгілі себептермен  көрсетпей отырмыз).

Бұл хатта аталған адам «Оны ауданымыздың тайлы-тұяғына дейін бәлеқор, қалағанын басшыларға ойнап отырып істететін, ел ішіне іріткі салушы адам ретінде жақсы біледі», – деп сипатталады. «Аудан өмірін өз құрығында ұстап отырғанына бірнеше дәлел кел­тіргіміз келеді, сонымен қатар әділ шара да көрерсіздер деген сеніммен, өз атымды ашық жазуға да қорқып отырған жайым бар. Зейнеткерлікке аз уақыт қалды, ел ішіндегі жағдайларға көз жұма қарауға ар-намысым жіберер емес. Зиялы қауым деп атайтын, көзі ашық азаматтардың «бармақ басты, көз қысты» әрекеттері елді әбден титықтат­қаны рас. Сіздерден араша сұрай отырып, бір қауым ел атынан көмек күтеміз», – дейді хат авторы.

Автор аталған адамның ұлы аудандағы бір мектептің директоры болып, ал әйелі оның бірінші орынбасары қызметінде істейтінін айтады. Директорды «білімі өте саяз, екі сөздің басын құрап өз ойын толық жеткізе алмайтын, еңбек қабілеті төмен, ұстаздармен жұмыс барысында өз сөзін тыңдата алмайтын, қызметтік хаттың өзінде жүз қате жіберетін, әкесінің қамқорлығының арқасында ғана қызметте отыр» деп көрсеткен.

«Мектеп ҰБТ көрсеткіші бо­йынша ең төменгі орында болса да оған басшылардың тісі батпайды, әкесінен қорқады, оның қылмыстарыңды ашамын, ауданнан қудыртамын деген сықылды шантаждары жетіп-артылады.

Мұндағы басты қылмыс – өз әйелін орынбасары етіп тағайындауы және ҰБТ-дан төмен көр­сеткіште жүрсе де еш шара көрілмеуі. Ал басшыларға бәрібір, олардың дұшпан арттырғысы келмейді», – дейді автор.

Автор хат кейіпкерін «өз кәсіп­одақ комитетін ашып алып, мектеп мұғалімдерін жікке, руға бөліп берекелерін кетіріп, білім сапасын төмендетіп отыр» деп те кінәлайды. «Бұл әрекеттерге білім бөлімі де, әкімшілік те көз жұма қарап отыр», – дейді.

Бұдан әрі автор аталған адамның тағы бір келіні – мектеп директоры туралы баяндайды. «Жұ­мыс сапасын құлдыратып жібергені соншалықты, балалар басқа мектептерге қашуды әдетке айналдыр­ған. Қайда қарасаң да – соның әулетінен шыққан білім деңгейі төмен, сауатсыз, еңбекке қабілеті таяз мектеп директорлары», – дейді ол.

Сөйтіп өз кейіпкерінің тағы да бір мектепте жиені басшылық қызметте отырғанын, бұл адамның да бірінші орынбасары өзінің жұбайы екенін айтады.

Автор өз хатын: «Елден, халықтан ұялмайтын, дөрекілігі бір басынан асып-жығылатын бұл адам қашанғы заңды белден баса бермек? Айта берсек, оған қатысты қылмыстарды түгесе алмасымыз анық. Әлбетте, аты-жөні көрсе­тіл­меген шағымды сіздер «домалақ арыз» деп қарамай тастауларыңыз мүмкін. Бірақ келтірілген фактілердің растығын білім саласының кез келген маманынан сұрасаңыздар бұдан да бөлек өрескел фактілермен бетпе-бет келерлеріңіз анық. Осы аталған мәселені өз құзіреттіліктеріңіз негізінде қарастырып, тиісті шара қолдануларыңызды сұраймыз», – деп аяқтаған.

...Біз бұл хат бағытталған құзырлы мекемелер ондағы айтылған жайлардың ақ-қарасын анықтап, тиісті бағасын берер деген ойдамыз. Бұл расында да орын алған жайларға қатысты шарасыздықтан жасалып отырған әрекет пе, әлде оның басқадай бір мақсат-себебі бар ма – осыны тиісті мекемелердің анықтап, нақты нәтижесін жұртқа жария еткені дұрыс-ау.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру