Ақпарат

Есекқора ішінде арғымақ жүр...

Қаралды: 281

Есекқора ішінде арғымақ жүр...

Бұл заманда адамдар майдаланып,

Текті мінез кетті өзі қайда қалып?

Бәйге алатын болып жүр сужұқпастар,

Намыссыздың талантын пайдаланып.

 

       Көзің сенбес, алмассың ойға тіпті,

       Бағамдамай алды-артын қайда асықты:

       Арғымақ деп саналған кейбір аттар,

       Есекқора төріне жайғасыпты.

 

Ел едік қой кей жерде қалыс қалған,

Бос мақтауға біреуді намыстанған.

Жаның жүдер көргенде кей жақсыны,

Жағымпаздар бас қосқан жарыстардан.

 

       Сауысқан мен бұлбұл құс бара-бар ма,

       Жараса ма жеңіл жүк қара нарға?

       Құрт-құмырсқа ауласа қыран бүркіт,

       Бұрынғыдай қадірлі саналар ма?

 

Сылтау болып күнкөріс, бала-шаға,

Тау-тұлғалар айналды-ау аласаға.

Кімді үлгі тұтады енді халық,

Кім өнеге болады қарашаға?

 

 Ол өтірік сайрамайды

Жасандылық болмаған соң қанында,

Қандай үйдің отырса да бағында,

Ғажап үнді кіп-кішкентай бұлбұл құс,

Сайрайды тек бір әуезді сарында.

       Қарамайды үй егесі жарлы ма,

       Артық көрмес дүниесі барды да.

       Алаламай ән шырқауды шынайы,

       Мақсат етіп қойған дерсің алдына.

Ол өтірік сайрамайды әсте де,

Қай кезде де ойында жоқ ештеңе.

Өзгені алдап, өзін қинап жатпайды,

Сыр бермейді таңертең де, кешке де.

       Бұл көрініс жетелейді сан ойға,

       Үлгі болса дейсің ол құс талайға.

       Кей адам бар меңгергенмен сайрауды,

       Дәл бұлбұлдай бола алмайды алайда.

Көрінетін құдды бұлбұл пішінде,

Аз емес-ау пенделер ел ішінде.

Әттең бірақ сақталмайды солардың,

Біркелкілік мінезінде, ісінде...

 

         Өмір-ай!

Ақ болсаң, ол сенің қорғаның,

Біреуге көрінер ол да мін.

Сыртыңнан жамандап жатса егер,

Демек сен назарда болғаның...

                   Жабылар сан түрлі жала да,

                   Түседі жүрекке жара да.

                   Жаныңда жүргендер шын дос па,

                   Әуелі осыны сарала...

Жатсаң да дертті боп төсекте,

Айтады арқау қып өсекке.

Күншілдер көп болса мұны да,

Өмірдің заңы деп есепте...

 

         Базар-заман

Мынау заман-базарлардың заманы,

Керегін жұрт базарлардан табады.

Сауда-саттық өрттей қаулап барады,

Алу-сату жаулап алды сананы.

      Базар өмір дағдысына айналды,

      Бар тіршілік базарға кеп байланды.

      Көңіл кейде базарменен жайланды,

      Ойың кейде сол базарда лайланды.

Базарлардың түр-түрі көп маңайда,

Базар ашу бұл заманда оңай ма?

Өмір нәрі болып тұр ол талайға,

Қарап тұрып берілесің сан ойға.

       Қайда барсаң жаппай базар жайлаған,

       Аяқ алып жүргісіз-ау айналаң.

       Айна базар, жайма базар жайнаған,

       Бәрінде де қыз-қыз сауда қайнаған.

Ақшаң болса не керекті аласың,

Инені де, түймені де табасың.

Келісе алсаң кейбір заттың бағасын,

Ап кетесің ескісін де, жаңасын.

       Базар жайлы ұғымдар да өзгерді,

       Ән сатқанды, тән сатқанды көз көрді.

       Былай қойып, темір-терсек, жездерді,

       Биттің өзін саудалайтын кез келді.

Гүл-базар бар, құл-базар бар, қаласаң,

Қара жұмыс атқаруға жарасаң.

Базар түрін сан жетпейді санасаң,

Мынау заман құбылды ғой орасан.

       Көпшілік жұрт базарменен көктейді,

       Көріп мұны көкейден ой кетпейді.

       Қазір тіпті Жер-базар да көп дейді,

       Енді бізге Көр-базар тек жетпейді...

                                                            Иса ОМАР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру