Ауруханаға автомат асынғандар неге барған?

06.06.2016
Қаралды: 2189

26-мамыр күні кешкісін редакцияға Сарыағаш ауданынан суыт хабар түсті. Бізге хабарласқан азамат Абай ауылындағы аурухана ауласында бетперде киіп, автомат асынған адамдардың жүргенін айтты. 

Оның сөзі рас болса, сол күні түстен кейінгі сағат бестердің шамасында арнайы жасақтың адамдары хирургия бөлімін жауып, сырттан адам кіргізбей қойыпты.  Редакцияға хабарласқан адамның: «Ауырып жатқан сырқаттан біреулер 150 мың теңге сұраса керек...» – дегеніне қарағанда, парақорды тұтқындаған болар деп ойлағанбыз. 

Бұдан кейін біз аталмыш ауруханада ем қабылдап жатқан Сұңқар есімді жігіттен көрген-білгені туралы айтып беруді сұрадық.

«Менің ештеңеден хабарым жоқ еді, – деді ол жігіт. – Кешкі сағат тоғыздардың шамасы болса керек, дәріханадан өзіме керекті дәрі алып келе жатыр едім, алдымнан қару асынған екі әскери адам шықты. Беттерінде бетперде бар екен. Қасында тағы екі қарапайым киінген адам болды. Жұмыстарымен жүрген шығар деп ойлағанмын. Ішке кіргенде ауруханаға жол апатынан бір қолы мен аяғы сынып түскен адам туралы естідім. Егер рас болса, ол осы төңіректегі қылмыс әлемінің серкесі-міс. Соған біреулер ақша тастапты да, кетіп қалған екен, іле-шала оны тұтқындауға қарулы жасақ келіпті деп естідім. Іштегілер үрпиісіп, қорқынышта жүр. Бірақ ол сөздің қаншалықты растығын білмеймін».

Қалай болғанда да «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамасы» белгілі. Жайшылықта адамдар ем қабылдап жатқан жерге бетперде кигендердің қару асынып келмейтіні анық. Егер оқу-жаттығу немесе қандай да бір жалған мәлімет бойынша дабыл болса, адамдар сыртқа шығарылуы керек емес пе? Сондықтан біз аурухананың бас дәрігері Ералы Ахметовке хабарласып, ел аузындағы мәселеге қатысты пікір білдіруді сұрағанымызда ол кісі былай деді:

«Ол күні мен облыс орталығында болатынмын. Бірақ сондай іс-шара өтетінінен хабарым болды. Мұның басы-қасында менің орынбасарым жүрді. Ауруханаға жол апатынан соң түскен бір азаматтың жағдайын сұрады. Оның беті бері қарағандықтан алып кетуге болатын еді. Келіп, соны алып кеткен. Жалпы, ол қандай адам, қандай қылмыс жасады – ол жағы тергеудің жұмысы ғой. Бізге айтыла бермейді. Басқа ештеңе болған жоқ. Енді бетперде киіп, қарумен жүрсе, солай болуы керек шығар. Жалпы, біздің дәрігерлерге қатысты ештеңе болған жоқ». 

Қысқасы, Абай ауылындағы ауруханаға барған құзырлы органның қызметкерлері дәрігерлерді емес, ол жерде ауырып жатқан адамды тұтқындауға барыпты. Ол кім, не үшін тұтқындалды, ол жағы алдағы уақыттарда белгілі болып қалар деп ойлаймыз.

Р. ШАЛҚАР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ