Ақпарат

Алақанға қарап диагноз қояды, ұйықтатып емдейді

Қаралды: 1072

Елімізде Бауыржан Нұржанов есімді танымал азамат бар. Ол – «Әлемнің №1 емшісі» атанған жан. 

Б.Нұржанов сондай-ақ Халық­а­­ралық Сократ сыйлығының лауреаты, оның шет мемлекеттерден алған басқа да атақтары жетерлік. Таяуда біз ол кісімен сұхбаттас болдық.

– Бауыржан Әбілдаұлы, алдымен оқырманға өзіңізді таныстырып өтейік.

– Мен Cыр өңірінде жатқан, үш жүздің пірі атан­ған Марал Ишанның ұрпағымын. Ақтау қаласында тұрамын. Қазіргі таңда кәсіби халық емшілері мен дәрі­герлердің дүние­жүзілік қауымдастығы қоғамдық бір­лестігінің президентімін және «Шапағат» халық емшілері мекеме­сінің құрылтайшысымын. Дегенмен ең алдымен Қазақстандағы халыққа адал жүрегіммен, шын ниетіммен қызмет ететін Қазақстан азаматымын.

– «Шапағат» жайлы кеңірек айта кетіңізші. Қанша мүшесі бар? Оларға қандай талаптар қойылады?

– «Шапағат» халық ем­шілері мекемесі 2009-жылдың наурыз айында тір­келген. Қазір Қазақстан бо­йынша елімізде осындай 3 мекеме бар. Біздің одан айырмашылығымыз – біз әлемдік деңгей бойынша жұмыс істейміз. Еліміздің 14 облысында филиалымыз заң­ды түрде тіркелген. Әр филиалда ең аз дегенде 7 – 28 адамнан бар. Ал жалпы мекемеде тіркелген мүше­леріміздің саны – 1710. Дегенмен оның бәрі емші емес, арасында құрметті мүше­леріміз де бар. Біздің жар­ғыларымызбен танысып, өздері ерікті түрде біздің мекемемізге мүше болғандар арасында саясаткерлер, өнер адамдары, әкімшілікте, басқа да мемлекеттік қызметте істейтін лауазымды кісілер де кездеседі.

Біздің мекемемізде тір­келген барлық кәсіби халық емшілері «Нұр Отан» партия­сының мүшесі. Екін­шіден, барлығы да жеке кәсіп­керлер. Олар міндетті түрде баға прейскурантын қоюға міндетті. Өйткені ол заң талабына сай құжаттың бірі болып есеп­теледі.

«Шапағатқа» мүше боламын деу­шілерден 5 түрлі анықтама талап етіледі: жүйке аурулары, наркология­лық, тері-венерологиялық, өкпе аурулары диспансерінен және сотталмағаны туралы анықтама. Ал жеке куәлігінің көшірмесі нотариалды расталған болуы шарт. Осы құжаттардың бәрін бізге өткізгеннен кейін талапкер арнайы тест сұрақтарына жауап береді. Осылай біз оның қай бағыт-бағдардағы емші екенін анықтап, сол бойынша дәріс­тер береміз. Біздегі тіркеудегі емшілер жыл са­йын аттестациядан өтіп, білімдерін жетілдіріп тұрады.

– Сіздің ойыңызша, емшілердің келушілерді қабылдау уақыты, қызмет ақысы, қасиеті, қабілеті қандай болуы тиіс?

– Оның бәрі аурудың диаг­нозына байланысты. Күр­делі болып келген нау­қастың өзін алдымен жылы сөзбен емдеуі тиіс. Емшілердің аузынан шыққан әрбір сөз адамның жанына жылу болып құйылуы керек. Егер ем сылап-сипауға қатысты болса, ол 45 минут болуы тиіс. Ұшықтау, аластау сияқты басқа қазақи ем болса 20 – 25 минуттан аспауы керек. Келген науқасты үрей­лендірмеу және шошытпау да маңызды. Емдеу ақысын әркім өзінің қызметіне қарай белгілейді.

– Ел ішінде қандай аурулар жиі кездеседі?

– Қазақстанның қай түкпірінде болмасын, әлемде де ең басты проб­лема – ол жүйке жүйесінің шаршауы. Біздер құлазып, өзі­мізге өзіміз ішкі жан-дү­ниемізді бағындыра алмай қалып жатамыз. Жүйке жүйесі дертіне шалдығатын, жағымсыз қуатты өзіне магнит сияқты тартып, «губка» сияқты бойына сіңіретіндер көп. Сосын буын-тірек және тері аурулары көп екенін байқаймын.

– Мұндай науқастарды сіз қандай тәсілдермен ем­дейсіз?

– Мен хиромантия (алақандағы сызық жолдарымен) және пульсодиагностика (тамыр ұстау арқылы) диагноз қойып, сол бойынша ем жасаймын. 45 минуттық ұйқы терапиясы деген бағдарлама бар. Сосын магнитті құран кассетасы, музыка және де түрлі үндер таспаларынан жасалған кассета болады. Емделуші сол бо­йынша релаксация – ұйқы терапиясын алады. Қытай мен Ресейден алған білім­дерім бойынша от терапия­сы, хиджама, «присоска», нүктелі және жалпы массаж, басқа да халық медицинасына қатысты үзу, дем са­лу, аластау секілді ем түрлерін жүр­гіземін. Және мұны әріптестеріме үй­ре­туден жалықпаймын. Мыса­лы, осы сәуір айының 24-іне Шымкент қаласына барамын. Онда құжаттандыруды қажет ететін емші­лердің тізімін жүр­гіземіз, әрі өзімнің емдеу тә­сіл­дерім бойынша дәріс беріп, щеберлік класын өткіземін. Ол тәжірибе арттырамын деген, әлі ашыла алмай жүрген емші­лер үшін үлкен сабақ болмақ.

– Сіз шет мемлекеттерде көп боласыз. Ондағы және біздегі емші­лердің ұқсастығы мен айырмашылығын айтыңызшы.

– Айырмашылық жер мен көктей. Шет мем­лекеттегі емшілер­дің біз­ден артықшылығы – әр мем­лекеттің, әр елді мекеннің өзінің жар­ғысы, талабы бар. Дей тұр­ғанмен олар біздің «Шапағат» мекемесінің жұмысына ерекше қызығушылық танытады. Се­бе­бі біздің құжаттарымыз еуропалық стандарттағы соңғы үлгілермен жасақталған және «Шапағат» – дүние­жүзілік деңгейдегі мекеме. Бізде арнайы қосымшасы бар екі куәлік және үш мекеменің төсбелгісі мен пластикалық карточка бері­леді. Ол бойынша емшілер әлемдік деңгейде, яғни шет мемлекеттерде де емін-еркін жұмыс жасауға құқылы.

Қазіргі таңда сырттан келген келімсек емшілер өте көп, егер біз шынында да өз халқымызға, жер­лес­терімізге жанымыз ашитын болса, онда гастролер-емшілерді қатаң түрде тексе­руді қолға алуымыз керек. Себебі сырттан келген емші­лердің не жауабы, не сұрауы жоқ. Олар адам денсаулығына нұқсан келтірсе де жауапқа тартылмай қалады. Сондықтан мен емде­лушілерге үнемі тек заңды құжаты бар, өзімізде тір­келген кәсіби халық емші­лерінен ғана ем алыңыздар деймін.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – Р. ОРДАБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру