Ақпарат

Бақыт ЖАНШАЕВА: «Бесік жырын айтпайтын, немересін бақпайтын әжелер көбейіп келеді»

Қаралды: 1212

Балаларын бесікке бөлемейтін келіндер, немере баққысы келмейтін әжелер, шетелдіктің етегінен ұстап кете баратын бойжеткендер көбейіп тұр. 

Ене мен келін сыйластығы да жайында қалғалы қашан. Ал осының бәрінің себебі не? Мұндай олқылықтардың орнын толтыру үшін не істеуге болады?  Ақтөбелік  журналист  Бақыт Жаншаевамен сұхбатымыз осы сұрақтар төңірегінде өрбіген еді.

– «Ел болам десең, бесігіңді түзе» демей ме? Әңгімені бесіктен баста­йықшы, қанша балаңыз бар, оларды бесікке бөледіңіз бе? Бүгінгі жас аналар балаларын неге бесікке бөлегісі келмейді? Бесіктер неге қоқыста жататын болды? Осыған байланысты пікі­ріңіз қандай?

– Анамның әлди айтқан дауысы әлі күнге дейін құлағымда. Әлди айтып, бөпесін бесікте тербеткен ана бейнесінен асқан нұрлы бейне жоқ. Бесік жырынан артық тамаша ән жоқ. Бесікте жатқан бала жылы жатады, асты құрғақ болады. Сондықтан, бала бесікте алаңсыз ұйықтайды, тыныш болады. Анам мені бесікке бөлеп, қойдың құйрығын пісіріп, оны  ұзыншалап кесіп, ақ мәрліге орап, бесіктің арқалығына байлайды да, менің аузыма салып,  алаңсыз екі-үш сағатқа жұмысына кететін болған.  Ұйқыдан оянғанда, құйрықты сорып, жата бере­тін болғанмын ғой. Содан ба, кішкентайымда ауырмаппын. Мен де балаларымды қырқынан шығарысымен бе­сікке салдым. Қазіргідей пам­перс жоқ кез ғой. Біріншіден, үнемі жаялық жуа бермейсің. Екіншіден,  баланы шешін­діріп, киіндіріп, мазалай бермейсің. Іші үнемі  жабық болған соң, жел қатпайды. Бесіктің пайдалы жағы көп. Бесікті лақтырмай, таза ұста деп, сәбилі болған туыстар­ға, көрші-көлемге беретінбіз. Тозығы жеткенде, өртеп, күлін ағаш түбіне шашады. 

Қазақтың  «Бесік жыры қара тасты жібітеді» дейтіні бекер емес. Зілдене сөйлеп, сұрланып жүретін, айналасындағылардың бәрін жау көріп, оларға жек көре  қарайтын  адам туралы  ана әлдиін естімеген деп айтады екен. Анасының әлдиін тыңдап, бесік жырына құлағының құрышын қандырмаған баланың жүрегі өскенде шерге толы болады. Оған қоса, тағдырдың тезіне түсіп, түрлі қиындықтарға тап болғанда, қатыгездікке оңай баратын қара тасқа айналмасын десек бесік жырын айтайық! Алайда қазір бесік жырын білетіндер бар ма? Аналарымыз әлди айта ма, бесік жырын шырқай ма? Ақтөбе облыстық балалар кітап­ханасының қызметкерлерінің  «оқырмандармен кездесуге  немересіне бесік жырын айтып жүрген әжені  шақырайық деп едік, таба алмай жүрміз, көмектесіңізші» деген қолқасын әзер орындадым. Қанша жердегі қанша адамға хабарласып,  немересіне бесік жырын айтатын әжені  табу оңай болмады. Бесікке бөлеу зиянды деп шығушылар бесіктің  қадірін қашырыпты. Бесік жырын айтатын әжелер де азайып кетіпті. Сұмдық қой. Көптеген әжелер бесік жырын айтпайтын болған. Немересін баққысы келмейді, кимешек кимейді, басына орамал салмайды. Шолақ шалбар киіп, шашын қиып селтеңдеп жүр. «Бесік жырын айтатын әжелер, қайдасыңдар» деп  жар салғым кеп кетті.  Содан бері бесік жырын айту дәстүрі ұмыт қалып бара  жатқаны ма деп көңілім шерлі болып жүрген едім, әлеуметтік желіде жарияланған  қоқысқа лақтырылған бесіктің суретін көргенде  ішім одан бетер мұздады. «Бесікті отқа жақпа», «аяқасты етпе», «қадір­леп ұста» дейтін қазақ бесікті қоқысқа тастай салатын болыпты. Бесіктің киесінен қорықпайды. Мүмкін мұның бәрі білмегеннен шығар. Сондықтан, біздер бесікке қатыс­ты түсінік жұмыстарын жүргізуіміз керек.

– Семейдің қызы екенсіз, Ақтөбеге келін болып түсіпсіз. Екі жақтағы  той-жиын, құдалық, келін түсіру, қыз ұзату кезінде жасалынатын жөн-жоралғыларда айырмашылықтар бар ма? Бар болса қандай?

– Қыз бен түйенің жүрмейтін жері жоқ дегендей, тағдыр мені Ақтөбенің жігітімен табыстырды. Біз нағыз кеңестер үкіметі тарап, елде экономикалық қиындықтар болып жатқан кезде, отбасылы болдық. Анау батыстан,  сонау шы­ғыс жаққа құдалыққа баруға мүмкіндік болмады. Жастар табысты деп, екі жақ ешқандай бір-біріне салмақ салмады. Дегенмен той да, беташар да болды. Ауылымда  тойда табаққа дейін әнмен тартылатынын кішкентайымнан білетін мен, табақты үн-түнсіз ер адамдардың әкеліп қоятынын көрдім. Және жастарға арналған кешкі  «вешір» болмаса, күндізгі үлкендер шақы­рылатын тойда  дастарқан­ға арақ қойылмайтын. Әже-аталардың арақ ішкенін тіпті де көрмеппін. Мен түскен ауылда  кәрі кемпір-шалдар арақ ішіп, қазақшаларын  қойып, хохолша сөй­лесіп, ән айтуға көшкенде, аузым ашылып қалды. Қызығы сол ешқандай  ак­центсіз, таза айтады. Сөйт­сем, бұл ауылда украиндықтар көп болған екен. Олармен қойын-қолтық араласып, сіңісіп  кеткендері сондай, орыстанбаған, хохолданып кеткен.  Балаларына Степан, Тося, Миша деп ат қойған. Тек сол жағы болмаса, басқа салт-дәстүрдің барлығы  жақсы сақталған. Келінге сәлем салғызып, шай құйдырады.

– Келін түсіріп, қыз ұзаттыңыз ба? Қандай енесіз? Жалпы, жақсы келінді қалай тәрбиелеу керек?    

– Қыз ұзаттым, келін бар. Өзімді  ене болуға ертеден дайындадым. Өз ұстанымым бар. Содан ауытқымауға тырысамын. Және  ене болуды әлі үйреніп жүрмін. Баяғыда келініне көңілі толмаған бір әйел көрші ауылдағы өнегелі  деген отбасыға барыпты. Ол үйдегі келінді, оның шешесін білгендіктен «тәрбиесі келіс­пеген  қыз бұл үйге қай жарытқан келін болды дей­сің, қандай өнегелі десе де осы келінін жамандар» деген ойы да жоқ емес. Барса әлгі «олақ келін атанып, аз уақыттан соң қайтып келер» деген қыз жүгіріп тәп-тәуір қызмет жасап, елдің батасын алып жүр дейді. Содан шыдай алмаған әйел әжейден мұның сырын сұрайды. Сөйтсе, әжей: «Бар құпия табақта», – депті. «Түсін­бедім».  Келінді  алғаш көргенде: «Балам кімді әкелген, енді қайттім?» деп шошындым. Туған-туыс алдында масқара болғым келмеді. Ойлана келе, пісірген асы күйіп кетсе де, ыдысы жуылмай, төсегі шашылып жатса да, одан да басқа істеген тірлігі көңіліме жақпаса да сыр білдірмедім. «Түбі күйіп кеткені болмаса асың тәтті екен» деген сияқты мақтауларымды аямадым, «Менің келінім өзіме тартқан» деп өзіне естірте туғандар алдында айта бас­тадым. Отбасылық бас қосу, той-томалақтарда табақ алдырттым. Осының бәрі, әсіресе табақ алып, үлкен­дердің батасын тыңдап, сәлем салу оны кәдімгідей ойландырғанын байқадым. Келесіде үсті- басын түзеп, басына орамалын тағып, ұзын белдемшесін киіп табақ алуға шығатын  болды. Мен ел алдында келінімді мақтауымды тіпті күшейттім. Қарап отырсам, мақтаған сайын ол өзінің жетіспейтін жақтарын жақсартуға тырыса бастады. Жасаған асының бір жері дұрыс болмай қалса, басында бізге бай­қатпай шешесінен сұрап жүрді, кейін бойы үйренген соң, батылданып: «Апа, мына менің палауымда күріш неге езіліп кетеді?» деген сияқты сұрақтарын қойып, жаныма үйіріле бастады. Мен де шын ықыласыммен біл­генімді үйрете бердім. Та­мақ жасағанда барын салатын болды. Үй жинап, тап-тұйнақтай жүретін болды. Өзім шынымен риза бола бастадым. Басында «сұмырай» деп шошына қараған келініме өзімнің де ішім жыли бастапты. Ешқандай сұмырай емес, әп-әдемі, томпиған, өңі келісті екен. Енді мақтағанда шын көңіліммен мақтайтын болдым. Ең бас­тысы,  балам мәз. Отбасымызда бір жылылық орнап, күліп-ойнап отыратын болдық. Бақсам, келінді келсап қылатын өзіміз екен. Басқа ортадан келген келінді ба­уырымызға тарта білу керек. Сондықтан бас салып келінді «тәрбиелеуге» ұмтылмай, оның отбасымызға сіңісуіне жағдай туғызайық. Содан кейін оған қоса өзімізді де тәрбиелей білейік деп ақыл сұраған енелерге айта жүретін болдым», – деп  құпиясымен бөліскен екен. Осындай дана әжелеріміздің өнегесі енелер құлағына шалынсын. Келінді жамандап, жақсы қыла алмайсың.

–  Өз енеңіздің тәлім-тәрбиесі қандай еді?

– Менің енем – момын, біртоға, жақсы адам еді, марқұм. Анамдай көрдім. Бірге тек бір жылдай тұрдық. Құрақ ұшып, айтқандарын жасап, жүгіріп жүрдім. Ол кісі де  қамқорлық жасап, жегім келген тамақты тауып беруге тырысты. Реті келсе, қор­ғаштап жүретін. Кейін біз қалаға көштік. Ата-енем ауылдан келгенде, үйде кішігірім мейрам болатын. «Ата-әже келді» деп балалар да, біз де мәз болатынбыз. Енемді моншаға апарып, киімін әперіп, балаша қуанғанын жақсы көретінмін. Кейде шашын бояп беріп, сәнді киімді кигізгенде қаладағы кем­пірлердей болдым деп мәз-мәйрам болатын. Атам болса, тіпті керемет жан еді. Кәдімгідей атым шыққан журналист болғандығымды мақтан көріп, «халықтың адамы» деп қолпаштап отыратын еді. Екеуі біздің жетістіктерімізбен мақтанатын. Қазір сол кісілерді қатты сағынамын. Орындары ойсырап тұр. Әулетіміздің  пірлері, ортамыздың гүлі де, сәні де екен ғой.

–  Қазақстанда жігіт аз, қыз көп деп қыздарымыз шетелдікке күйеуге шығып жатыр. Бұл туралы ойыңыз қалай?

– Жігіт аз, қыз көп дегенді зерттегендер бар. Шын мәнін­де олай  емес. Алла тағала бәрін тепе-тең жаратады.Тек ер адамдар арасында әйелдерден гөрі өлім-жітім көп, жол апаты, түрлі оқыс оқиғаларға ұшырайды. Содан  белгілі бір жастағылар арасында  ерлердің саны азайып кеткен де шы­ғар бір кездері.

Ал қыздарымыздың ше­тел­дікке шығуы жайлы мәселеге келсек...

Кейде осыны бизнеске айналдырған біреулер әдейі насихаттап жатқан сияқты көрінеді маған. Өткенде, ана бір дүйім жұрттың наразылығын тудырған агенттік  айқайлатып, жарнамасын шығарды. Бүкіл сайт, телеарна сол тақырыпты көтергіш боп кетті. Әлеуметтік желіде шетелдіктерге шыққан қазақ қыздарының суреттері қаптап жүр. Жақында 31-арнадағы түс кезінде болатын хабарды қоссам, Адель деген деген жүргізуші қазақ қызын швед күйеуімен қонақ­қа шақырып, олардың шетел­дегі «жұмақ» өмірін тамсана айтып отыр. Тест тапсыртып, сіздер бір-бірлеріңізге лайықсыздар деп мақтады. «Шетелдікке күйеуге шыққысы келгендерге не айтасыз?» деп сұрап, қонағының: «Қорықпай шыға беріңіз­дер» деген жауабымен аяқтады.  

Мұндай насихатты қою керек. Өз басым бұған қарсымын. Мен өз елімде, шығыстан батысқа келдім. Журналист болған соң, көп жүріп, ел ортасында көп болған соң,  қайда барсам сыйлымын. Былайғы жұрт мені жақын тартып,  жолдасымды күйеу бала деп, мені қызым деп түскен жерге  неше жылдан бері сіңісіп кетсем де,  балалы-шағалы болсам да, елімді, туған жерімді аңсағанда, кейде қасқырша ұлып кеткім келеді. Туған жердің ауасын, тауын, суын, шөбін, бірге өскен достарды, ауылдың адамдарын  бәрін сағынамын.  Бұл мәдениеті бір, ортамыз бір жерде жүрген менің жағда­йым. Ал мәдениеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, түр-түсі мүлде жат жерде... Мүмкін жас кезінде білінбес. Өсе келе  сезінеді. Өмірі құсалықта өтеді. Ол керек пе?

– Әсерлі әңгімеңіз үшін көп рахмет!

Сұхбаттасқан– Г. ӘШІРБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру