Ақпарат

Қозықұйрық та қымбаттап кетті

Қаралды: 209

Биыл Оңтүстіктің көктемі кеш шықты. Жылда нау­рыздың алғаш­қы онкүн­дігін­де-ақ сауда нүкте­ле­ріне түсе бастайтын табиғат тартуы – қозықұйрық жұрттың дас­тарханына үш-төрт аптадай кешігіп жетті. 

Бүгінде оның 1 килосы түрі мен сапасына қарай 1000 – 1800 теңге аралығында болып тұр.

«Қозықұйрықтың шыққанына бір аптадан енді асты, – деді бізге базарда сауда жасайтын Қанапия Төлеков есімді азамат. – Себебі белгілі, күн суық. Топырақ енді жылына бастады. Бұрын осы уақыттарда қозықұйрықты қалаға әр адам 10 – 20 килодан әкелетін, ал қазір 3-4 килодан ғана әкелуде. Әзірге қозықұйрық Сарыағаш, Әлімтау, Арыс, Монтайтас, Қазығұрттан, Бәйдібек ауданының Ортақшыл ауылы жақтан әкелініп жатыр. Бірақ жылдағыдан әлдеқайда аз. Сондықтан да бағасы қымбат болып тұр. Қозықарынның килосы қазір 1000 теңгеден. Ал мына көкаяқтың килосын 1000 теңгеден алып, 1100 – 1200 теңгеден сатудамыз. Жұрт дәмді деп қызығатын, ұсақтарынан банка жабатын ақ қозықұйрықтың килосын 1500 теңге деп тұрмыз. Ақ саңырауқұлақтар мен қозықарындарды қазір негізінен Жамбыл облысынан әкеліп жатыр. Өткен жылы алғашында бұлардың килосы 700 – 1000 теңге аралығында болған еді, биыл біршама қымбат.

Бүгінде қозықұйрық жинаушыларға да оңай болмай тұр екен. Топырақ әлі де сыз болғандықтан өнім аз шығыпты, оның үстіне дала суық, терушілер бұрынғыдай алаңсыз қона жатып жинай алмайтын көрінеді.

Күн жылына келе Бәйдібек және Төлеби аудандары жақтан да қозықұйрық жеткізіле бастайды. Басқа аумақтардан да әкелінетін қозықұйрық көбейетін шығар. Әзірге саудада бары осы».

Қанекең осылай дейді. Айтуынша, қазір саудада жылыжайда өсірілетін шампиньон, «вешенка» қозы­құйрықтары да бар екен. Олардың килосы 600 – 800 теңге аралығында. Бұл қозықұйрықтардың табиғат жағдайында өсетіндері, сондай-ақ «лисичка», «маслята» деп аталатын түрлері енді алдағы екі-үш апта көлемінде пайда болмақ. Себебі ауа райына байланысты. Яғни топырақ жылынбаса олар жата береді, тіпті шықпай қалуы да мүмкін.

Бұл саладағы бір жаңалық, Шымкентке өткен жылдан бері Шардара жақтан да қозықұйрық әкелушілер көбейіпті. Шардара ауданында бұл өнім бұрыннан да өседі екен, бірақ адамдар оған онша мән бермей келіпті. Оны сату арқылы табыс табуға болатынын білген соң ол жақтың адамдары да қозықұйрық саудасына ден қоя бастапты. Яғни бүгінде қалаға қозықұйрық жеткізушілердің қатарында шардаралықтар да бар.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру