Ақпарат

Құран жарысына 6 жасар балалар да қатысты

Қаралды: 462

Қасиетті Құран-Кәрімді жастардың санасына сіңіру һәм оның құлшылық екендігін түсіндіру мақсатында Шымкент қаласындағы «Айтбай ата – Ақмешіт» 

мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыс  бойынша өкілдігінің ұйыт­қы болуымен 1990-жылдары бұрын Бас мүфтидің орынбасары, Жамбыл және ОҚО өкілдіктерінің бас имамы қызметтерін атқарған ұстаз, имам Әли-Айдар Төлжанұлы Әміреевтің құрметіне облыстық Құран жарысы болып өтті.

Ұйымдастырылған шараға  6 мен 20 жас аралығындағы 170-ке тарта үміткер қатысты. Өңірдегі медреселер мен мешіттердегі діни сауат ашып жүрген шәкірттер киелі кітап сүрелерін жатқа, мазмұнын бұзбай айтуға тырысты.

Әділ қазылар құрамында сонау Мысырдағы «Әл-Азһар» университетінің ұстаздары Махмуд Мухаммед Абдул Жаввад және Ниғматулла Ауад, Түркиядан келген ұстаз Осман Өсташ, «Ықылас» қарилар даярлау орталығының ұстазы Камалжан қары Садықов, «Шымкент» медресе колледжінің ұстазы Марибжан Ахметов, «Сарыағаш» медресе колледжінің ұстазы Бақытжан Жақыповтар төрелік етті.

Дүбірлі шараға ҚМДБ ғұламалар кеңесінің мүшесі,  дінтанушы Ерсін қары Әміре арнайы қатысып, қасиетті Құранды жаттау және оның жолдары туралы тәлімдік  уағыз айтып, жас қариларды жігерлендірді.

«Құран – Алланың сөзі. Ал оны жаттап өскен жастың жаман әдеттен аулақ болатыны анық. Шүкіршілік, қазір дәл осы іске амал етушілердің қатары көбейіп келеді. Бұл игі шара соның бірден-бір айғағы. Бүгінгідей сайыс­тар өскелең ұрпақтың Құран оқуға деген құлшынысын арттырады. Сондықтан бұл дәстүр алдағы уақытта өз жалғасын таппақ», – деді өңірдің бас имамы Ахметжан қажы Керімбек.

Жарыста бес пара бойынша бірінші орынға Сержанұлы  Исламнұр, екінші орынға Мақан Айдын, үшінші орынға Ығылман Мухамбет қариларымыз  ие болды.

ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру