Тоқсан бес жасқа толған күн

18.04.2017
Қаралды: 656

Жуырда Оң­­түстік Қазақстан облыстық сотында Ұлы Отан  соғысының және сот жүйесінің ардагері Айтжан Бекназардың  95 жас­қа то­­лу­ына орай ізет көр­сету шарасы өтті. 

Салтанатты іс-шараға облыстық, аудандық сот төрағалары мен судьялары, облыс әкімінің орынбасары, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы мен доғарыстағы судьялар, ақын-жазушылар және ОҚО бойынша Соттар әкімшісі, Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің басшылары мен жас судьялар, С.Рахымов атындағы республикалық «Жас ұлан» мектебінің ұландары, Мақтаарал ауданы мен Шымкент қаласындағы Абай ауданының әкімдері және БАҚ өкілдері қатысты.

Сот ұжымы мерейтой иесін облыстық соттың алдында орнатылған «Даңқ тақтасы» жанында қарсы алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен Ұлы Отан соғысына қатыс­қан сот саласының ардагерлерін еске алды.

Шараны ашып, жүргізген облыстық соттың төрағасы Н.Шәріпов ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Қ.Мәмидің құттықтауын жеткізіп,  Айтжан Бекназарға «Мінсіз қызметі үшін» медалін салтанатты жағдайда тапсырды.

Шымкент қаласындағы Қаратау аудандық сотының төрағасы Ермахан Рахманберді  өз баяндамасында Айтжан Бекназардың сұрапыл соғыс жолынан өтіп, одан кейін 32 жыл үзіліссіз Мақтаарал аудандық соттарында судья, аға судья, төраға қызметтерін абыроймен ат­қарғанын ерекше атап өтті.

Айтжан Тассейітұлының «Сұрапыл жылдар», «Елтай елінің бір ұлы еді», «Ақиқат және әдеп» атты кітаптары бар. «Тарихтағы ұлы тұлғалар» атты жинағына халқымыздың  біртуар тұлғалары  туралы мәліметтерге  өз тұрғысынан талдау  жүргізген.

Игілікті іс-шара барысында көптеген азаматтар мерейтой иесіне деген шынайы тілектерін айтып, жылы лебіздерін білдірді. Құттықтаулардың арасында мерейтой иесінің құрметіне Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония әншілерінің орындауында дәстүрлі әндер және әскери жылдар әуендерінен поппури шырқалды.

Өз кезегінде сөз алған Айтжан Бекназар облыстық соттың төрағасы мен сот қауымдастығы ұйымдастырған ізет көрсету шарасына және әрдайым көрсетіліп отыратын өзге де құрмет пен қошеметтері үшін ризашылығын білдіріп, соттарда өткізілетін іс-шараларға қуана қатысатынын жеткізді.

Қабыл ДҮЙСЕНБИ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ