Ақпарат

Балмұздақ пен лимонадтың дәмі балдай кездер-ай!

Қаралды: 752

Біздің жас кезімізде 1-мамыр мерекесі ауылда дүркіреп тұрып өтетін. Сол күні колхоз орталығында мыңдаған адам жиналып, мектеп оқушылары салтанатты парадқа қатысатын. Оның арты түрлі спорттық ойындарға ұласып кететін.

Бұл мерекеге дайындық бір айдан ерте басталушы еді. Әр үйдің тұрғыны жоғары жақтың нұсқауынсыз-ақ өздері тұрып жатқан үйдің іші-сыртын әктеп, айналадағы күл-қоқыстарды тазалап, өртеп тастайтын. Мектеп оқушылары өздеріне бекітіліп берілген көшелердегі электр бағаналарының түбін әктеп, оның үстіне кішкене қызыл жалаушаларды желбіретіп іліп қоятын.

Иә, мұның бәрі 1-мамыр мерекесінің шырайын кіргізіп, әр адам бойында қуаныш сезімін оятушы еді. Парад алдында колхоз басшылары мен мектеп директорлары құттықтау сөз сөйлеп болған соң бар назарымыз спорттың бес-алты түрінен өтетін жарыстарға ауатын. Колхоз қарамағындағы әр ауыл өздерінің намысы үшін жарысқа тыңғылықты даярланып, жеңіс үшін барын салатын.

Мереке күндері орталықта дәмі тіл үйірер балмұздақтар, лимонадтар сатылатын. Жергілікті өнерпаздар болса ашық аспан астындағы сахнада небір құлаққа жағымды әндерді шырқар еді.

Бір сөзбен айтқанда, сол кездегі 1-мамыр – нағыз халықтық мерекеге айналатын. Күні бойы спорттық жарыс­тардың куәсі болған жұртшылық кешке қарай жергілікті көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасын қызыға тамашалаушы еді.

Ал бүгінде мұндай әдемі үрдістердің бәрі ұмыт қалып бара жатқандай. Қазір, жасыратыны жоқ, аттап бассаң алдыңнан түрлі балмұздақ, сан алуан сусындар шығады. Бірақ олардың қауқары бұрынғы тәттілерге жетпейді.

Жылына бір-ақ мәрте қолға тиетін балмұздақ пен тіл үйірер лимонадтың балдай дәмі таңдайда әлі де сол қалпында тұр. Иә, айтып-айтпай не керек, сағыныш екен-ау сол бір кез...

Орынтай КӨМЕКОВ.

Түлкібас ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікірлер   

 
0 #1 Серік 01.05.2017 08:48
Атың өшкір Кеңес үкіметің аңсап отырсыз ба? Мән-мағнасы жоқ мерекесымақты құрталмай жүрсек. Сіз аңсап отырсыз. Недеген САТҚЫНДЫҚ бұл?
Дәйек алу
 

Пікір қалдыру