Ақпарат

Шымкенттіктер тағы да у-шу болып жатыр

Қаралды: 476

Кешегі аптада Шымкентте ғаламтор арқылы кезекті «бомба» жарылғандай оқиға болды. Әңгіме қаладағы «жедел жәрдемдердің» бірінің басшысына қатысты. 

16 жыл бойы бас дәрігердің қызметтік көлігін жүргізген Әлішер Тұрсынқұлов деген азамат оның үстінен тікелей Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне шағымданды.  Ол өзінің жергілікті құқық қорғау орындарына сенбейтінін, сондықтан республикалық ҰҚК-ге сөзін  «Ютуб» әлеуметтік желісі арқылы жеткізуді шешкенін айтты. Оның аталған желідегі жазбасын бірер күннің ішінде ғана жүздеген мың адам көріп үлгерді. Бүгінде жұрт арасында бұған қатыс­ты әңгіме гулеп тұр.

Ә.Тұрсынқұловтың (суретте) айтуынша, ол бұрынғы басшысы мен жұмысқа алынатын адамдар арасында «делдалдық қызмет» атқарған көрінеді. Яғни ол сенімді адам ретінде жұмысқа кіретін адамдардан параны алып, оны басшысына жеткізіп тұрғанын айтады.

«50 шақты адамнан алынған ақшаны басшыма жеткізіп бердім, ол маған бала-шағаңа деп аздаған «шотал» беріп тұрды, – деді Ә.Тұрсынқұлов. – Ақшаның 90 пайызын алып тұрды. Фельдшерлік, жүргізушілік жұмыс үшін 550 мың теңгеден, «санитаркалыққа» 250 мың теңгеден алдын-ала пара алатынбыз».

Ә.Тұрсынқұлов бұдан кейін: «Облыстық денсаулық сақтау департаментінің басшысы ауысқаннан кейін уәде етілген адамдарды жұмысқа қабылдауда қиындық туды, сосын бастығым маған сен бәрін өз мойныңа ал, кейін өзім  құтқарамын деп жұмыстан өз еркіммен шығуға мәжбүрледі, бірақ уәдесінде тұрмай, бәрін маған жауып, мені алаяқ деп көрсетіп отыр», – дегенді айтты.

«Өз өміріме, туыстарымның өміріне қауіп төніп тұрғандықтан қазір өзім де, әйелім мен анам да басқа жақтарда қашып жүрміз. Сондықтан Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінен бізді қорғауға алып, бұл мәселеге қатысты тиісті тексеру жүргізуін сұраймын», – дейді Әлішер.

...Осылай деп өте тосын мәлімдеме жасаған және өзінің бұрынғы басшысын мейлінше әшкерелеп отырған Ә.Тұрсынқұлов «Ютуб» желісінде жарияланған өз сөзінде бұдан басқа да көптеген жайларды жария етті. Бұл оқиға жөнінде қазір көпшілік арасында кеңінен сөз болуда. Жұртшылықтың тиісті құзіретті мекемелердің бұл істі елеусіз қалдырмай, зерттеп-тексеріп, жай-жапсарын анықтайтынына сенгісі келеді.

Шынында да бұл даулы әңгімеге орай жергілікті, сондай-ақ республикалық құқық қорғау органдары не айтар екен?

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру