Ақпарат

Атанның жүгін арқалаған Атанбек

Қаралды: 543

Әріптесіміз, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің қызметкері Атанбек Наурыз алдағы 20-сәуірде асқаралы 60 жасқа толғалы отыр. 

Мұндайда мереке иесінің көпшілік біле бермейтін қырлары жөнінде айта кеткен де артықтық етпейді. Біз осы орайда Атекеңнің өзімен жолығып, сұхбаттастық.

– Атеке, «Алпыс – тал түс» демекші, бүгінде осы күнге дейін бітірген істерге іштей есеп беріп жатқан боларсыз?

– Кім де болса өз өміріне есеп береді ғой. Құдайға шүкір, өткеніме өкінішім жоқ екен.

– Сізді көпшілік жұрт аңқылдаған Атанбек ретінде біледі. Бұл қасиетіңіз туабітті ерекшелік пе, әлде жүре келе пайда болған мінез бе?

– Аналарымыздың айтатын сөзі бар ғой: «Баланы мен туғанмен мінезін туған жоқпын» дейтін. Мінезді көбіне өмір, қоршаған орта қалыптастырады деп айтар едім.

– Қандай отбасында туып-өскенсіз, ата-анаңыз кімдер болған?

– Әкем Айтбай 1900-ші жылғы еді, ол кісі Лениннің «Жаңа экономикалық саясат» бағдарламасы кезінде эк­с­педитор, яғни жабдықтаушы болып еңбек еткен. Отбасын 33 жасында құрыпты, үйленген кезде анамыз Дәмелі 13 жаста болған екен. Ол кісі – 15 құрсақ көтерген жан. Мен егіздің сыңарымын, анам бізге дейін 12 бала туған, артымыздан ерген кенже ініміз бар. Өзім әкемнің 57 жасында көрген баласымын, ал інім туыл­ғанда ол кісі 59 жаста еді. Осындай көпбалалы отбасында туып-өстік.

– Бала кезде кім болуды армандаған едіңіз?

– Менің әртіс болғым келетін. Кезінде шаруашылықтарда түрлі жұмыстар істедім. Ордабасы аудандық мәдениет бөлімінде  автоклуб меңгерушісі болғаным бар, сол кезде қысқаша сахналық қойылымдар ұйымдастыратынмын. Қаладағы көркемсурет училищесін бітіргенмін. Кейін Ж.Шанин атындағы облыстық театрда сахна көркемдеушісі болып еңбек еттім, онда 8 жыл жұмыс істедім. Әртістікке қатты қызығатынымды байқады ма, бір күні басшымыз: «Сен ертең көркемдеу цехына емес, әртістердің жанына бар. Жаңа драма қоямыз, соған қатысасың», – деді. Бұған мен қатты қуандым. Бірақ сол күні кішкентайымыз ауырып қалды да, ертеңіне жұмысқа бара алмадым. Ол кезде біз көпқабатты үйдің 5-ші қабатында тұратын едік. Дәрігерлер балаға биіктің жақпайтынын, ауа ауыстыру керегін, ауылды жерге барып тұруымыз қажетін айтқасын бәрін жиыстырып қойып, басшылар­ға жағдайды айттық та, ауылға көштік. Кейде сол кезде бала-шағаны ауылға апарып тастап, театрда қо­йылымдарға қатыса берге­німде әртіс болып кетер ме едім деп те ойлайтыным бар. Кейін Халықаралық қазақ-түрік университетін тәмамдадым, ақырында журналист болып шықтық.

– Сіз газет жұмысынан бөлек, проза, поэзияға да қалам тартасыз. Оған қоса аудармашылық та өнеріңіз бар. Жалпы, шығармашылығыңыз туралы таратып айтсаңыз...

– Мен мектепте жүргенде Маяковскийдің, Пушкиннің, Чеховтың, тағы басқа да орыс жазушыларының өмір­баяндары мен шығармаларын көп оқыған едім. Қатты қызығып, өзімше оларды қазақшаға аударатынмын. Класс жетекшіміз Пернебай Байзақов түзейтінін түзеп, мақтап қоятын. Ауыл мекте­бінде 8-сыныпты бітір­гесін Шымкенттегі кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түстім, кейін Мәскеуде әскерде болдым. Сол кездері де осы әдетімді тастаған емеспін. Әскерде жүргенде көптеген орыс әндерінің мәтінін қазақшаға аударғаным бар.

Кейін облыстық тіл басқармасында істеп жүргенімде археологиямен айналысатын Подушкин деген азамат Шымкент қаласының тарихы жайлы кітапты қазақшаға аударуды ұсынып, соны аудардым. Аударма саласындағы алғашқы еңбегім деп мен соны айта аламын.

Жастайымнан өзбек клас­сиктерінің шығармаларына да қызығып өскендіктен өзбекшеден аударуға да машықтандым. 30-дан аса өзбектілді ақын-жазушылардың еңбек­терін, «Ел жүрегінде – 25 жыл» атты энциклопедиялық кітапты толығымен қазақ тіліне аударғаным бар.

Жалпы, «Кәсіпке іңкәрлік», «Торғын толқындар», «Әулет», «Шабандоз», тағы басқа да прозалық және поэзиялық кітаптарым жарық көрген. Топтамаларым бірнеше жинақтарға енген. Бүгінде Қазақстан Журналистер одағының, Халықаралық Жазушылар одағының мүшесімін.

– Мақтау-марапаттаулар жағынан бірер сөз...

–  Өз басым мақталып-марапаттала қалайын деп ұмтылған кезім болған емес. Бұйырғаны тиіп жатады енді. Бірнеше Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттардың иегеріміз. Халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің «Ел ардақтысы», «Михаил Шолохов» және облыстық өзбек этномәдени орталығының «Жамаот фидойиси» төсбелгі­лерімен марапатталғанмын. Қаламызда, облыс, республика көлемінде өткен көр­кемсөз оқу байқауларында, жыр мүшәйраларында, аудармашылардың жарыстарында лауреат, дипломант болдық. Республикалық Т.Бердияров атындағы әдеби жүлденің жеңімпазы,   «Балалық шақтың досы» байқауы бойынша «Үздік балалар жазушысы» атандық.

– Жалпы, қалам ұстаған жандардың жағдайы жақсы болуында жұбайларының үлесі мол деп жатады. Бұл жағынан үйдегі жеңгейдің еңбегін қандай деп бағалайсыз?

– Әйелім Ұлтудың негізгі мамандығы – балалар тәрбиешісі, ол бұрын қаладағы «Қарлығаш» шипажа­йында істеген, қазір зейнеткер. Ол да көпбалалы шаңырақта дүниеге келген, отбасында 3 қыз, 4 ұл болып өскен. Ол мені әрдайым түсінеді, қолдайды, оған әрқашанда ризамын.

– Қанша бала өсірді­ңіздер, олар қазір қайда, немен айналысады?

– Төрт ұл, бір қыз тәрбие­леп өсірдік. Барлығы да мектепте жақсы оқыды, грантпен оқуға түсті, жоғары білім алды. Тұңғышымыз Баянғали бүгінде банк­те істейді, өзінің үй-жайы, көлігі бар, әзірге бойдақ. Рауанымыз үйленген, қазір мұнай саласында еңбек етіп жүр, ал келініміз Мөлдір енесі зейнеткерлікке шыққасын оның орнын басты, «Қарлығаш» балалар шипажайында жұмыс істейді. Қызымыз Жансая «Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясында референт-хатшы қыз­метінде. Тарғын Алматыдағы Қазақ-британ техникалық университетінде оқытушы, кенжеміз Тағзым Халықаралық қазақ-түрік универ­си­тетінде бағдарламашы болып еңбек етіп жүр.

– Әңгімеңізге рахмет, сізге қайратыңыз қайтпасын, еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз деген тілек білдіреміз.

Сұхбаттасқан – Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру