Ақпарат

Құдаларына қала аралатып, концерт тамашалатты

Қаралды: 343

Бүгінде ел ішінде той көбейді. Бірақ соның барлығы жұртшылықтың көңілінен шығып жүр ме? Жасыратыны жоқ, ысырапшылық белең алып, халқымызда бұрын болмаған дәстүрлер пайда болуда.

«Бала күнімізде әке-шешімізбен тойға барып көргенімнен көп нәрсе есімде қалыпты, – дейді шымкенттік Кәмила Байысбекова. – Тойға тілек айтқан бір немесе бірнеше кісіге құрмет көрсетіліп, тойбастар соларға ғана берілетін. Ал қазір әр дастарханға  тойбастар таратылып, әйелдердің болмашы нәрсеге таласып жатқанына куә болудамыз.

Жуырда біз келін түсірдік. Құдаларды үлкен үйде күттік. Тойға тойана, сыйлық апарып жүрген қазақпыз ғой. Жасыратыны жоқ, құдаларды дәмханаға сүйрелеп, қолына стакан ұстатып тілек айтқызған кезіміз де болған. Бұдан шығар қорытынды, соның барлығы ұрпаққа теріс тәрбие беретін, артық шығын екенін түсіндік. Бұл жолғы құдаларымыз Төлеби ауданынан болғанымен арасында Астана, Алматы, Өскемен, Семей қалаларынан келгендер де көп болды. Біз оларға Шымқаламыздың көрікті жерлерін көр­сеткенді дұрыс деп ұйғардық.

Саяхатымызды «Тәуелсіздік» саябағын аралаудан бастадық. Үлкен қақпа алдында естелікке суретке түстік. Түрлі түске боялып, музыка ырғағымен билейтін субұрқақты қызықтау бір ғанибет болды. Алтын шаңыраққа бас иіп, оң қолымызды жүрек тұсына қойып тұрып көкте желбіреген көк туымызға тағзым ету рухымызды көтеріп, рахатқа бөледі.

Алтын көпірмен жүріп өтіп, «Ордабасы» алаңындағы «Ел Ана» монументіне құрмет көрсетіп, сол жердегі мешітке кіріп, өмірге бірігіп қадам басқан жастардың түсіністік пен ауызбіршілікте болуын Алладан сұрап тілек тіледік.

Содан автобуспен Қазыбек би көшесі, «Түркістан» көшесі, Қонаев даңғылы арқылы қаланың әсем де көрікті үйлерін көрсеттік. Бәйдібек би даңғылы арқылы өтіп, «Нұрсәт» мөлтекауданын, хайуанаттар бағы мен атшабарды тамашалаттық. «Наурыз алаңы» демалыс аймағымен танысып, «Ойсыл баба – Сіргелі ата» мәдени-рухани орталығына, Бәйдібек баба ескерткішіне құран бағышталды.

Кешкісін «Астана» даңғылы бойымен жүріп отырып әнші Мақпал Жүнісованың «Аналарға тағзым» атты концерті болатын «Түркістан» сарайына бет алдық. Көліктен түскенде алдымыздағы Шанин атындағы драма театрын, «Отырар» кітапханасын, Көрме залын тамашаладық. Құдалар арасындағы Асан, Шадияр, Мұрат, Досжан мырзалар осы зәулім ғимараттарды салуға үлес қосқандарын қызықты қылып айтып берді. Ал басқа қаладан келгендер расында да қаламыздың көріктілігіне таңдай қақты.

Бұл күні Мақпал Жүнісова тыңдармандарына тамаша кеш сыйлады десем қателесе қоймасым анық.

Айтпақшы Төлепбек Назарбек көшесі­мен жүргенде өткен күнгі бір естеліктер еске түсті. 1980-жылдары облыста Асанбай Асқаровпен бірге қызмет атқарған ағалардың еңбектері көз алдымнан өтті. Сол жылдары Шардара ауданында комсомолда қызмет атқарып жүргенде іс-сапармен ауданға келген Д.Қонаев пен А.Асқаровқа ұлттық киімде нан мен тұз ұсынып батасын алған қолаң шашты, қос бұрымды сымбатты қазақ қызы мен болатынмын. Әуелі Алла қолдап, содан соң сол алғыс пен батаның арқасы болар, бүгінде ұл үйлендіріп, қыз ұзатып жақсы жерлермен құда-жекжат болып, немерелердің қызығын көріп отырған жағдайым бар.

Осылайша сол күні біз де құда күттік, тамақ бердік. Бірақ басқалардай асыра сілтегеніміз жоқ. Есесіне құдалар­ға қала аралатып рухани демалыс сыйладық».

Міне, Кәмила апайымыз бізге осындай әсерлі әңгіме айтып берді. Жасыратыны жоқ, бүгінде құдалықты болса барын шашып, болмаса қарызға батып өткізу үрдіске айналғанын ешкім жоққа шығара қоймас. Екі адамның басын қосса дастарханды жайнататын қазақ құда күткенде құстың сүтінен басқаның барлығын қоятыны баршаға аян. Сондай кезде қарындары теріс айналуға шақ қалып отырған қонақтарға алыстағы құданың, жиеннің, әпке-жезденің дастарханы деп үсті-үстіне тамақ тарту да кездесуде. Отырғандар оның бір-екеуін ғана жеп, қалғаны ысырап болатынын да көріп жүрміз. Сондай желінбеген тамақтың қоқысқа тасталып жатқанын көрген сәттерде осындай ысырапкершілік кімге керек дегің келеді.

Құдаларды үйден үйге сүйрелегенше таза ауада сергітіп қала аралатса, концерттерге апарса керемет емес пе?

Қысқасы, құда күтуде қазақ­стан­дық­тардың Кәмила ханым Байысбековадан үлгі алулары керек-ақ секілді.

Ұ. ҮМБЕТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру