Ақпарат

30 жасында Батыр ана атанған Ұлбосын

Қаралды: 720

Түлкібас ауданындағы Т.Рысқұлов ауылының тұрғыны Ұлбосын Жасымбекова 30 жасында Батыр ана атанды. Таяуда Ұлбосынды аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков қабылдап, оған Батыр анаға тиесілі Алтын алқаны тақты.

Ұлбосын мен оның жары Ғалым Ғалбият аталған елді мекенге «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша барған екен. Аудан басшылығы оларды тиісті баспанамен, жұмыспен қамтамасыз етіпті.

Ұлбосын бүгінде 8 баланың анасы. Үлкендері Аружан 4-сыныпта оқиды. Қымбат және Сымбат есімді егіз қыздарының жастары 7-ге аяқ басса, Ұлпан мен Ұлжан атты тағы да бір егіздерінің жастары 5-тен асқан.

Осы кішкентай Ұлпан мен Ұлжанның аяқтары құтты болып, Ұлбосын  5 қыздан кейін өмірге Ақарыс атты ұланды әкелІті. Оның жасы қазір 3-те. Ал 2015-жылы бұл отбасында Ақарыстың Бекарыс және Жанарыс есімді егіз інілері туылған.

Негізі егіз табуды тұқым қуалаушылық ерекшелікке жатқызады. Ол рас сияқты. Өйткені Ұлбосынның да туып-өскен шаңырағында бір әпкесі өмірге сыңарымен егіз болып келген екен. Ал Ұлбосынның өзі бір емес, үш мәрте егіз туып отыр.

Ұлбосынның жары Ғалым  – Қытайдағы Тарбағатай өңірінің тумасы. Қазақстанға оқуға келіп, Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде оқыған. Екеуі 2002-жылы танысыпты. Екеуі де – аталған оқу орнының түлектері.

Тағы бір білгеніміз, Ғалымның ата-анасы мал шаруашылығымен айналысады екен. Анасы сонымен қатар қолөнер шебері, ол кезінде Қытайда киіз үй жабдықтарын жасап, өрнектеуден болған жарыста жеңімпаз атанып, қомақты сыйлық ұтыпты.

Міне, осы отбасы 2006-жылы Қазақстаннан келін түсірген. Той-томалақтары өткесін екі жас Тарбағатай жақта екі-үш ай тұрған, сосын елге оралып, оқуларын жалғастырған.

Ғалым мен Ұлбосын бүгінде Т.Рысқұлов ауылындағы аудандық ауруханада дәрігер болып қызмет істейді екен.

Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру