Ақпарат

Бас жүлде – қола кубокті 700 мың теңгеге жасатыпты

Қаралды: 334

Осыдан тура 39 жыл бұрын, 1978-жылдың сәуір айында Ауғанстанда «Сәуір төңкерісі» орын алғаны белгілі. 

Арада көп ұзамай-ақ Ауғанстан дамудың социалистік жолын таңдап, өзін демократиялық республика деп жариялаған еді. Одан кейін бұл елде ұзақ жылдарға созыл­ған Азамат соғысы бас­талып, билік басына келгендер КСРО-дан көмек сұраған, Ауғанстанға Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті кіргізілген болатын. Сол кезде Ауғанстанда әскери борышын өтеген азаматтар аз емес. Солардың бірі – шымкенттік Бақытжан Тәшімбетов  жастар арасында патриоттық тәрбиені жандандыру мақсатында «Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алу» ауыспалы кубогін ұйымдастырған болатын. Бұл жарыс бүгінде қызу жүріп жатыр.

«Шымкенттегі 125 мектептің жоғары сынып оқушылары арасында әскери-патриоттық ойын түрлерінен жарыс өткізуді бастағанбыз, – дейді Бәкең. – Бұл өзі республикамызда тұңғыш рет өткізіліп отырған шара, дәстүрлі түрде, жыл сайын жалғасын тауып отырады. Қыркүйек айында басталады, 4 іріктеу кезеңінен тұрады, мамыр айында аяқталып, қорытындыланады. Жарыстың ақтық сынын алдағы 5-мамырда өткізетін болып отырмыз. Жеңімпазға берілетін арнайы кубокті де жасатып қойдық».

Бақытжан Тәшімбетов осылай дейді. Бұл азаматтың өзі 1987 – 1989-жылдар аралығында осы елде әскери борышын өтеген. Бүгінде ол – жеке кәсіпкер, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді, одан бөлек, өзінің жеке медициналық орталығы жұмыс істейді. Оған қоса Бәкең Шымкент қалалық «Ауған соғысы мүгедектерінің қоры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы қызметін атқаруда. Ол аталған жарыс жеңімпазына арналған, салмағы 11 кило тартатын Бас жүлде – қола кубокті өзінің 700 мың теңге жеке қаржысына жасатыпты.

«Жалпы, біз облыстық ардагерлер кеңесімен, «Ерлік» мұражайымен, тілдерді оқыту орталығымен, Пушкин атындағы әмбебап кітапханамен және тағы басқа да мекемелермен бірлесе отырып жұмыс жүргіземіз. Дәстүрлі «Шымкент даусы» байқауын өткізіп тұрамыз. Енді қалалық білім бөлімімен бірлесіп осы шараны қолға алып отырмыз.

Ал аталған жарыстың қорытындысын алдағы 5-мамырда шығарамыз. Бас жүлдеге арнайы кубок пен грамота, диплом, жүлделі орындарға да түрлі кубоктер мен грамота, Алғыс хаттар беріледі. Басты мақсатымыз – жастардың әскери-патриоттық сезімін ұштауға атсалысу. Бұл жарыстардың жастарға патриоттық тәрбие берудегі ролі жоғары болады деп сенеміз», – дейді Б.Тәшімбетов.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру