Ақпарат

Кім екен Шымкентті жаман деген?

Қаралды: 768

Шымкент және шымкенттіктер тақырыбы – барлық қазақстандықтар үшін қашан да қызықты тақырыптардың бірі. Ерінбеген адамдардың бәрі де бұл тақырыпқа елең етіп қарайды. 

Шымкентті мақтайтындар да, даттайтындар да жетіп-артылады. Ондай пікірлер әсіресе әлеуметтік желілерде көптеп кездеседі.

Міне, кешегі аптада біз жылт еткен жағымды пікірлерді көріп, жадырап қалдық. Сөйтіп, ол пікірлерді «Замананың» оқырмандарымен да бөліскенді жөн көрдік.

Бұл жақта ең жақсы қазақтар тұрады

Мен Қытайдан келдім. Қазақстанда Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Павлодар мен Петропавлдан басқа бармаған жерім, баспаған тауым аз. Бір байқағаным: Шымкент­тің халқындай еңбекқор, алғабасар қазақ Қазақстанда өте аз. Қазағынан басқалары да солай.

Түркістанды рухани астана деген соң қатты сыни көзқараспен қарадым. Дегенмен дәл түркістан­дық­тардай рухани дүниесі бай, жаны таза қазақ 70 жыл астана болған Алматыдан да, бүгінгі Астанадан да табылмайды. Демек, Шымкент қазағы – ең жақсы қазақ. 

Жалпы, СССР-дің республикаларында орыстардан бас­қаның бәрі бөлінеді екен. Қазақстан, Қырғызстан оң­түстік пен солтүстік болып, украин, белорыстар батыс пен шығыс болып, тіпті Эстония, Латвия, Литвалардың өзі бас-аяғы жүз шақырымға бойламайтын кішкен­тай территорияда отырып бөлінеді екен. Неге? Бөлінген ел бөгдеге жем болғанға жақсы емес пе?

Меніңше, Шымкентті жамандаудың артында қазақты жамандау, қазақылықты жеккөрінішті ету тұрғанын түсінетін уақыттарыңыз болды, ағайын!

Себебі Шымкент Қазақстандағы ең қазақы өңір екені белгілі.

Қапар АХАТ.

Үлгі алатын нәрсе көп

Шымкент – нағыз ұлттық дәстүрді сақтаған қалың қазақтың ордасы. Көршілес өзбек халқынан оларға жұққаны – еңбекқорлық, тиынның құнын білетін халық, бірақ қанша тиын тапса да еңбекпен тауып жатыр.

Менің өзіме Шымқала да, оның халқы да қатты ұнайды. Қаламдас достарымның көбі шымкенттіктер. Олардың адамға сыйластығында, өнерінде, жеке қасиеттерінде үлгі аларлық озық нәрсе көп.

Мен өз басым біреуді алдаған шымкенттікті, дүниеге берілген, ақша сауған жаман адамды кездестірген емеспін.

Шымқала аман болсын! Халқы еңбекқор, тұрғындары сергек жанды, балалары елгезек, сауда ісін дөңгелетіп әкететін шымкенттіктер, бар болыңдар!

Жеке адамға бола бүкіл Шымкентке күйе жағуға болмайды. Топырағы нағыз мәйегі шыққан берекелі, төскейі малға толған, төсінен бұлағы атқылаған жер жәннаты жасасын!

Шәмшия ЖҰБАТОВА.

Қытайлық қандасымыз Шымкентпен құда болғысы келетінін айтты

Қытайда тұратын бір қандасымыз Түркістандағы ХҚТУ-де оқып, бітіргесін Шымкентте жұмысқа орналасып, тұрақтап қалады. Арада біраз уақыт өткен соң, былтыр күзде артынан әке-шешесі іздеп келеді. Ойлары – баласы тұратын мекенді көздерімен көріп, лажы болса, жалғыз баласын ауылына қайтуға көндіру. Шымкентке келгенде ол кісілермен бір досымыздың шаңырағында дастархандас болдық.

«Біз жақтағылар неге екенін білмеймін, Шымкент десе үрке қарайды. Ауылдастар, ағайындар бар, барлығы балаң Шымкентте жүріп бұзылмай тұрғанда елге қайтар деп  айта берген соң келген едік деген еді ол сонда. Алдымен Алматыға түседі ғой. Орысшасы басым қалада жөн сұрайын десе, қазақша түсінетін адамға зар болады. «Алматының өзі осындай, Шымкент жақ қандай екен? Бұдан да өткен шығар...» деген ойлар да келеді.

Ал пойызға мінген соң шымкенттіктермен қазақша шүйіркелесіп бір қуанып қалады. Баласына келеді. Оңтүстіктің жақсы деген жерінің бәрін аралайды, баланың достарымен, әріптес­терімен танысып-білісіп, үйлерінде қонақта болады. Жалпы, қонақжайлығы өз алдына, халқы, табиғаты ұнап қалғанын айтып, күдікпен келген көңілі жайланып, ойлары 180 градусқа өзгереді.

Ауылға барған соң малдың біразын сатып, балаға Шымкенттен үй әперемін дейді. Бізге: «Шымкентті неге жамандай беретініне аң-таңмын. Жүрттың айтқанының бәрі  өтірік екен. Енді осы жақпен құда болсам деп армандаймын қайта. Баламның теңі болар қыз болса қарай жүріңдер», – дегенді де айтты ағамыз.

Нұрбол ОРЫМБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікірлер   

 
0 #2 aseke 28.04.2017 10:46
шымкенттік қазақтар жоғарғыдай айтқандай өзбекшіленіп кеткен. таза қазақша сөйлемейді.
Дәйек алу
 
 
-1 #1 jumagulow.mail.ru 27.04.2017 05:07
самые настоя районе казахи живут в казалинском районе Кызылординской области, а чимкентцы обузбекались.
Дәйек алу
 

Пікір қалдыру