Ақпарат

Қазақ халқы асыл қасиеттерінен айырылып жатыр

Қаралды: 820

Бүгінде көпшіліктің көкейінде шығынымызға қарай табысымыз да жеткілікті болып жатса жақсы болар еді деген арман бар. 

Өйткені әуелі жұмыс табу қиын, тапсаң, оның айлық жалақысы аз. Амал жоқ, бұған да шүкір деп жұмыс істейміз. Бірақ «Қысқа жіп күрмеуге келмейді» дегендей, ақыр аяғы жоқшылық жағаңнан алып қинайды.

Үйге қонақ келсе зәреміз қалмайтын болды

Бүгінде Оңтүстік өңіріндегі жұмыс орындарының айлық жалақысы негізінен 30 мың мен 60 мың теңгенің арасында. Көбіне осындай болып келеді. Ал әрбір отбасының өз проблемалары бар. Тамақ керек, әртүрлі бұйым керек, той-томалаққа, тағы басқа шараларға шығынданады. Туыстардың жиынына бару керек болып жатады, ондайда, әрине, құры қол бара алмайсың. Сондай-ақ кейде ауырып қалатын, тағы басқа қолайсыз кездер болуы мүмкін.

Одан бөлек, баланы балабақшаға, мектепке беру керек, оған да шығын жұмсалады. Оқуға түсіру, жұмысқа орналастыру қажет.

Коммуналдық қызмет төлемдері тағы бар. Осының бәріне қыруар қаржы керек. Сондықтан бүгінде әсіресе көпбалалы отбасыларға тіпті қиын.

Қазақ қонақжай халық дейміз. Бірақ осындай мың-сан проблемаларың болып, ақша жеткізе алмай жатсаң үйіңе қонақтың келгенін де қаламайды екенсің. Қазір біз қонақтан қашатын болдық. Бұлай кете берсе туыс­тан, достық қарым-қатынастан да қашатын болатын шығармыз. Қазақ болмақ түгілі, еврей, шүршіт, дүнген болудан қалармыз.

Жалпы, әрбір отбасында, елімізде жағдайдың жақсы болуы дәл осы материалдық және моральдық жетістікке байланысты. Дәл осы материалдық, моральдық жетіспеушілік халықты шаршап, ығыр болушылыққа, азып-тозуға, одан әрі қарай қылмысқа жетелеп апарады.

Талтаңдағандардан гөрі қалтаңдағандардың қарасы басым

Жақсы өмір сүруден асып-тасып, жөнсіздік жасайтындар, қарапайым халықтың ақысын жеп, коррупцияға баратындар, әртүрлі құйтырқы жолмен қол жеткізген арам ақшаның арқасында құтырып, тоқшылықты көтере алмай жүргендер бар. «Семіздікті мал ғана көтереді» деген. Алла оларды асып-тасқандары үшін құтыртып, орынсыз шашылдырып-төгілдіріп қояды. Судай келген еңбексіз табыс судай кетеді, оның қайыры жоқ. Дүние болып өмірлікке, келешекке жиналмай, кезі келгенде оңай кететін уақытшалық табыс. Ол – уақытша келер, адамға күнә артушы табыс, себебі ол – басқаларға зиян келтіруші табыс. Дүние өмір бойы бірқалыпты тұрмайды. «Көзе мың күнде сынбайды, бір күнде сынады» деген бар. Жөнсіз асып-тасудың да соңы жақсылыққа апармас.

Бүгінде елімізде қағанағы қарық болып, талтаңдап жүргендерден жетіспеушіліктің кесірінен сорлап жүргендер көп. Қазақ әлі кедейліктен құтыл­ған жоқ. Дәл осы кедейліктің кесірінен елімізде қылмыс артып отыр. Қазақ халқы өзінде бар барлық асыл қасиеттерінен айырылып жатыр. Әркім шама-шарқына қарай әрекет жасауға мәжбүр.

Үкіметіміз қажетті сала деп заң саласы мен медицина саласында істейтіндердің жалақысын көбейте береді. Осы салаларға мемлекет бюджетінен миллиондаған ақша бөліп жатады. Ал енді солардың алып жат­қандары аздай, қара халықты жеп жатқан тойымсыздары да өте көп. Әрине, бәрі сондай демеймін, бірақ «Заң мен медицина адамына күнің түссе болды, сорладым дей бер» деп халық арасында бұрыннан айтылатын сөз бүгіндері де өз мәнін жойған жоқ.

Қарапайым халықтың арзымайтын аз жалақысы қай тесікке жамау болсын? Негізі елімізде қай салада болсын адам еңбегі арзанға бағаланады. Ал сол еңбек етуші адам үшін қажеттінің бәрі де қымбат, ол өз еңбегінің рахатын көре алмайды. Өзіңе, отбасыңа бірдеңе алайын десең, бәрі де қымбат. Табысың одан бірнеше есе аз. Неге бұлай?

Кедейшіліктің кесірінен жетім-жесір көбейді

«Тойгершілік – тоқшылықта» деген. Халық тоқ болса елде той көп болады. Қазір, Құдайға шүкір, елімізде тойлар көп болып жатыр. Бірақ солардың жартысы (мүмкін одан да көбі болар) қарыз­ға батумен, көп қиыншылықтармен болып жатады. Жөндеп той, құдайы өткізе алмайтындар да бар.

Ең өкініштісі, кешегі батыр да кемеңгер қазақтың әйелдері де өзгерді. Қарашаш анадай, Домалақ анадай дана аналары, Қыз Жібектей сұлуы, Динадай күйшісі, Мәншүк пен Әлиядай батырлары, Меруерт пен Бибігүлдей өнерлі қыздары болған қазақтың қазіргі кей қыздары жан сұлулықтарын да, тән сұлулықтарын да, ар-намыстарын да ақшаға сатып жүр емес пе?

Кешегі кемеңгер хандардың, ержүрек батырлардың, тілі шешен билердің, даналардың ұрпақтары – ерен ер болар азаматтардың көбі ұры, қалтатесер кісәпір болып, рэкетир, мафия болып, нашақор, баскесер, тонаушы, «жеңгетай» болып, базарларда арба сүйреп, арзымас ақшаға бола өзгелердің құлы болып жүрген жоқ па?

Әрине, осылайша өз елімізде тұрып өзгенің құлы болып жүру, біріншіден, өз айыбымыз. Екіншіден, ол – сол жетіспеушіліктің кесірінен. Бас­қа ұлт өкілдері майлы, жайлы жерлерден өз табыс көздерін сайлап алған. Енді олар төрде, біз табалдырықта тұрмыз. Тек шен-шекпен иеленіп алған аз ғана қазақ дүние жиып, табысты жерлерге ие болып қалғандар ғана тойып секіруде. Ал көпшілік тоңып секіруде.

«Сананы тұрмыс билейді» деген сөз бар. Адамның тұрмысы қандай болмағына, денсаулығына, өмір жасына сол тұрмыс тікелей әсер етеді. Тұрмысың жақсы болса, ер болып, ұзақ жасайсың, ар-намысыңды сақтап, елдің, Отанның алдында адамдық парызыңды өтейсің. Міне, ерің ер болып, сондай мұсылман болып жүрсе дейсің. Әйелдер де, қыздар да сонда шынайы, пәк, таза болып жүреді.

Ал тұрмысы төмен болса, ер-азамат жер болып, ез болып  жүреді, әйел де шерменде болып, қор болып жүреді. Тұрмысың, табысың жақсы болса, адамсың,  тұрмысың төмен болса, әйтеуір бір жүрген жансың.

Осы кедейшіліктің кесірінен бүгінде елімізде жетім-жесір көп. Қазақ өзінің жетімдерін шетелге сатып та қор болып жатыр.

...Міне, осылай екен, ендеше бәрі керемет деп көкірек кере бермей, елдегі кемшіліктерді түзету керек емес пе? Өз кемшілігімізді өзіміз түзетпесек оны сырттан келіп біреу түзеп бере ме?

Өзгелерге күлкі болмауды ойлана­йықшы, серпілейікші, кемшіліктерімізден арылайықшы, ағайын!

Әлібек ТӨРЕБЕК.

«Нұрсәт-3» шағынауданы.

Шымкент қаласы.

Пікірлер   

 
0 #2 қанат 20.04.2017 18:42
жақсы пікір
Дәйек алу
 
 
0 #1 жандос 18.04.2017 18:55
Əлібек, өте жақсы, орынды мақала.
Бұнымен тоқталмай, осы мəселелерді
шешу жолдарына арнап тағы мақала жазсаңыз
тамаша болар еді. (Ой бөліскіңіз келсе
хабарласыңыз )
Дәйек алу
 

Пікір қалдыру