Ұлттық Барлау Қызметі неден сақтандырады?

14.04.2017
Қаралды: 677

Әрбір жыл басында жұлдызшы-жорамалшылардың, футуролог-фантасттардың, сондай-ақ саясаткер-сарапшылардың адамзаттың алдағы болашағы жөніндегі болжамдары жарияланып тұратыны белгілі. 

Осындай болжамдардың бірін таяуда АҚШ-тың Ұлттық Барлау Қызметінің сарапшылары ел Конгресіне арнайы баяндама түрінде жолдапты. Онда алдағы жылдары әлемде орын алуы әбден мүмкін жайлар жөнінде мынадай болжамдар айтылыпты:

«Кризистің «көкесі» енді келеді

Әлемнің жетекші елдері 2008 – 2009-жылдардағы қаржылық дағдарыстан әлі де толық ес жиған жоқ. Қарыз көп, сұраныс аз. Экономикалық өсім тежелген, ол дамыған елдерде әлеуметтік ширығуды тереңдетіп, дамушы елдерде кедейшілікті күшейтеді. Әсіресе бұл бұрынғы кеңестік елдер мен Оңтүстік Африкада айқын көрінеді. Орта таптың кірісі азаяды, алпауыт байлар байыған үстіне байи түседі. Бұл жағдай беделқұмарлардың (попу­листердің) және әсіре ұлтшылдардың әрекетін күшейтеді, түрлі қақтығыстар көбейеді. Мұндай дағдарыстан шығу қай елге болса да оңайға түспейді.

Коррупцияның кесірі шаш-етектен

Бұл кездері Үкіметке қиын болады, ол әлеуметтік теңсіздіктің тереңдеуін тоқтата алмайды, қылмысты тежеу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қиындай түседі. Жетекші елдерді қамтыған коррупцияның,  әділет­сіздіктердің  кесірінен қоғамның билікке деген сенімі азайып, ол түрлі наразылықтардың бой көрсетуіне, мемлекеттік басқарудағы олқылықтар­ға апарып соқтырады. Тіпті тұрмыс жағдайы жоғары адамдардың арасында да билікке сенімсіздік пайда болады. Билікке орта тап пен кедейлердің мәселелерін шешуде елеулі қиындықтардан жол іздеуіне тура келеді.

Жағдайды заңсыздықтарға жол берген басшылар мен саясаткерлерге қатысты жағымсыз ақпараттар да ушықтыра түседі. Олар билікке сенімнің азая түсуіне соқтырады.

«Құлтемірлер» қиындық әкеледі

Технологиялық процестер өмірге көптеген өзгерістер мен жаңа мүмкін­діктер әкеледі, сондай-ақ жаһандық және мемлекет ішіндегі экономикалық жарыста жетістікке жеткендер мен жеңілгендердің арасындағы қайшылықты тереңдете түседі. Әлемдік мықты экономикалар жұмысқа қабілетті тұрғындардың жетіспеушілігінен зардап шегеді, барлық елдерде жоғары санаттағы жұмысшыларды еңбекпен қамтуға қатыс­ты проблемалар көбейеді. Автоматтандыруды, ақпараттық технологияны, жасанды интеллектті, роботтарды көптеп пайдалану және басқа да технология жаңалықтары көптеген жұмыс орындарының қысқаруына, тіпті жойылуына, адамдардың жалақысы мен кірісінің төмендеуіне себеп болады. Ол сондай-ақ кейбір жекелеген адамдардың, топтардың, корпорациялар мен мемле­кет­тердің құқықтары мен мүмкіндіктерін күшейтеді, өз кезегінде бұл еңбек нарығы мен экономикалық дамуды өзгертеді, жаңа әлеуметтік проблемалардың туындауына себепкер болады. Генетикалық жаңалықтар жеке адамның кейбір қабілет-мүмкіндіктерін күшейтуге, ауыр кеселдерден айығуына, жасының ұзаруына, белсенділігінің күшеюіне жол ашады. Мұның бәрі барлық елдерде бірдей емес, дамыған бірқатар елдерде ғана орын алатындықтан оған тек қаржылай мүмкіндігі барлардың ғана қолы жете алатын болады. Өз кезегінде бұл да әлеуметтік қайшылықтардың тереңдеуіне себеп болады.

Босқындардан қауіп көп

2015-жылы халықаралық босқындар саны 310 миллион адамға жетті. Бұл – әлемдегі әр 112 адамның 1-еуі босқын деген сөз. Алдағы 20 жылда экономикалық дамудың теңсіздігі, бітпейтін қақтығыстар, ұлтаралық және дінаралық шиеленістер, экологияның нашарлауы күшейе түсуі салдарынан мигранттар қатары тағы да өседі. Ол демографиялық өзгерістерге, сол ар­қылы жұмысқа қабілеттілік, әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік тұрақтылық мәселелеріне тікелей әсер ететін болады. Азия мен Африкадағы, Латын Америкасы мен Орталық Америкадағы ішкі ахуалы тұрақсыз, зорлық-зомбылығы көп елдердің кедейлері «жақсы өмір» іздеп, босқындар қатарын көбейте түседі.

Ауыз суға талас артады

Әлемдегі климат өзгерістері жалғасады, жаһандық жылыну, суыту, ауа райы құбылыстарының тұрақсыздануы артады. Мұның қай-қайсында болмасын тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету проблемасы тереңдейді, ол экологиялық мәселеден саяси мәселеге ауысып, геосаясаттың негізгі факторына айналады. Өйткені әлем тұрғындарының тең жартысы қазірдің өзінде қалаларда тұрады, ал 2050-жылға қарай әр үш адамның екеуі қалаларда тұратын болады. Аса ірі қалалардың көбі құрлық ішінде емес, теңіз, мұхит жағалауларында, оларды ауыз сумен қамту қиынға соғады. Жалпы, әлемдегі ең дамыған елдердің көп қалаларын ауыз сумен қамтитын қызметтің біраз бөлігі қазірдің өзінде қылмыспен байланысты топтардың ықпалында немесе олармен байланысы бар. Ал қылмыс әлемінің лаңкестікпен байланысы жоқ емес. Бүгінде Еуроодақтың көп елдерінде қалаларды сумен қамтамасыз ететін мекемелерде мигранттар көп, олар радикалдық топтардың ықпалына бейім. Бұл да өз кезегінде қатерді күшейте түседі.

Жаппай тәртіпсіздіктер бесжылдығы басталады

Мұның бәрі АҚШ-тың Ұлттық Барлау Қызметінің Конгреске ұсынған баяндамасының бір бөлігі ғана екен. Жалпы алғанда, онда әлемнің жақын болашақтағы болуы мүмкін, оны басқаруды, болжауды қиындата түсетін өзгерістері, беталыс, үрдістері  туралы айтылған. Әлемдегі технологиялық дамуға қарама-қарсы миллиондаған адамдардың санасының, мінез-құлқының өткен дәуірлер­дегі қоғамға еліктеу әсерінен өзгеруі де тереңдей түседі. Ішкі саяси биліктің әлсіреуі, элиталар арасындағы жіктелудің тереңдеуі, тұрғындардың саяси тапқа наразылығымен қоса лаңкестік күштер­дің, қылмыстық ұйымдардың, бүлдіргіш шағын топтардың әрекеті да арта түседі. Қысқасы, халықаралық  қауіпсіз­дікке зия­нын тигізетін құбылыстар түрлі бағытта күшейеді. Алдағы 5 жыл бүкіл әлемдік жүйені қамтыған қарбалас-шиеленістерге толы жылдар ретінде тарихқа енуі мүмкін».

...Жалпы, АҚШ барлаушыларының бұл баяндамасы ел саясаткерлеріне таяу жылдарда болуы мүмкін қауіп-қатерлердің алдын-алуға қажетті шаралар жасауы үшін ұсынылып отыр екен. Ал мұның өзге елдер үшін де маңызы жоқ емес. Әлемнің ең алдыңғы қатарлы мемлекетін толғандырып отырған жайлар кімді де болса ойландырары сөзсіз. Болуы мүмкін мұндай қауіп-қатерлердің алдын алуға қажетті шараларды ойластырып, іске асыру бізге де керек қой.

Дайындаған – Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!