Ақпарат

Қарызға той жасайтындар қалай қорықпайды?

Қаралды: 531

«Тапқаның тойға шашылсын» дейтін қазақпыз ғой. Дегенмен әркімнің көрпесіне қарай көсілгені дұрыс-ау.  

Бірақ біз осылай дегенімізбен шамасына қарап жатқан ешкім жоқ, тек жұрттан қалмау жағын ғана ойлайды. Тойда шашылу бәсекелестікке айналып бара ма, қалай? 

Жақында жекжаттарымыздың бірі қызын ұзатып, той жасады. Несін айтасыз, сән-салтанаты келіскен керемет той болды. Құда-құдағилар да, тойға жиыл­ған ағайын-туыс, дос-жаранның бәрі риза. Біз көрмеген, көрмек түгілі естімеген нәрселер көп екен.

Мәселен, «Лав стори» деген бар екен. Жас жұбайлар той алдында бірге қыдырып, қаланың көрікті жерлерінде суретке түсіп, одан фотосессия жасап, оны үлкен экранда көрсетеді. Біздің ұзатылатын қызға ата-анасы: «Ондай бәлеңді айтпа, оны ұзату тойында емес, ертең барған жеріңде өтетін үйлену тойында істей­сіңдер», – десе, қыздары тыңдамапты. Сөйтіп «Риксос Хадишаға», тағы да басқа қаланың көрнекті жерлеріне барып, әбден суретке түсіпті. Оның құны 40 мың теңге болған. Тойханадағы «кран камера» мен «лэд экранға» 80 мың теңге төлепті. Бұған дейін біз оларды тойхананың өзінікі шығар деп ойлап жүргенбіз.

Жекжатымыздың әйелі мақтанғаны ма, тойға кеткен шығынды тізбектеп айтып бергенде жағамызды ұстадық. Айтуынша, қызының тойға киетін көйлегіне 65  мың теңге, ал өзі мен күйеуінің киіміне 150 мың теңге, той сценарийін жаздыртуға 20 мың теңге, бишілерге 25 мың теңге, залды әрлеуіне 20 мың теңге,  тойхананың қонақтар отыратын әр үстеліне 3 мың теңгеден төлеген. Әрине, бұл ең арзан тойханадағы жағдай ғой. Дастарханға қоятын арақ-шарап, ет пен тәтті-пәттілерінен бөлек шығын бұл.

Айтуға да ұят, бірақ құдалары қалыңмалға 500 мың теңге әкеліпті, ал бұлар одан үш-төрт есе көп шығындалғанын айтады. Өзгесін айтпағанда қызының артынан апаратын жатын бөлме жиһазы 350 мың теңге, «норка» шубасы 300 мың теңге болыпты. Қызы онымен де шектелмепті, түлкі терісінен тігілген желетке, пальто, құндыз қалпақ алдыртқан. Шынын айтсам, олардың бағасын есімде  сақтай алмадым.

Жекжатымыздың бұл қызынан кейін әлі бес баласы бар. Бәрі жетіліп тұр. Оның бәріне де осындай той жасап бере ме екен? Оған қаражатты қайдан табады? Мен осылай десем, бір жеңгеміз: «Сол да сөз болып па? Базарда таныстарың болса, той өткесін берем деп қарыз­ға ала саласың ғой бәрін», – дейді.

Сонда бұл жұрт қарызданып-қауғаланып той өткізуден қорықпайтын болғаны ма? Ал егер тойға өзіңіз күткендей қаржы түспесе ше? Ол кезде не болады?

Дүрия СӘМЕТҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру