Ақпарат

Алдағы ауа райы қандай болады?

Қаралды: 617

Сәуір айының алғашқы күндері салқын болды, облысымыздың кей аумақтарында қар жауды. Ал алдағы күндерде ауа райы қандай болады? 

Жұрттың көкейінде жүрген осы сұрақты біз «Қазгидромет» РМК Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Махамбет Жазықбаевқа (суретте) қойдық.

«Сәуірдің алғашқы күндерінде суық түсуі елімізге солтүстіктен енген суық ауа ағынының әсерінен болды, – дейді Махамбет Палыбекұлы. – Бұл күндері Қаратау өңіріндегі Ащысай кентінде, Созақ ауданының Тасты, Созақ ауылдарында 5 – 7 сантиметр аралығында қар жауды. Төлеби ауданындағы «Шуылдақ» станциясына да 5 сантиметр қар түсті. Болжам бо­йынша сәуірдің бас жағында түн біршама суытуы мүмкін, тіпті өткінші жаңбыр күтіледі. Кейін күн біртіндеп жылына бастайды. Екінші және үшінші онкүндіктің бірер күндерінде де жаңбыр жауады деп болжанып отыр».

Жалпы, Оңтүстікте сәуір айында болатын ауа райы құбылыстарына байланысты «Қазгидрометтің» берген ұзақмерзімдік болжамдары мынадай екен:

Ауаның орташа айлық температурасы 12 – 16 градус жылылық арасында болады.

Айдың бірінші онкүндігінде ауаның температурасы түнде 1 – 6 градус жылы, кей жерлерде 4 градусқа дейін аяз болуы мүмкін. Кейін ауа біртіндеп жылынып, температура кей жерлерде 16 – 22 градус аралығында болады, кей жерлерде 32 градусқа дейін көтеріледі.

Екінші онкүндіктің бірінші жартысында ауа температурасы түнде 17 – 22 градус жылыдан 5 – 10 градус жылыға дейін, күндіз 17 – 22 градус жылыдан (кей жерлерде 32 градус жылыдан) 10 – 15 градус жылыға дейін төмендейді. Кейін қайтадан жылынып, ауа температурасы біршама көтеріледі.

Үшінші онкүндіктің бірінші жартысында ауаның температурасы түнде 12 – 17 градустан 7 – 12 градусқа дейін, күндіз 22 – 27 градустан (кей жерлерде 32 градустан) 12 – 17 градусқа дейін төмендейді. Ай соңына қарай 19 – 24 градусқа, кей жерлерде 29 градусқа дейін көтеріледі.

Бұл айда жауын-шашын мөлшері облысымызда қалыпты мөлшер шамасында болмақ, ылғал тек таулы аудандарда мөлшерден біршама жоғары болады.

Бірінші онкүндіктің басында кей жерлерде жауын-шашын, көктайғақ болады, екінші онкүндіктің ортасында және үшінші онкүндікте өткінші жаңбыр күтіледі. Екінші онкүндіктің басында кей жерлерде шаңды дауыл болуы ықтимал. Үшінші онкүндіктің ортасында кей жерлерде найзағай ойнауы мүмкін.

Бірінші онкүндіктің басында және үшінші онкүндіктің ортасында кей жерлерде батыстан жел көтеріліп, күші секундына 15 – 20 метрге дейін жетеді. Екінші онкүндіктің басында оңтүстік-батыстан соққан жел солтүстік-шығысқа қарай ойысып, оның күші 15 – 20 метр-секундқа жетеді.

...Қысқасы, сәуірдің ауа райы әлі де біраз құбылатын сияқты. Әсіресе шаруашылық жұмыстарымен айналысарда мұны есте ұстай жүрген дұрыс шығар.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру